Қауымдастық медиа өлшемдер және телевизия нарығындағы заманауи қиындықтар мен тенденциялар туралы зерттеулер мен пікірталастар өткізді.
Алматыда медиа өлшемдер және телевизия нарығының өзекті мәселелері бойынша конференция өтті
1,068
оқылды

Бүгін, 19 мамырда Ұлттық медиа қауымдастықтың (әрі қарай – қауымдастық) ұйымдастыруымен «Медиа өлшемдер. Телевизия нарығының өзекті мәселелері» тақырыбында Алматыда конференция өтті.

Қауымдастық медиа өлшемдер және телевизия нарығындағы заманауи қиындықтар мен тенденциялар туралы зерттеулер мен пікірталастар өткізді. Конференцияның панельдік сессияларында 2022 жылғы медиа өлшемдердің қорытындылары, медианы тұтынудың негізгі факторлары, халықаралық аудит жүйесінің мысалдары және Қазақстанның медиа жүйесіне деген сенімділікті арттыру, сондай-ақ мемлекеттік тілдегі жарнама және оның даму барысы көтерілді. 

Қауымдастық жетекшісі – К.Б. Ойшыбаев телевизиядағы жарнама нарығын дамыту үшін медиа нарықтың барлық қатысушыларының бірлескен жұмысы маңызды екенін атап өтіп, Ресей телевизиясындағы жарнама кірістерімен салыстырды. 

«Біз ресейлік теледидардағы жарнама нарығынан 32 есе азбыз, яғни Ресейдегі теледидар жарнамасының көлемі теңгемен есептегенде шамамен 1 трлн, 100 млрд теңгені құрайды. Егер Қазақстанның жарнама нарығы құлдырайтын болса, онда нарықтың барлық қатысушыларында даму болмайды», – деп нақтылай келе, қауымдастық басшысы жарнаманы орналастыруда дұрыс бағалау саясатына көңіл бөлуге шақырды.

Қауымдастық K Research Central Asia-мен бірлесіп 3М3А халықаралық аудиторлық компаниясы жүзеге асыратын халықаралық аудитке тапсырыс берді. Бүгін Роберт халықаралық аудитор жоспарланған аудиттің егжей-тегжейі мен іске асыру құралдары жайлы айтып берді.

«Бүгінде медиа-кеңістік абстрактілі ақпараттық орта санатынан басқа деңгейге өтті.  Оның күн сайын дамып келе жатқан ақпараттық салада коммуникативті рөлі айқындалып келеді. Ақпарат тек экономикалық саланы емес, сонымен бірге әлеуметтік-саяси процестердің дамуында да маңызды рөл ойнайды. Нақтырақ айтсақ, азаматтардың санасына әсер етудің тиімді құралына айналды.

Осы жағдайда отандық медиа-ресурстардың қазақстандық аудитория арасында тартымдылығын арттыру маңызды болып отыр, оның ішінде телевизияға басымдық беру негізгі талаптардың бірі», - деп атап өтті Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Қанат Ысқақов.

Сонымен қатар, медиа саласындағы өзекті мәселе – мемлекеттік тілдегі жарнама мәселесі де көтерілді. Күн тәртібінде екі тілді аудиторияға ерекше көзқарас, ұлттық бірегейлік трендтері және қазақ тіліндегі жарнаманың келешегі қарастырылды. 

NUR Media холдингінің Бас директоры Бақтияр Мәкен мемлекеттік тілдегі жарнама тақырыбы бойынша баяндама жасады. Соның ішінде қазақ тілді жарнаманың бүгінгі жай-күйіне тоқталып, оны дамыту мақсатындағы өзінің ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ ол қазақ тілді контенке деген сұраныс артып келе жатқанын да атап өтті.

«Қазақ тілді мазмұнға сұраныс жыл санап артып келеді. Бүгінде жекелеген компаниялар мен қоғам белсенділері мемлекеттік тілдегі контентті, алаңдарды, жарнама құралдарын дамытуға көңіл бөліп жүр. Олар ұсынатын идеялар креативті және ынтымақтастық орнатуға деген қызығушылықтары да жоғары. Осы жағдайды пайдалана отырып жарнаманы қазақ тілді аудитория үшін тартымды етуге болады », – деп нақтылап өтті ол.

Конференция екінші жыл бойы жетекші сарапшылармен, телеарналардың, жарнама агенттіктерінің басшыларымен, сондай-ақ жарнама берушілердің өкілдерімен медиа нарықтың ең өзекті мәселелерін талқылау мен шешу алаңына айналды.

Іс-шара білім мен тәжірибе алмасуға, сондай-ақ медиа өлшемдер мен теледидар нарығындағы негізгі мәселелер мен тенденцияларды талқылауға бірегей мүмкіндік берді.