Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауында білім беру сапасын арттыруға баса назар аударып келеді. Бұл мақсатқа біліктілігі жоғары мұғалімдерді даярлау жүйесін енгізу арқылы ғана қол жеткізуге болады.
Педагогикалық сыныптың пайдасы көп
1,928
оқылды

Осы орайда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде оқу орнының ректоры Дархан Биляловтың авторлығымен «Педагогикалық сынып» жобасы ұйымдастырылды. Жоба оқушыларды педагогикалық мамандыққа ерте бейімдеуді мақсат етеді. 

Жасыратыны жоқ, мектеп түлектері арасында әлі де гранттың көп болуын басты фактор санап, педагогикалық ма­мандықты таңдайтындар бар. Сал­дарынан қазір мектептерде «кездейсоқ» мұға­лімдердің қатары көбейді. 

Салада қордаланған мәселелерді шешу тетігін еліміздегі педагогика ғы­лымының қара шаңырағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ұсынды. Оның авторы – университет ректоры Дархан Билялов. «Педагогикалық сынып» деп аталатын пилоттық жоба Абай атындағы дарынды балаларға ар­налған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп, Ш.Смағұлов атындағы Алматы облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика лицей-интернаты, И.Ман­доки атындағы №154 мектеп, №81 мек­теп-гимназиясы мен Абай атындағы Қа­зақ ұлттық педагогикалық университе­тінің арасындағы ынтымақтастық келі­сі­мі негізінде жүзеге асырылды. Жобаға 10-11 сынып оқушылары қатысты. Мұ­ғалім мамандығының мәртебесін көтеруге ба­ғытталған бағдарлама арқылы педа­гогикалық қызметке бейімі бар мектеп оқушыларына ойшылдар мен ағарту­шы­лардың өмірі, қызметі, идеялары, та­ғы­лымдары негізінде оқушыларды мұғалім­дік мамандықтың пайда болу және даму тарихы таныстырылды. «Заманауи идеал мұғалім және оның жетістігінің сыры неде?» деген сұрақтың жауабын іздеді. Гуманизм, жауапкершілік, әдеп сияқты педагогикалық құндылықтарды танып, қарым-қатынас жасаудың жолдарын, негіздерін үйренді. Оқушылар бұл жоба арқылы өздерінің жаңа қырларын ашып, шығармашылық қабілеттерін шыңдай түсті. Білім беруден бастап маман даярлау ісіне тікелей әсер ететін жоба оқушы­лардың педагогикалық мамандықты таңдауына бағытталған. 

Алғашқы педагогикалық сынып са­бақтарында сөйлеу мәдениетіне ден қо­йылып, оқушылар ойларын анық, қи­сын­ды әсерлі жеткізе алатын болды. Алғаш сахнаға шығып, өнерлерін көрсеткен оқушылардың тың қабілеттері танылып, тұлғалық болмысын қалыптастыратын алғашқы қадамдарын жасады. Оқушылар сабақтың қызықты өтетінін, көп нәрсе үйренгенін айтып жатады. Оқушылардың жылы лебіздері мен жеткен жетістіктері «Педагогикалық сынып» жобасының жоғары нәтижеге қол жеткізгенін көрсе­теді. Еліміздің білім беру саласын өркен­дету, мұғалім мамандығының қадір-қа­сиетін арттыратын жобаларды ұйым­дастыру – жас түлектердің және болашақ педагогтердің идеяларына, ішкі әлеміне, алаңдататын сұрақтарына мән беруден бастаған дұрыс деп ойлаймыз. Барлық сұрақтың жауабын беріп, мұғалім маман­дығының проблематикасын ашатын кілт – оқушы. Оқушының күнделікті сабақ барысында туындайтын мәселе­леріне назар аудару арқылы, балаға құлақ асу арқылы мұғалімдік қызметті сапалы атқарудың жолын көрсетеді. 

Бауыржан САЙДАХМЕТОВ,

Абай атындағы ҚазҰПУ, 

Педагогика кафедрасының 

қауымдастырылған профессоры, 

пилоттық жоба жетекшісі