2022 жылы елімізде электрлі самокаттардың қатысуымен 41 оқыс оқиға болған.
Электрлі самокат жүргізушілеріне заңмен талап қою қаншалықты қажет?
1,398
оқылды

10 мамыр күні Мәжілісте электрлі самокат жүргізушілеріне қатысты жаңа заң жобасы қабылданды. Енді оны Сенат бекітетін болса, электрлі самокатты тізгіндеу үшін жүргізуші куәлігі қажет болады. Заң жобасына сәйкес, пайдаланушыларға тротуарда сағатына 6 километрден аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етілмек.

Кейінгі 2-3 жылда электрлі самокатты қолдану еліміздегі қала тұрғындары арасында, әсіресе  мегаполистерде кеңінен таралды. Сәйкесінше,  жаяу жүргіншілер тарапынан самокат қолданушыларына деген наразылық та көбейген. 

ҚР ІІМ ұсынған ресми дерек бойынша, 2022 жылы елімізде электрлі самокаттардың қатысуымен 41 оқиға болып, бір адам көз жұмған. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, 2022 жылы автокөліктердің қатысуымен 15 мыңға жуық жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 2 425 адам қаза тапқан.

Бұған дейін Қазақстанда электрлі самокатты жүргізу тәртібі заңмен реттелмеген болатын. 2022 жылдың шілдесінде 3769-2022 «Электрлі самокат. Техникалық талаптар» Ұлттық стандарты іске қосылды. Осы стандарттың негізінде электрлі самокаттардың классификациясы белгіленіп, оларға қойылатын техникалық талаптар анықталды. 

Ал Мәжілісте қабылданған жаңа заң жобасында электрлі самокатты жүргізу кезінде мынадай әрекеттерге тыйым салынған: 

  • Электрлі самокатпен жолаушы мен жүк тасымалдауға;
  • Кез келген санаттағы жүргізуші куәлігінсіз электрлі самокатты айдауға;
  • Жаяу жүргіншілер жолағы мен жол қиылыстарынан самокатпен өтуге (жүргізуші самокаттан түсіп, жаяу өтуі керек);
  • Тротуарда жылдамдықты 6 км/сағ асыруға;
  • Жол жиегінде шлемсіз және қараңғыда жарық шағылыстыратын киімсіз жүруге; 
  • Жол жиегімен жүргенде самокатты жүргізу жылдамдығына шектеу жоқ.

«Кейінгі жылдары көшеде жаңа көлік құралдарының, яғни электр самокаттардың, гироскутерлер мен монодөңгелектердің пайда болғанын көріп жүрміз. Бізге азаматтардан жаңа көлік құралдарының жүрісін реттеу мәселелері бойынша өтініштер үнемі түсіп жатады. Бұл, әсіресе  мегаполистерге қатысты. Электр самокаттардың жолдармен және тротуарлармен жүруі жаяу жүргіншілер мен жүргізушілерге қауіп төндіруде. Заң жобасы екі жыл бұрын әзірленген. Алайда электр самокаттарға қатысты техникалық регламент тек 2022 (екі мың жиырма екінші) жылдың шілдесінде қабылданды», деп атап өткен болатын Мәжілісте «AMANAT» фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева.

Бастапқыда заң шығарушылар тротуарда самокатпен жүруге тыйым салмақ болған. Осы тұста Urbanforum Kazakhstan қоғамдық қоры осы шешімге қарсылығын білдірді. Қор сарапшыларының айтуынша, мұндай бастама жол-көлік оқиғаларының өсуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Мұның себебін Қазақстанда электрлі самокат пен велосипед қозғалысы үшін қауіпсіз инфрақұрылымның жоқтығымен түсіндіреді. 

«Мәселенің шешімі ретінде елді мекендерде көліктің жүру жылдамдығын 30 км/сағ дейін төмендетуге, қоғамдық көлік инфрақұрылымын дамытудағы кедергілерді жоюға және веложолдарды жобалау бойынша ұлттық стандартты әзірлеуді ұсынамыз. Тек осы аталғандар орындалған жағдайда ғана тротуарда самокатпен  жүруге тыйым салуға болады,  деп түсіндірді Urbanforum Kazakhstan-ның көліктік жоспарлау жөніндегі маманы Роман Барабанов.

Роман Барабановтың пікірінше, депутаттар заң жобасын қабылдамас бұрын сала мамандарымен және сарапшылармен тиісті деңгейде талқылау жүргізбеген.

Осылайша, қазір жаңа заң жобасы қоғамда қарама-қайшы пікір тудырып жатыр. Бастаманы қолдайтындардың да, оған қарсы шыққандар да көп.

Жалпы айтқанда, әзірге әлем елдерінің ешқайсысында электрлі самокат жүргізуді реттеудің бірыңғай тәсілі жоқ. Алайда бұл мәселені шешуге қатысты шетелдік мамандардың пікірі бір жерден шығады. Олар қоғамдық көлік пен велосипед инфрақұрылымын дамытуды және жол-көлік оқиғасы жеңіл көліктердің қатысуымен жиі болатындықтан, соларды негізгі бақылауға алуды ұсынады.