Кәсіпкердің жазған өтініштерінің бәрі жауапсыз қалған.
Амалы таусылған кәсіпкер «AMANAT»-тан көмек сұрады
777
оқылды

«AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы аясында Маңғыстау облысының тұрғындарына құқықтық мәселелер бойынша түрлі кеңес берілді.

Партияның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Азамат Біржанов, партияның Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Мұханбет Жайлыбаев, партия филиалының заңгері Алтынгүл Қарабекова, облыстық мәслихаттың депутаты Абзал Марат, облыстық заңгерлер палатасының заңгері Мейірбек Жумин Ақтау қаласында азаматтарды қабылдады.

Облыс орталығында өткен осы іс-шарада сотта, қылмысты қудалау органдарында және тағы басқа жағдайда азаматтарға өкілеттік етуге, арыз-талап толтыруға, өзін қорғауға көмек көрсетілді.

Мәселен, Түпқараған ауданы Баутино ауылында кеме жөндеумен айналысатын Caspian Lads Broker ЖШС директоры Александр Миншенин партиялықтардан құқықтық көмек көрсетуді сұрады. Ол биыл ақпанда ұзақ мерзімді жобаны жүзеге асыру үшін «Галактика-Аташ» ЖШС-ның жеке меншігіндегі жер учаскесін сатып алады. Алайда жер сатып алынған соң компанияға себепсіз қысым көрсетіле бастады. Өкінішке қарай, компанияның заңды мүддесін қамтамасыз етуді өтініп, құзырлы органдарға жолдаған өтініш хаттардың бәрі жауапсыз қалды. Сөйтіп, амалы құрыған компания басшысы аманаттықтарға жүгінді.

Сондай-ақ, қабылдауға келген азаматтардың бірі өзіне тиесілі орынжайды қайтаруға көмек сұраса, тағы бір тұрғын кепілде тұрған көлігін шешіп беру жөнінде өтініш білдірді. Өз кезегінде, құқықтық кеңес алған Ирина Гончарова аманаттықтарға алғысын жеткізіп, партия филиалының заңгері Алтынгүл Қарабекова ризашылығын білдірді.

Бұған қоса, заңгерлер аудан орталықтарын да аралады. Олар жергілікті жерде азаматтарға құқықтық көмек көрсетіп, ауыл тұрғындарының мәселелерін тыңдады.