Кореяның таулы аймағында орналасқан ғажайып мекеннің тамаша табиғаты мен тарихи жәдігерлеріне тамсанып қана қоймай, елдің ірі өндірістік мегополисінің қызықты музейімен таныстық.
Suwon-si – Оңтүстік Кореядағы Кенгидо провинциясының ірі мегополисі әрі астанасы. Үш патшалық дәуірінде алдымен Мосу, кейіннен Мехоль делініп, Корё династиясы басқарған кезеңде Суджу атанған. Тарихи деректер бойынша тек 1413 жылы қазіргі атауы Suwon ие болып, ал 1949 si (қала) мәртебесін алған мекеннің бүгінгі халық саны 1,2 миллионнан асады. Ел астанасы Сеулдің оңтүстігінен 30 шақырымдай қашық орналасқан қала – Кореяның маңызды өндірістік орталығы саналады. Мұнда электроника, химия, тоқыма, металлургия, қағаз және басқа да өнеркәсіп орындары бар. Кореядағы ірі жоғарғы оқу орындары, соның ішінде ең көне университет – Сюнгюнгван кампусы да осында орналасқан. 1796 жылы Чонджо патша ел астанасын Сувонға ауыстырмақ болып, Хвасон бекінісін салдырған. Патшаның астана алмастыру қадамы сәтсіз болғанымен, Сувон тарихи орталығымен, әсіресе, ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енген осы Хвасон бекінісімен танымал, бұл жерлер әлі күнге дейін әлемнің түкпір-түкпірінен келетін туристер үшін тартымды. Сондай-ақ жергілікті жұрт бұл қаланы корей футболының орталығы деп санайды, өйткені, мұнда Suwon World Cup Stadium орналасқан, аталмыш орталық стадионда 2002 жылы футболдан әлем чемпионаты өткен болатын. Әрі Кореяның танымал футбол командасы – Сувон Самсунг Блюингс осында жаттығады. Ал өндірістік мегополистің келбетіне әсемдік пен үйлесім сыйлап тұрған саябақтары мен табиғи қорықтары туралы ұзақ толғануға болады.
Сонымен қатар Сувон қызықты мұражайға бай мекен. Мәдени-тарихи көне жәдігерлерді ғасырлар бойына сақтап, зерттеп-зерделеп, құндылығын арттырып, бүгінгі ұрпаққа жеткізген музейлер өз алдына, бұл қалада неше түрлі қызықты техникалық және технологиялық мұражайлар бар. Мәселен, ХХ-ХХІ ғасырларда шығарылған әртүрлі маркалы автокөліктер, мотоциклдер мен кареталар музейінен туристер ағыны үзілген емес. Біз сондай қызықты кешеннің бірі – Самсунг инновациялық технологиялар музейіне бардық. Samsung Innovation Museum – электронды өнеркәсіп саласындағы ең ірі корей корпорациясы – Samsung Electronics-тің даму кезеңі мен жасаған өнімдерін, сондай-ақ ХІХ ғасырдың соңынан бастап бүкіл әлемде кең қолданыста болған тұтынушылық электрониканың тарихын, жалпы тенденциялары мен жарқын болашағын көрсететін танымдық орталық. Электр энергиясын анықтаудан бастап смартфонның соңғы үлгісін жасауға дейінгі электронды өнеркәсіптегі үздіксіз инновациялық жаңалықтардың арқасында адамзат өмірінде жаңа құндылықтар қалыптасты. Музей Suwon Digital City кешенінің аумағында орналасқан, мұнда 1969 жылы Samsung Electronics компаниясы ашылған. Осы компанияның 45 жылдық мерейтойына тарту етілген бес қабатты ғимаратта бірнеше зал бар. Бүгінде компания жеке өнімдері мен басқа кәсіпорындардың өнер туындыларын қосқанда 150-ден астам экспонат бар.
Негізгі көрме бөлмесі Samsung Electronics компаниясының тарихы мен философиясына арналған, мұнда аталмыш кәсіпорын алғаш шығарған өнімдері бар – ең алғашқы теледидар, тоңазытқыш, компьютер, ноутбук, ұялы телефон және тағы басқалары. Сондай-ақ Samsung Electronics компаниясы 1998 жылдан бастап өткен Олимпиада жарыстарына қатысқан корей споршыларына қолдау көрсетіп келген және естелік үшін санаулы данамен Олимпиадаға арналған ұялы телефондар шығарған екен. Оны әр жылдары дүбірлі додаға ел намысын қорғауға аттанған спортшыларға сыйға тартқан. Бұл залда осы естелік-телефондарды бір-бір данасы сақталған. Одан бөлек, Samsung Electronics компаниясының ең қымбат бағаланған және тұрмысқа қажетті электрониканың түрленіп, дамыған кезеңдерін қамтитын өнімдері бар.
Мұражайда «Өнертапқыштар дәуірі», «Индустриалды инновациялар ғасыры» және «Даму кезеңі» деп аталатын негізгі көрме залдарын тамашалауға болады. Алғашқысында төрт мыңнан астам патент алған фонографтың авторы, американдық өнертапқыш Томас Эдисон, телефонияның негізін салушылардың бірі, канадалық ғалым Грейам Белл және ағылшын физигі Майкл Фарадейдің өнертабыстарының түпнұсқа үлгілері бар. Сондай-ақ бұл зал AT&T, Siemens, GE, Philips және NEC компанияларының тарихын ұсынады.
«Индустриалды инновациялар ғасыры» бөлмесіндегі экспонаттар электронды техника мен технологияның тұтас даму кезеңдерін бейнелейді. Мұнда түрлі компаниялардың өнімдері қойылған және қай кәсіпорын қандай технологиялық төңкеріс жасай алғанынан сыр шертеді. Дисплейлер, ұялы телефондар, кір жуатын машиналар тарихы баяндайтын бөлімдер бар. Мәселен, 1911 жылы Maytag Electric компаниясы шығарған №41 кір жуатын машинасын тамашалай аласыз. Бір қарағанда диірменге ұқсайтын құрылғының о бастағы пошымы қазіргі уақытта біз пайдаланатын машинаға тіптен ұқсамайды. Я болмаса, әлемде алғаш пайда болған теледидарды тамашалай аласыз. Sharp TV3-14T аталатын тұңғыш теледидарды 1953 жылдың басында жапондық мамандар шығарған, бағасы – 175 мың иен тұрған. Ол уақытта жоғары білімі бар мемлекеттік қызметкер айына 5400 иен алатын болған, шамамен 3 жылдық жалақысына тең. Ал алғашқы сымсыз телефон алдымен тек әскерилердің жұмысында пайдаланылған. 1946 жылы АҚШ-та AT&T компаниясы алғашқы МТS, яғни ұялы телефон қызметін ұсынатын құрылғы өндіреді. Бұл жабдықтың көмегімен тек бір желімен байланысу мүмкін болған. Кейінірек жетілдіріп, шенеуніктер ұстайтын дипломат пішіндес жәшіктің ішінде болған. Тек 1973 жылы біздің тілмен айтқанда, кірпіш телефондар шыққан, АҚШ-тың Motorola компаниясы нарыққа жеке-дара пайдалануға болатын құрал ұсынады. Бұдан әрі Samsung, Siemens, Nokia компаниялары ұялы телефондардың технологиялық мүмкіндігін жетілдіре түскен. Музейде осы аталған компаниялардың алғаш нарыққа шығарған қалтафондары бар. Ұялы телефондар тарихында Samsung компаниясы 1999 жылы жаңалық жасаған, ол әлемге SPH-WP10 аталатын алғашқы watch-phone (телефон мүмкіндіктеріне ие сағат) ұсынды. Бұл бөлімде электроника өндірісімен айналысқан көптеген компанияның түрлі жаңалықтары мен жетістіктері қамтылған. Дегенмен, бұл бөлімдегі экспозицияның басым бөлігі, әсіресе ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басындағы технологиялық өнімдер корей өндірушісіне тиесілі. Мәселен, LCD дисплейі бар және mp3 ойнатқышы бар алғашқы телефондарды Samsung компаниясы жасаған.
«Даму кезеңі» залы – Samsung компаниясының тұрғын үйді адамға ыңғайлы етіп автоматтандырудың жарқын болашағы туралы көзқарасы, мұнда «ақылды үй» санатындағы өнімдер бар. Көрме залдары экспонаттар туралы ақпарат беретін интерактивті экрандармен безендірілген. Сондай-ақ музейде 4K және 180° көрінісі бар әсерлі панорамалық экран бар, онда Samsung компаниясының инновациялардың көмегімен әлемді һәм болашақты жарқын ету жоспары бейнелеген.
Samsung Innovation мұражайы электроникадағы инновациялар тарихындағы ең үздік өнімдердің үлгісін жинай алған. Музейге келушілер Samsung Electronics компаниясының тарихы мен философиясын танып қана қоймай, тұтас дәуірдің жаңалықтары мен жетістіктеріне куә болады. Бұл, бір жағынан, электроника ғылымы мен инновация үшін құнды жәдігер. Мәселен, музей қызметкері Samsung-тің соңғы үлгідегі Flip ұялы телефондарын жасау кезінде мамандар алғашқы дисплейлер тарихына көз жүгірткенін айтты. Әрі компания мамандары әлі күнге дейін электроника саласында түрлі технологиялық жаңалықтар ашу үшін өткен кезеңдегі қолданылған техникалық мүмкіндіктерді ұдайы зерттеп отырады. Ал енді бір жағынан, қарапайым адам үшін де қызықты, көрнекті һәм танымдық орын. Мысалы, бұл үшін бұл музейден 2004 жылы анам сатып әперген алғашқы қалтафонымды көрдім. Siemens M30 аталатын ұялы телефон 2000 жылы Германияда нарыққа шыққан, оның тарихымен танысу ерекше қызықты болды.
Айдана НҰРМҰХАН,
Сувон қаласы, Оңтүстік Корея