Бүгінгі сот отырысында айыпталушылардың бірі Азамат Көшеновтің анасы Гүлсім Қабылова куәгерлік етті.
Мұхамедиұлы ісі: адвокат Әйгерім Әнуарбекке тағы бір рет ескерту жасалды
1,286
оқылды

Астанада Байқоңыр ауданының №2 сотында бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының ісі бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр, – деп хабарлайды inbusiness.kz

2020 жылы Үндістан Республикасы, Нью-Делиде өткізілген "Ұлы Дала: Уақыт, кеңістік, мәдениет" көрмесінің өткізілу орнын дайындау мен әрлеу жұмыстарымен айналысқан "Экспонат" мердігер ұйымы директорының орынбасары Азамат Көшеновтің анасы бүгін сот залына келді. Гүлсім Қабылова аталмыш ұйымның тең құрылтайшысы, алайда тергеу барысында, бүгінгі сот отырысында да ол компанияның басқару жұмыстарына араласпағанын айтты. Көрмеге қатыста барлық жұмыстар, соның ішінде қаржылық әрекеттерді ұйым директоры Абай Жақұпов пен Азамат Көшенов орындаған. 

Айыптаушы жақтың сұрақтарына жауап берген Көшеновтің анасы отбасы мүшелері шетелге шығып, көрмелерге қатысты деген тұжырымдамаларды жоққа шығарды.

Сонымен қатар куәгер тергеу барысында оған қысым көрсетілгенін айтқан.  Айыпталушының анасына онымен көрісуге не оны үйқамаққа ауыстыру туралы өтініш білдіргенде, тергеуші қарсы өтініш білдірген. Оған сәйкес, Азамат Көшенов Арыстанбек Мұхамедиұлына қолма-қол ақша бергенін тергеуде айту керек болған, бірақ айыпталушы мен оның анасы ондай мәлімдеме жасаудан бас тартқан. 

"Мен де, балам да Мұхамедиұлының түрін көрген емеспіз. Жеке таныс емеспіз. Оған ешкім ақша берген жоқ, сондықтан болмаған нәрсені болды деп қалай айтамыз? Арымыз жібермеді өтірік айтуға", – деп жауап берді куәгер. 

Бүгінгі сот отырысында да әдеттегідей жанжал болды. Айыпталушы жақ пен айыптаушы жақ бірін-бірі сот отырысын өткізуге кедергі келтірді деп айыптады.

Арыстанбек Мұхамедиұлының өзі, оның өкілі Әйгерім Әнуарбек  ZOOM платформасы арқылы қосылып отырған барлық қатысушылардың кім екенін анықтап, өздерін видео арқылы көрсетіп отыруларын соттан өтінді. Сот айыпталушы жақтың өтінішін қабылдады. 

Сонымен қатар айыпталушы жақтың ойынша, БАҚ өкілдері сот отырысы барысы жайлы ақпаратты бұрмалап, тіпті Арыстанбек Мұхамедиұлы мен оның өкілдеріне қарсы буллингке барды деп айыптады. 

"Біздің айыпталушыға БАҚ өкілдері тарапынан бірнеше рет объективті емес, айыптау мақсатымен жазылған материалдар жарияланды. Әсіресе, Мұхамедиұлының отбасына кесірін тигізетін сөздер айтылып келеді. Ал сот өз кезегінде әрекетсіздік танытып отыр, сондықтан біз осы төңірегінде шара қабылдауыңызды сұраймыз", – деді Әйгерім Әнуарбек.

Сот Бағлан Ыдырысов мұндай өтініш алдын ала білдіріліп не сотқа жеке айтылған жағдайда ғана қарастырылатынын айтып, сот төрағасына қатысты қорғаушының айыптаулары негізсіз екенін түсіндірді, керісінше сот айыпталушы жақ өкілі – адвокат Әнуарбек әрекеттерін сынап, сот отырысына кедергі келтіргені үшін оған екінші рет ескерту жасады. 

Келесі куәгер "Дипломат" қонақүйінің сол кездегі қызметкері Әсел Серікқызы сот отырысына ZOOM платформасы арқылы қосылып, бұрын тергеу барысында таныған адамның нақты Арыстанбек Мұхамедиұлымен кездескенін растай алмайтынын айтты.

Ол тергеу барысында Мұхамедиұлына келген адамды танып, екеуі қонақүйдің екінші қабатында кездескенін айтқан. 

Сот отырысы әлі жалғасуда.