Жаһанда экономикалық, әскери және саяси қос супергигант бар. Әлемдік архи­тек­тони­кадағы іргелі өзгерістер де соларға байланысты. Әңгіме әрине, АҚШ пен Қытай жайында. Бүгінде Шың елі дүниежүзілік саясаттағы орнын бекемдеп жатыр.
Сиань сапары серіктестікке серпін сыйлайды
1,745
оқылды

ҚХР бейбіт дамуға оралуы үшін Киев пен Мәскеуді бітістіруге білек сыбана кірісті. Бейжің сондай-ақ Ауғанстанды «Белдеу мен жол» бастамасына қосу жөнінде тәліптермен келісті. Қа­зақстан болса, Батыс пен Шығыстың қос алыбымен ын­тымақтастығын өрістету үстінде.

Бұл ретте Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев­тың 17-19 мамырдағы Қытай Ха­лық Респуб­ликасына мемлекеттік сапары және «Ор­талық Азия + Қытай» (C+C5) саммитіне қа­тысуы ха­лықаралық қоғамдастықтың үлкен қы­зығу­шылығын туғызып отыр. Себебі сарап­шы­лар­дың байламынша, Астана бүкіл аймақтың көш­басшысы саналады, ал оның Президенті Қ.Тоқаев Орталық Азиядағы геосаясат пен гео­э­ко­номиканың тренд-үрдістерін қалып­тастырады.

Басқаны айтпағанның өзінде, егер Қазақстан бас­шылығының табанының бүрі болмай, тай­ға­нақтай жөнелгенде, яғни Беларусь сияқты ТМД кеңіс­­тігіндегі ең ірі соғыста Ресейдің ығына жы­ғы­­лып, дегеніне көніп, қаруымен көмектескенде, елі­­міз алапат санкциялардың астында қалатын еді. Мұның зардабын бүкіл Орталық Азия (ОА), тіп­ті Қытай тартатын еді. Себебі ҚХР-дың әлем­мен тауар айналымының үлкен бөлігі Қазақстан ар­қылы өтеді.

Аймақтың жаңа тынысы 

Сианьдағы алдағы саммитте ҚХР Қазақстан, Өзбекстан, Қыр­ғыз Республикасы, Тәжікстан және Түрікменстан президенттерін қабылдайды. Бірақ халықаралық ақпарат агенттіктері болашақта бұл құрылтайларға Ауғанстан қосылуы мүмкін деп болжады. Гео­саясат және тарихи тамырластық тұрғысынан ауған елі Орталық Азия аймағына жатады. 

Осы орайда елдің жаңа билігі Ауғанстанды «Бір белдеу, бір жол» бастамасына енгізу туралы Қытай және Пәкістанмен уағда­лас­тыққа келді. Нақтыласақ, со­ғыс­тан көз ашпаған бұл ел белдеу аясында жобаларының жалпы құны 60 миллиард долларға жететін Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізіне қосылады. Бұл туралы Bloomberg хабарлады. Билігін тә­ліптер басып алған Ауғанстан бү­гінде БҰҰ мен АҚШ-тың санк­циялық қыспағын­да тұр. Ал мем­лекет ретінде даму әрі халқының әл-ауқатын көтеру үшін Ауған елі миллиардтаған ин­вес­тицияға зәру. Ол қаржыны ­бел­деудің ин­фрақұрылымдық жо­­ба­лары ая­сында Қытай мен Пә­кістан ұсына алады. 

Биылғы 6 мамырда ҚХР СІМ басшысы Цинь Ган Исламбадта Пәкістанның Сыртқы істер ми­нистрі Билавал Бхутто Зардаримен кездесті. Жүздесуге Ауғанстан СІМ басшысы Амир Хан Муттаки қа­тысқан. Олар Ауғанстанды қал­пы­на келтіру бағытында бірлесе жұ­мыс істеу жөнінде келісімге келді. Бейжің Ауғанстанда табиғи ре­сустарды өндіріп жатыр, тәліптер Қытайдың бұл салаға да инвести­цияларын арттыруын қалады. Биылғы қаңтарда ауған Үкіметі шың елінің Xinjiang Central Asia Petroleum and Gas компаниясымен контракт бекітті. Мәміле елдің сол­түстігінде, Әмудария өзенінде мұнай өндіруді қарастырады.

Биыл онжылдық белесіне шық­қан «Бір белдеу, бір жол» (BRI) бастамасын ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин 2013 жылғы қыр­күйекте Астанада жариялаған болатын. Бүгінде оған төрткүл дү­ниедегі жалпы саны 4,4 млрд адам тұратын 148 ел кіріп, тиісті құжаттарға қол қойды. Жаңа сауда жолдарын, көлік және экономи­калық дәліздерді құрып, оларды заманауи инфрақұрылыммен толық жабдықтап, сол арқылы та­уар айналымды еселеп арттыруды көздейтін бұл концепция Азия, Еуропа, Африка елдері қатарлы Орталық Азияны да қамтиды. Бұл ретте BRI құрлықтық бағыты біз­дің аймақ арқылы өтеді. 

ОА елдері іргедегі ауған жұр­тының қақтығыс ошағы болуын қойғанын, бейбіт әрі бақуатты ел болғанын қалайды. Демек, ертеңгі саммитте Ауғанстан тақырыбы да талқылауға тамызық болады деп күтілуде.

Жалпы, сарапшылардың па­йымдауынша, қазіргі кезеңде Қы­тай мен Орталық Азияның қаты­настары жаңа дәуірге аяқ басты. Бұрын оған Мәскеу кедергі жасап келген. Енді ол Украинадан оңбай таяқ жеп, байтал түгіл бас қайғы күйге түсті.

Нәтижесінде, 2022 жылдан бері Бейжің барлық орталықазиялық республикалар басшыларымен тұрақты әрі тығыз байланыс түзді. Былтырғы қаңтарда ҚХР лидері ОА елдері президенттерімен он­лайн форматта «Орталық Азия + Қытай» саммитін өткізді. Ақпан айында осы көшбасшылардың барлығы Бейжіңдегі қысқы Олим­пиаданың ашылу салтанатын бірге тамашалап, соңынан бейресми сұхбаттасты. Былтыр қыр­кү­йекте барлығы өзбектің Самар­қанында Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммитіне жиналды. 2023 жылғы мамырда «Орталық Азия + Қытай» саммиті онлайн өтті. Бұлардан бөлек, мемлекет басшылары телефон арқылы сөй­лесіп тұрады. 

Осыдан-ақ C+C5 форма­тын­дағы ынтымақтастық қарқынды өрістеп келе жатқанын аңғаруға болады. 

Қытай халықаралық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Ю Сяошуанның айтуынша, C+C5 – ҚХР-дың континент орталығын мекен еткен елдермен ынтымақ­тастығын кеңейту үшін құрылған жаңа тетік. Ол 2020 жылы іске қосылды. Содан бері жиындары онлайн ұйымдастырылды. Енді алғаш рет 6 елдің саммиті 18-19 мамырда жүзбе-жүз, оффлайн өтпек. Саммит үшін Қытайдың солтүстік-батысындағы 3100 жыл­дық тарихы бар Сианьның таңда­луы бекер емес екен.

«Дәл осы қаланың Орталық Азия арқылы Батысқа өткен ба­йырғы алып керуен жолының бас­тау нүктесі болғаны дәлелденді. Өткен айда Сианьда ҚХР мен ОА елдерінің сыртқы істер министр­лерінің саммиті болды. Сонда мемлекеттер «Белдеу мен жол» (BRI) аясындағы ынтымақтас­тықты кеңейтуге, тасымал жолы­ның қауіпсіздігі мен қолайлылығын қамтамасыз етуге уағдаласты. BRI бастамасы Қытай мен орталық­азиялық елдерді бұрынғыдан ты­ғыз жақындатты. Оны ұтымды жүзеге асырса, оның бойындағы әрбір елдің табысы артады. Оны­мен тасылатын өнімдерді ОА ел­дері де кең тұтынады. Бұл тұрғыдан алғанда алдағы C+C5 саммиті ын­тымақтастықты және достықты жаңа деңгейге шығарудың бағда­рын түзеді», – деген болжам айтты қытайлық ғалым.

Саммит қарсаңында Сиань – Орталық Азия теміржол маршруты іске қосылды. Сианнан Орталық Азияға жол тартатын теміржолмен аттанған алғашқы жүк пойызына қытайлық 260 электромобиль тиелді. Пойыз Ташкентке дейінгі жолды 12 күнде жүріп өтеді. 

Әуелі экономика 

Қазақстанды экономикалық ынтымақтастық жайы көбірек қы­зықтырса керек. Ауыл шаруашы­лығы министрі Ербол Қарашө­кеевтің айтуынша, еліміз мысалы, ҚХР-ға астық экспортын жылына 1 миллион тоннадан асыруға ниет­ті. Осы мақсатта саммит қар­са­ңында қазақстандық делегация қытайлық COFCO және CITIC Group компанияларының бас­шы­лығымен келіссөздер жүргізді. Ми­нистр қытай тарапын Қазақ­станның астықтың едәуір қорына ие екеніне және отандық компа­ниялар экспорт үшін астықтың қажетті көлемі мен сапасын қам­тамасыз ете алатынына сендірді. Егер логистикада мәселе туындаса АШМ оларды жедел шешуге кө­мектесуге дайын. Алашанькоу және Қорғас шекаралас қалала­рында тәулігіне 10 мың тоннаға дейін астық жүктерін қабылдай алатын терминалдар бар. 

Сондай-ақ Е.Қарашөкеев қа­зақстандық кәсіпорындар мұзда­тылған сиыр, қой және шошқа етінің экспортына ҚХР-дың те­зірек қайтадан жол ашуын күтіп отырғанын атап өтті. Сонымен қатар отандық зауыттар көршіге салқындатылған ет және балық өнім­дері, құс еті, жұмыртқа және басқа да тауар түрлерін жеткізуге кірісуге дайын. Бүгінде АШМ экспортқа жол ашуы үшін отандық ет комбинаттарын аккредиттеу бойынша ҚХР-мен келісуге күш салуда. Әзірге шығыс көрші тек 4 қазақстандық кәсіпорынға тиісті рұқсат берді. Тағы 13 компаниямыз рұқсат алудан үмітті. Негізі, был­тырғы 2022 жылы Қазақстанда 1,06 миллион тонна ет өндіріліпті. Экс­порттың негізгі үлесі Өзбек­станға, БАӘ мен Кувейтке бағытталды. 

Назар аударарлық жайт, Қа­зақстан мен Қытайдың сауда-саттығының 40 пайыздан астамы Шыңжаңға тиесілі: 2022 жылдың қорытындысында өзара алыс-беріс 382 млн долларды құрады. Енді Қазақстан мен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы арасындағы тауарайналым үш есе артып, 1 млрд долларға жетуі мүм­кін. Тиісті келісімге Ауыл шаруа­шылығы министрі Ербол Қара­шөкеев пен ШҰАА ҚКП партко­мының хатшысы Ма Синжуйдің кездесуінде қол жеткізілді. Себебі, Шыңжаң бізден көбіне ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алады. Жоғарыда аталған ет, жұ­мыртқа сияқты өнімдер сыртында, ШҰАА-ға жеткізілетін тауарлар тізіміне бұршақ дақылдары, майлы дақылдардың күнжарасы қосылуы мүмкін. 

Бірақ экспорттық әлеуетті арттыру үшін Қытай тарапы өзі енгізген ветеринарлық шектеу­лерін алып тастауы тиіс. Қазақстан болса, Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының сарапта­малық миссиясының оң қорытын­дысын алды. Ендігі жүріс ҚХР тарапында. Демек, министр Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, эко­номикалық ынтымақтастықты жаңа белеске көтеру туралы сөздері шынға айналуы үшін Қытай жағы қазақстандық өнімдерге қойған кедергілерін жойғаны, негізсіз ветеринариялық және фитоса­нитариялық талаптарын жұмсарт­қаны жөн. Тараптар АӨК саласын­дағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері жөніндегі жұмыс тобын құруға келісті. Соның аясында бар­лық басым бағыт бойынша өзара іс-қимыл үйлестіріліп, өзара саудадағы кедергілер алынатын болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сиань қаласында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен жеке келіссөз жүргізеді. Кездесу ба­рысында екі ел арасындағы стра­тегиялық серіктестікті одан ары нығайту, сауда және экономика, инвестиция, көлік-логистика, энер­гетика салаларындағы ынты­мақтастықты кеңейту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байла­ныс­тарды тереңдету мәселелері қа­растырылады.

Сондай-ақ Президент Қытай­дың ірі компанияларының бас­шыларымен оңаша кездеседі деп жоспарланып отыр.

Қазақстан мен ҚХР арасын­дағы өзара сауда 2022 жылы 24,1 млрд долларға жетті. Бұл тарихи рекорд саналады. Тауарайналым 2021 жылмен салыстырғанда 34,1 пайызы артты. Яғни, қарқыны ға­ламат. Бір ғажабы, қазақ елінің көр­шісіне сатқаны одан тасығаны­нан көп: Қазақстаннан шың еліне экспорт бір жылда 34,7 пайызға ұлғайып, 13,2 миллиард доллардан асты. Ал Қытайдан импорт 33,5 па­­йызға өсіп, 11 млрд долларды құрады.

Елдос СЕНБАЙ