Телефондарды ашып қарау кезінде педагогтер дайын жауапты суретке түсіріп, оқушыларға жіберіп отырғаны белгілі болды.
«Тест жауабын телефонмен лақтырып отырған»: Түркістандық мұғалімдер жауапқа тартылды
8,226
оқылды

Түркістан облысында тест жауаптарын телефон арқылы таратқан мұғалімдерге тәртіптік жаза қолданылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кеше Ордабасы ауданындағы «Тоқсансай» жалпы орта мектебінде мемлекеттік аттестаттау өткен. Оның барысында ұстаздар заң бұзушылыққа жол берген. Атап айтқанда, Түркістан облысының Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің қызметкерлері тестілеу барысында екі оқушының жасырын түрде телефон пайдаланып отырғанын анықтаған. Телефондарды ашып қарау кезінде педагогтер дайын жауапты суретке түсіріп, оқушыларға жіберіп отырғаны белгілі болды.

«Аталған жайтқа байланысты мектептің директоры мен 6 педагог тәртіптік жазаға тартылды. Мұның алдын да «Тоқсансай» жалпы орта мектебі сәуір айында өткізілген мемлекеттік аттестаттаудың нәтижесі бойынша 40 пайыздан төмен көрсеткіш көрсетіп, аттестатталмаған болатын», - деді Түркістан облысының Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалымжан Алматов.