Президенттің келісімі негізінде Бас прокурордың бұйрығымен екі облыстың прокуроры тағайындалды.
Екі облыстың прокуроры ауысты
1,564
оқылды

Қазақстан Президентінің келісімі негізінде Бас прокурордың 2023 жылғы 15 мамырдағы бұйрығымен аға әділет кеңесшісі Мұрат Әжінұрұлы Тлеубердиев Түркістан облысының прокуроры лауазымына тағайындалды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.  

Мұрат Тлеубердиев 1973 жылы 20 қарашада Алматы облысының Қаскелең ауданында дүниеге келген.

Еңбек жолын 1999 жылы Алматы қаласы Бостандық ауданы прокурорының көмекшісі болып бастаған.

 

Әр жылдары басшылық лауазымдарда қызмет еткен.

Алматы қаласы Алмалы ауданы прокуратурасының бөлім бастығы, қала прокуратурасының басқарма бастығының орынбасары, басқарма бастығы, Әуезов және Алмалы ауданының прокуроры, Алматы қаласы прокурорының орынбасары қызметтерін атқарған.

Тағайындалғанға дейін Бас прокуратураның Кадрларды дамыту департаментін басқарды.

Заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі үшін II дәрежелі «Айбын» орденімен наградталған. Прокуратураның құрметті қызметкері.

Сонымен қатар Бас прокурордың 2023 жылғы 15 мамырдағы бұйрығымен 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Қайрат Әлиханұлы Әбдіханов Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры лауазымына тағайындалды.

Қайрат Әбдіханов 1972 жылы 16 мамырда Алматы облысының Талғар ауданында дүниеге келген.

 

Еңбек жолын 1996 жылы Алматы облысы Талғар ауданы прокурорының көмекшісі болып бастаған.

Әр жылдары бірқатар жауапты басшылық лауазымда қызмет еткен.

Оның ішінде  Алматы қаласы Алмалы ауданы прокурорының орынбасары, Жамбыл ауданының, Талдықорған қаласының прокуроры, Атырау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары (қазіргі Түркістан облысы – ред.) прокурорының орынбасары, Алматы облысы прокурорының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған.

Тағайындалғанға дейін Павлодар облысының прокуроры лауазымында болды.

Заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі үшін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталған. Прокуратураның Құрметті қызметкері.