Ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты азайтуда NIS әдістемесі нәтиже бере бастады. Бұл туралы «Назарбаев зият­керлік мектептері» дербес білім беру ұйымы­ның басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин айтты.
Ауыл мектебін алға сүйрейді
1,188
оқылды

2020 жылы ауыл мектептерін дамытуға бағыт­талған NIS жобасы алдағы үш жылда «Қазақстан халқына» және Білім беруді тұрақты дамыту қор­ларының қолдауымен 191 білім ошағын қамтиды. Зияткерлік мектептер тарапынан мұғалімдерге жүйелі әдістемелік көмек көрсету, кәсіби қажеттілік­тері мен оқыту жетістіктерін анықтау мақсатында мониторинг жүргізу, мектепте қолайлы орта құру және жаңа оқу құралдарымен толық жабдықтау жүзеге асуда.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес зияткерлік мектептер жалпы білім беретін мектеп­термен бірлесе отырып қала мен ауыл білімі арасын­да­ғы айырмашылықты азайтуға негізделген маңыз­ды стратегияны жүзеге асыруда. Ауыл мектеп­терін­дегі білім сапасының өзектілігі Назарбаев зияткерлік мектептерінің 2020 жылы ауыл мектептерін қолдау бойынша жобаларын бастауына негіз болды, – деді Әнуар Жанғозин.

«Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасы аясында Назарбаев зият­керлік мектептері 3 негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді. Бірінші бағыт мектептің қазіргі жағдайы мен негізгі процестерін толық диагностикалау мен зерттеуді қамтыса, екінші бағыт әр мектептің анық­талған проблемалары негізінде толық әдістемелік қолдау көрсету. Ал үшінші бағыт мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңартуға не­гізделген.

Сонымен бірге басқарма төрағасы Әнуар Жан­ғозин NIS әзірлеген әдістемемен оқып жатқан 17 ауылдық мектеп оқушыларының үлгерімі жақсара түскенін жеткізді:

– Жоба бір жылдан аз уақытқа созылғанына қарамастан, біз оның тиімділігін қазірден көріп отырмыз. Пәндік білімнің шығу мониторингінің қорытындысы бойынша 4-сынып оқушылары математика және қазақ тілі пәндерінен үлгерімдері жақсарды. Ал 8-сынып оқушылары 9 пәннің 7-еуі­нен оң динамиканың бар екен көрсетеді. Бұл – ха­лық­аралық стандарттарға сәйкес жүргізілген зерт­теулердің нәтижелері. Біз осы бағытта мектептермен жұмысты жалғастырамыз, – дейді Ә.Жанғозин.

Сондай-ақ ауыл оқушылары қалада оқитын қатар­ластарынан қалмай робототехника олимпиада­ларына, пәндік сайыстарға, спорттық жарыстарға қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Биыл­ғы NIS-тің дәстүрлі Наурыз кездесулерінде 13 ауыл оқушысы 3D биопринтинг, ақылды протездер және биоинтерфейс саласындағы ғылыми жобаларын ұсынған.