Соңғы бірнеше жылдан бері Қазақстанда исламның дәстүрлі емес ағымдары жайлы тақырып күн тәртібінен түскен емес. Бұл тақырыпқа мемлекеттік органдар мен сарапшылардың назар аударуы да қалыпты құбылыс. Әрі еліміз орналасқан аймақ «геосаяси дауылдың» ішінде қалған қазіргі сәтте бұл мәселеге көңіл бөлу өзекті бола түсті.
Қызылбастың салған жолы...
1,683
оқылды

Дегенмен қоғам өкілдері, соның ішін­­де «сауысқандай сақ» болуға тиіс сарапшылар қауымдастығы Қазақ­стан­ға кірген жат діни ағымдардың барлығын бір­дей назарда ұстамайтын кездері бар. Мә­­селен, кез келген маман ДАИШ не­ме­се «Хизб-ут-тахрир» сияқты ағым­­дардың пи­ғ­ылын, мақсатын азды-көпті біледі. Бас­тауын Сауд Арабиясынан ала­тын сала­физмді немесе бұқара «зікір­шілер» деп атай­тын жалған сопылық сек­та жайлы мә­ліметтерден де сарап­шы­лар, тіпті қара­пайым азаматтар біршама хабардар. Сөй­те тұра, елімізде аздап болса да тарай бас­таған исламның шийттік ағымы сарап­шылардың да, бұқараның да назарынан тыс қалды. Шийттік ағым еліміздің ежел­ден бергі көршісі һәм тәуелсіз Қазақ­стан­ның серіктесі Иран Ислам Респуб­ли­касының мемлекеттік діні екені белгілі. Ал бұл діни ағым Қазақ­стан мұсылмандары үшін дәстүрлі бағыт емес еді. Алайда қазір бұл ағымды наси­хаттаушылар көп жылдан бергі кәсіби дипломатияның арқа­сында «көлеңкеде» қалып келеді. 

Жалпы, соңғы жылдары Иранның біз­дің ел мен тұтас аймақтағы рөлі бірша­ма арта түсті. Оған белгілі мөлшерде Иран­ның біздің Еуразиядағы негізгі се­рік­тестеріміз Ресей және Қытаймен тығыз қарым-қатынас орнатуы да әсер еткені сөзсіз. Алдағы жылдарда елімізде және тұтас Орталық Азия аймағында Иранның рөлі біршама арта түсуі мүмкін. Оған қазірдің өзінде алғышарттар қалыптасты.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жылдан астам уақыт бойы Иран Орта­лық Азиядағы барлық мемлекетпен тығыз байланыс орнатты. Әрі сырт көзге осынау қарым-қатынастардан ешқандай мәселе туындамағандай көрінетіні рас. Алайда біз «Ислам төңкерісі» нәтижесінде дүние­ге келген және діни бағыттағы билікті қа­лыптастырған сәттен бастап-ақ агрес­сиялы идеология экспорттауды өзінің сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі ретінде белгілеген теократиялық шийттік мемлекетпен қарым-қатынас орнатқанымызды естен шығармауымыз керек. Иранның Сирия мен Йемендегі аза­маттық соғысқа белсенді түрде арала­сып, түрлі күштерге қолдау білдіруі – біздің осы сөзімізге нақты дәлел. Одан бөлек, Иран агенттерінің аймақта тыңшылық жасауы бірнеше рет тіркелген. Жуырда Әзербайжанда Иранның 9 тыңшысы ұсталды. Қазақстанда да мұндай оқиғалар болды. ҰҚК-ның отставкадағы генералы Сейітжан Қойбақов AIQYN газетіне бер­ген сұхбатында «Маңғыстаудағы жағдай бас­қаша. Мұнда теңіз жағалауына қатыс­ты түрлі мәселелер болды. Ол кезде Каспийдің мәртебесін анықтау мәселесі ше­шілмеген-ді. Оның үстіне, сол жыл­дары өңірге қандастар көптеп көшіп келіп жатты. Олардың арасында қандас атын жамылған шетел тыңшылары да болды. Тыңшыларды анықтау жұмыстарын ұйым­дастырып, Иран тыңшыларын ұста­дық. Қазақстанмен Каспий арқылы шек­тесетін Иран Ислам Республикасы әлі күн­ге атом қаруына қол жеткізе алмай жүр. Ал Маңғыстауда атом энергиясы ком­бинаты бар. Атом қаруын иемдену үшін ирандықтар қандастарымызды да пай­даланғысы келді. Әрине, өңірлерде осы секілді көптеген операцияны жү­зе­ге асырып жаттық. Бірақ оларға қатысты көп мәліметті ашық айтуға болмай­ды» деп 2000 жылдардың басындағы жағ­дай­ды сипаттаған болатын. Сондықтан ір­ге­лес мемлекеттермен әріптестік, серік­тестік қатынастар адамдардың бір-бірімен көр­ші болуынан әлдеқайда күрделі екенін есте ұстау керек. Уинстон Черчилльдің We have no lasting friends, no lasting enemies, only lasting interests – «Біздің мәңгілік дұш­панымыз да, досымыз да жоқ, тек мүд­­деміз ғана бар» дегені есте болса ке­рек-ті. Себебі әр мемлекеттің өз мүддесі ғана бар. 

Әрине, біз «қауіп еткеннен айтамыз», әйт­песе көршімен қарым-қатынастың жақ­сы болғаны дұрыс. Дегенмен ресми Те­геран идеологияны экспорттау мәсе­ле­сіне келгенде Таяу Шығыс пен Орталық Азияны бөліп-жарып қарамайтынын есте ұстау керек. Иранның идеологиялық экс­портының белгілері Қазақстанда да бай­қалып қалады. Атап айтқанда, соңғы жыл­­дары құқық қорғаушылар Қазақ­стан­да шийттік ағым уағызшылары қызметінің біршама жандана түскенін байқаған. Олар Астана мен Алматыда әжептәуір белсенді әрекет етуге көшті. Олар Қазақстан заң­на­маларын бұза отырып, ресми тіркеусіз, рұқсатсыз әрекет етіп жүргенін де атап өту керек. Сөйтіп, «он екі имамның» жолын қуушылар ұсталып қалудан қорықпай, бастарын қатерге тіге бастаған. Біздің пайым­дауымызша, мұндай тәуекелге бару үшін уағызшылардың «сүйенген иелері» бар деген сөз. 

Осы тұста 2012 жылы «Діни қызмет және діни бір­лес­тік­тер туралы» аты­шулы заң қабылданған соң Қазақ­стан­да шийзм ресми түрде еліміздегі конфес­сиялардың бірі ретінде тір­келмеді. Өйт­кені діни бірлестіктер жұ­мысын қадағалау міндеті жүктелген ресми орган Дін істері жөніндегі агенттікке «тө­мен­нен» ешқан­дай өтініш келіп түспеген.

Сонымен қатар Алматыда біршама жыл бойы «Иран-наме» дейтін журнал шы­ғып тұрды. Бас редакторы Сафар Аб­дул­ло еді. Басылым ғылыми сипатта сияқ­ты көрінгенімен, әр нөмірінде 2-3 мақала ашық­тан-ашық шийттік бағытты наси­хат­тайтын. Шамасы, басылым қазақстан­дық академиялық және сарапшылар қауым­дастығының тамырын басып көруді мақ­­сат тұтқан сияқты. Өйткені маман­дар­дың пікірі болашақта маңызды рөлге ие болды әбден мүмкін. 

Одан бөлек, 2000 жылдардың ор­та­сына дейін Қ.Ясауи атындағы халықара­лық Қазақ-түрік университетінде шийзм бағыттарының бірі саналатын түркиялық алевиттер қауымымен байланысы бар жо­ғары лауазымды тұлғалар жұмыс істеді. Олар аталған жоғары оқу орнында Қожа Ахмет Ясауидің өзін шийзм ұстазы ретінде таныстыруды көздеген стратегиялық мақ­­­саты бар мұсылман «экуманизмін» тық­палауға тырысты. Бұл дегеніңіз күндердің күнінде шийзмді қазақ халқының «ұлттық діні» ретінде көрсетуге іргетас қалаудың алғышарты болатын. Абырой болғанда олар мақсатына жете алған жоқ. 

Жалпы, осы тұста Орталық Азия ел­деріндегі жағдайды да сипаттап өтудің ар­тықтығы жоқ. Әсіресе, Тәжікстанды ай­рықша атап өту керек. «Иран ізі» өз уа­ғында тыйым салынған «Тәжікстанның ис­ламдық қайта өрлеу партиясының» іс-әре­кеттерінен нақты көрінетін. Партия жұ­мысына ресми түрде тыйым салынған­нан кейін оның жетекшісі Мухиддин Кабрирдің сунниттік бағытты ұстанатын елдерді емес, Тегеранды паналауы да тегін емес. 

Негізі, «исламдық қайта өрлеу» дейтін ұғым­ның өзі иран режимінің саяси лек­сиконына барып тірелетіні бұл тақырыпқа терең бойлаған мамандарға жақсы таныс. Дәл осындай мазмұн арқылы Иран мен оның жақтастары түрлі елдерде бірнеше мәр­те квазиғылыми іс-шаралар ұйымдас­тыр­ды. Мұндай іс-шаралар Қырғыз Рес­пуб­ликасында да өткен еді. Сөйтіп, олар бірте-бірте мақсатты түрде өздерінің сая­си ұстанымын алға жылжытуға тырыс­ты.

Негізі, Орталық Азия тарихында иран­дық-шийттік экспансиямен бетпе-бет келу алғаш рет болып тұрған жоқ. Өңір­дегі діни ұстаным текетіресінің тари­хы ғасырларға кетеді. Қазақстандық шы­ғыс­танушы, тарихшы Әшірбек Мүмінов атап өткендей, ХVI ғасырдың басында Пар­сы елінде шийт-сефевилер әу­летінің билікке келуі ұзақ жылдар бойы мұ­сылман мәдениетінің, ғылымы мен діни ойшылдығының маңызды орталық­та­рының бірі саналған Орталық Азия аймағының тоқырауға ұшырауының негізгі себептерінің бірі саналады. 

Географиялық тұрғыда сунниттік әлемнен, әсіресе этникалық және мәдени туыстығы бар Осман империясынан бө­лі­ніп қалған Орталық Азия аймағы, тари­хи Түркістан өңірі бірте-бірте стагнацияға ұры­нып, мұсылмандық Шығыстың да­мы­ған орталығынан периферияға айналды. Соның салдарынан XIX ғасырда аймақ отар­лаушылардың иелігіне өтті. 

Біз әлбетте ешкімді ренжіткіміз кел­мейді, бірақ ақиқатты айту – мін­детіміз. Ғасырлар бойы Түркістан айма­ғының халқы парсы «қызылбастары­мен», «он екі имамның» құрметі үшін сәл­­­де­леріне қызыл таспа байлаған шийт сар­баз­­дарымен күрес жүргізді. Қызылбас­тар­мен күреске атақты Мұхаммед Шайбани тұтас өмірін арнады. Ол сунниттік Орта­лық Азияны шийттік идеологиядан қор­ғауға барын салған еді. Өкінішке қарай, біз­дің танымы таяз кинематографтар кеңес­тік тарихнаманың ізімен оны қазақ­тың ата жауы ретінде танытты. Іс жүзінде Мұ­хаммед Шайбани қазақтың Қасым ха­нының туған бөлесі болатын. Шайбани әу­леті мен Қазақ хандығының арасындағы текетірес – өңірдегі саяси күштердің ық­пал ету аймағына таласқан сәтінің бір бө­лігі. Яғни, сол жылдары Моғолстан, Қазақ хандығы, Сібір хандығы, Астрахан хан­дығы, Ноғай ұлысы, Әмір Темір әулеті ара­сындағы саяси күрестің бір тармағы еді. Бұл текетірестерде діни-идеологиялық ас­тар аз еді. Текетіреске қатысқан қайрат­кер­лердің барлығы сунниттер болатын. Ал Мұхаммед Шайбанидің Шах Исмаил­мен қақтығысы саяси ғана емес, діни-идео­логиялық мазмұны бар оқиғалар. Сефе­видтердің сарбаздарын өңір халқы «қызылбастар» десе, Мұхаммед Шайбани оларға қарсы сунниттік ағымның белгісі ре­тінде жасыл сәлде киіп шыққаны ай­ты­лады. Қарсыластары оны «жасылбас» деп те атағаны жайлы дерек бар. Се­февидтер­дің Орталық Азиядан ығысуына көшпелі өзбектер мемлекетінің ханы Әбілқайыр­дың Рабиға Сұлтан Бегімнен туған баласы Көш­кінші хан біршама еңбек сіңірген. Тіпті қазақ ханы Қасым мен Шайбани әуле­тінің бірігіп, Шах Исмаилге қарсы со­ғысқаны жайлы да мәлімет бар. Бұл со­ғыс шамамен 1513-14 жылдары болған деседі. Авторы белгісіз «Алам ара-йи Се­феви» атты еңбекте қазақ қолын Қа­сым­ның баласы Әбілқайыр хан басқарғаны,  қазақ-шайбан жауынгер­ле­рінің саны 160 мың болғаны айтылады. Кейін Шах Тах­масппен де Орталық Азия билеу­ші­лерінің тізе қоса ұрысқаны жайлы мә­ліметтер бар. «Қызылбастар» суннит­тер­­ге геноцид жа­сағаны, «суннитті көрсең өл­тір» дейтін сөз болғаны туралы да дерек бар. Оны түр­кі­мен зерттеушісі О.Атаев жа­зады. Жур­налист Біләл Қуаныш «Қазақ хан­дығы мен Қызылбас (Сефевид) мем­лекетінің қарым-қатынасы» дейтін мақа­ла­сында шығыстанушы Н.Миклухо-Мак­л­айдың пікірін келтіреді. Ресейлік шы­ғыс­танушы шийт фанатиктері Орталық Азия халықтарымен соғысты «дін жолын­да­ғы соғыс» деп атағанын алға тартқан. Яғни, аймақта шийзмнің ықпалын арт­тыру­ға талас ғасырлар бойы жалғасып ке­ле жатыр деуіміздің мәні осында. 

Бұл жағдай қазақ ауыз әдебиетінде де көрініс тапқан. «Қобыланды ба­тыр» және «Қырымның қырық батыры» жыр­­ларында «қызылбастармен» күрес ашық сипатталады. Мәселен, Қобыланды ба­тыр жырында Қараман батыр «Атадан ер болып туғасын, ноғайлының жеріне қы­­зылбастарды қондырып қоюымыз сүйек­­ке таңба емес пе?» дейтіні бар. Түркі ха­лықтарының көбіне таныс Көрұғлы жы­рында да «қызылбастармен» соғыс тура­лы айтылады. Яғни, шийттік идеоло­гия­ға қар­сы тұру фольклорға да енгенге ұқ­сайды. 

Ал Абай Құнанбайұлы «қызылбас» ұғы­­­­мының діни-идеологиялық сипатын  атап өткен. 

Танымассың, көрмессің, 

Қаптаған соң көзді шел. 

Имамсыздық намазда – 

Қызылбастың салған жол. 

Көп шуылдақ не табар, 

Билемесе бір кемел, – деп атап өтеді. 

Әрине, Абай осынау өлеңінде елдегі бе­ре­ке-бірлік, кемел басшыға бағыну мә­селесін айтқанымен, шийт-қызылбастар­дың идеологиялық ықпалы болғанын тұс­палдайды. Бәлкім шийт-қызылбас­тар­ға ақынның іші жылымаған да шығар. Тіп­­ті, шийзмнің идеологиялық ықпалы­нан гөрі, «қызылбастар» арқылы Орталық Азияға енген «дәстүрлерді» сипаттауы да мүмкін. Дегенмен ақынның дәл осы өлеңі­нен ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасыр­дың басына дейін қазақ қоғамында «қы­зыл­бастардың» идеологиясына қатысты та­рихи жадтың жойыла қоймағанын бай­­­қаймыз. Ал қазір бұл идеология қайта жаң­ғырып жатыр. 

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйі­ні­не келер болсақ, Қазақстан – зайырлы, де­мократиялық мемлекет. «Діни қызмет жә­не діни бірлестіктер туралы» заңның преам­буласында «Осы заң Қазақстан Рес­публикасының өзін демократиялық, зайыр­лы мемлекет ретiнде орнықтыра­ты­нын, әркiмнiң ар-ождан бостандығы құ­қы­ғын растайтынын, әркiмнiң дiни наны­мы­на қарамастан тең құқылы болуына ке­пілдік беретінін, ханафи бағытындағы ис­ламның және православиелік христиан­дықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін тани­ты­нын, Қазақстан халқының рухани мұра­сымен үйлесетін басқа да діндерді құр­меттейтінін, конфессияаралық келі­сім­нің, діни тағаттылықтың және аза­мат­тар­дың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге ала­ды» деп жазылған. Яғни, Қазақстан билігі исламның сунниттік бағытының ханафи маз­­хабы мен христиандықтың пра­вол­са­вие­лік бағытына ерекше мән берген. Өйт­кені діннің қоғамда мәдениет пен өр­кениет қалыптастыратын рөлі бар еке­нін ешкім жоққа шығара алмайды. исламның сунниттік бағы­ты­ның ханафи мазхабы ұлтымыздың та­нымы мен түсі­нігін, салт-санасын қалып­тас­тыруға қыз­мет етті. Енді келіп қоғам­ның рухани тұтас­тығын ыдыратуға ба­ғыт­талған идео­логиялар қатарына шийттік ағым да қо­сылып келеді. Бұған бей-жай қарауға бол­­­майды. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та рухани тәрбиені назардан тыс қал­дыру ұлттық болмысқа қауіп төндіре­тінін айтқан еді.

«Халқымыздың дүниетанымына сай дәс­түрлі исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет. Өскелең ұрпақтың рухани тәр­бие­сін назардан тыс қалдыруға болмайды. Шын мәнінде, бұл – өте маңызды мәселе. Оны бетімен жіберсек, ұлттық салт-сана­мыздан айырылып қалуымыз мүмкін» де­­ген еді Президент. Демек, қоғам өкіл­де­рінің ұлт танымына кереғар діни ағым­дардан, идеологиялардан аулақ болғаны дұрыс. Әрине, Конституциямызда на­ным-сенім бостандығына кепілдік бар. Бірақ бүгінде діндердің түрлі идеология, «жұм­сақ күш», ықпал ету тетігіне айнал­ға­нын естен шығармау қажет. 

Қазақ халқы Алтын орда билеушілері Берке мен Өзбек хандар тұсында дін мә­се­лесінде тарихи таңдауын жасап қой­ған. Ұлтымыз мұсылман үмметінің басым көп­шілігін құрайтын сунниттік ағымды құп көрді. Соның ішінде ханафи мазхабын қабылдады. Осылайша, көнеден келе жат­қан таным-түсінігіміз ислам арқылы байып, салт-санамыз мұсылмандық жо­рал­ғылармен, әдет-ғұрыппен біте қай­на­сып кетті. Қазақ үшін исламның сунниттік бағытының мәні бөлек. Өйткені ол ұлт бол­мысына айналып кеткен. Бірақ осы­нау болмысқа, рухани тұтастыққа шабуыл кү­шейіп келеді. Сондай шабуыл желі оңтүстік батыстан, қарт Каспийдің түстік жа­ғалауынан, ежелгі парсы жерінен есіп тұрғаны байқалады. Өңірде өзіндік сал­мағы бар, қуатты аймақтық державаның геосаяси белсенділігі қазақ даласына ене­тін діни идеологиялық бағытқа мұқият болу­ды қажет етіп тұр. Мемлекет те бұл бағытта «бөрік астын паналауы мүмкін бө­ріні» танып, тиісті шаралар қабыл­дай­тын шығар деп үміттенеміз. 

 Ардақ СҰЛТАН