Түркістан облысында кек қайтармақ болған тұрғын қарсыластарын көлікпен соқты. Жүргізуші қамауға алынды.
Әлеуметтік желіде Мақтаарал ауданының орталығында болған төбелестің видеосы тарады. Онда қоғамдық орында екі адамның бір-бірімен ерегесіп, ал соңында кек қайтармақ болған жас жігіт қарсыластарын көлікпен соққаны түсіп қалған.
Мақтаарал аудандық полиция бөліміне ауруханадан дене жарақаты бар ер адам жеткізілгені туралы хабарлама түседі. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шықты.
«Анықталғандай, 13 мамыр күні сағат 21:30 шамасында Мырзакенттегі орталық алаңда екі тұрғын арасында жанжал болып, соңы төбелеске ұласқан. Нәтижесінде олардың бірі өзінің «Mercedes-Benz» көлігімен екіншісін соққан. Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 106-бабы 2-бөлігі «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» мен ҚР ҚК-нің 293-бөлігі «Бұзақылық» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қасақана шабуыл жасаған күдікті қамауға алынды. Сонымен қатар, оқиға орнында болған аудандық мәслихаттың депутаты жанжалдасушыларды ажыратуға тырысқаны анықталды. Тергеу барысы Түркістан облысы ПД бастығының бақылауында», – делінген полиция бөлімі таратқан ақпаратта.