Рұқсат етілмеген митингілерде 80-ге жуық адам ұсталды – Ерлан Тұрғымбаев
Рұқсат етілмеген митингілерде 80-ге жуық адам ұсталды – Ерлан Тұрғымбаев
Фото: Интернеттен алынды
335
оқылды
Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 1 наурызда өткен митингілер кезінде 80-ге тарта адамның ұсталғанын айтты, – деп жазады «ҚазАқпарат». «Бас прокуратураның бірнеше мәрте жасаған ескертуіне қарамастан, кеше азаматтардың бір бөлігі тыйым салынған экстремистік ұйым ұсынған орындарда санкцияланбаған митинг өткізуге тырысты. Сол үшін полиция қоғамдық тәртіптің бұзылуын алдын алу шараларын жүргізді. Осылайша, ішкі істер органдарына, полиция органдарына 80-ге тарта азамат жеткізілді. Профилактикалық жұмыстардан кейін бәрі үйіне жіберілді. Төрт адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды – бірі айыппұл арқаласа, үшеуі қамаққа алынды. Олардың екеуі полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетсе, біреуі санкцияланбаған митинг ұйымдастырғаны үшін ұсталды», – деді Ерлан Тұрғымбаев. Министр азаматтар үш сағаттан артық ұсталмағанын айтады. «Бізде бейбіт жиындар, шерулер мен демонстрациялар туралы заң бар. Ол жерде талаптар нақты жазылған. Бейбіт жиын өткізгісі келетін азаматтар атқарушы билік органдарына өтінім беріп, рұқсат алып, орыны, уақыты мен келетін азаматтар санын айқындауы керек. Бұл жағдайда ол шаралар жасалмаған, өтінім берілмеген. Оның үстіне Бас прокуратураның 1 наурызға байланысты ескертпесі бар. Сондықтан жиын заңсыз болды», – деді.