Тоқсаныншы жылдардың тұсында «Тараз» десе, талайдың төбе шашы тік тұратын. Өйткені қалада қылмыс аз емес еді. Қазір де көне шаһар бұзақыларымен көш басында келеді. Әсіресе, жасөспірімдер арасында қылмыс көп.
«Қауіпсіз қала»: қылмысқа құрық салды ма?
1,391
оқылды

Осыған орай жыл басында «Тараз – қауіпсіз қала» жобасы жанданған болатын. Ал жоба өз жемісін беріп жатыр ма? Әлде «баяғы жартас – бір жартас» күйде ме? Үңіліп көрдік.

Ең әуелі статистикалық сандарды сөй­летсек, жоба 2024 жылға дейін жос­пар­ланған. Бұған жергілікті бюджеттен 1,8 миллиард теңге бөлініп,  бүгінге дейін оның 280 миллион теңгесі игеріліп отыр.

Негізі, жоба бес бағытты қамтиды. Оның бастысы – жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық орындардағы қылмысты азайту және жасөспірімдер арасындағы бұзақылықтың алдын алу.      

Жасыратыны жоқ, жоба шеңберінде қолға алынған жұмыстар нәтижесінде қылмыс деңгейі 31,8 пайызға төмендеген. Ал кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар 20,6 пайызға азайыпты. Алайда кәмелеттік жасқа толмағандардың қолымен жасалған қылмыс саны 19-ды құрап, бір деңгейде қалған. Аталған­дармен қатар кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қатысты қылмыстар және бопсалау артып отыр. Әрбір жасаған қылмысты қайталау да азаяр емес. Бұдан бөлек, демалыс орындарындағы қыл­мыстар саны 17 пайызға артыпты. Оның басым бөлігі – бұзақылық пен ұрлық.   

Тараз қаласының прокуроры Нұржан Боранбаевтың айтуынша, қылмыстардың алдын алу үшін тиісті шаралар қабыл­данып жатқан көрінеді.

– Кемшіліктерді ескере отырып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыстар қайта қаралып, бірқатар бастамашылық іс-шаралар жүргізілуде.

Прокуратураның бастамасымен мамыр айында әкімдік, полиция, білім бөлімі, денсаулық сақтау ұйымдары және мектеп әкімшілігімен бірлесіп, айлық жүргізілуде. Айлық аясында қала әкім­дігі­ арнайы топ құрып, 66 полиция бөлі­мінде, 129 мектепішілік есепте тұрған, 65 жайсыз және 573 сенімхатпен жүрген балалардың тұрмыстық жағдайы, түйт­кілді мәселелері зерделенуде. 

Жыныстық сипаттағы қылмыстардың алдын алу, ерте жүктілікті болдырмау мақсатында денсаулық сақтау ұйымдары­мен мектептерде түсіндірме жұмыстары қолға алынды.  Бопсалау фактілерін болдырмау және анықтау мақсатында  оқушылар арасында сауалнама жүргізіліп жатыр, – дейді қала прокуроры. 

Әрине, бар мәселе сауалнама жасап, зерделеумен шешіліп жатса құба-құп. Алайда жасөспірімдер арасын­да есірткіге әуестенушілердің артып кеткенін құқық саласы өкілдерінің өздері айтып отыр. Әсіресе, есірткі тасымалы, жаңа түрле­рінің пайда болуы және синте­тикалық есірткі саудасы ерекше екпін алған. Мәселен, жыл басынан бері заң­сыз есірткі айналымының 154 дерегі тір­келіп, 27 келі 72 грамм есірткі тәркі­ленген.   

Тағы бір күрделі мәселе, Тараз қала­сында төрт айда 12-14 жас аралығындағы 75 мектеп оқушысы үйінен қашып кет­кен. Оның 44-і – қыз бала. Ал 16 жасқа толмағандардың арасында жыныс­тық қатынасқа түсу фактілері бірден 150 пайызға өскен. Мұндай сұмдық көрсет­кішке қатысты құзырлы орган өкілдері тағы да өздеріне кір жуытпай, барлық мәселені ата-ананың жауапкершілігіне сырғытып тастады. 

– Ата-ана балаларына бас-көз болуы керек. Жуырда қала сыртына шығып кеткен 16 жасқа толмаған қыз балаларға қатысты қылмыс тіркелді. Бұл –  жас­өспі­рім қыздардың қала сыртына өз еркімен барғаннан кейін болған қылмыс. 

«Негізі, жасы 16-ға толмай жатып, отбасы құрамыз» деген жастар жыныстық қатынасқа барып жатыр. Биыл ғана екі жасөспірімнің ерте жүкті болып қалғаны анықталды. Олардың жүктілігі ауруханаға барғанда белгілі болды. Міне, осындай қылмыстардың алдын алу үшін қазір ата-аналармен жіті жұмыстар жүргізіп жа­тыр­мыз, – дейді қала прокуроры.

Жалпы, мектепте жүріп «мама», пар­тада отырып «папа» атанып жатқан жас­өспірімдер саны бойынша Жамбыл облысы алдыңғы қатарда. 2021 жылы тіпті бір жылда кәмелеттік жасқа тол­ма­ған 244 қыздың жүкті болып қалғаны айтылған еді. Ал былтыр 10 жасөспірімнің ерте жүктілігі мәлім болды. Енді міне, биыл жасөспірімдер арасындағы жыныс­тық қатынас фактілері 150 пайызға өсіп  отыр. Бұл әрине, санаға салмақ салатын сандар. 

Жарайды, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың артуына ата-ананың  жауап­сыз­дығы себеп болып жатыр дейік. Алай­да «Тараз – қауіпсіз қала» жобасы тұрғын­дардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай отырғанына не деуге болады? Мә­селен, былтыр қаңғыбас иттердің ша­буылы салдарынан ауруханаларға 1892 адам жүгінсе, оның 842-і кәмелеттік жас­қа толмаған жасөспірімдер екен. Биыл да теріс динамика сақталып, 629 тұрғынды ит қапқан болса, оның ішінде 241-і жас­өспірім төртаяқты мақұлықтардың құр­банына айналған. 

Әрине, байыбына бармай жатып, байбалам салудан аулақпыз. Алайда қалада қылмыс артпаса, кемімегенін сандар айғақтап тұр. Бірен-саран бағыт бо­йынша ғана қылмыс санының төмен­дегеніне қарап, бәрі «жақсы» деуге болмайды. Сондықтан жауапты мамандар жұ­мыс нәтижесін «сұлу» статистикада ғана емес, іс жүзінде көрсетсе екен дей­міз. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы