Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы Алматы филиалы мен Көліктік бақылау инспекциясы бірлесіп, мегаполис жолдарындағы ауыр жүк көліктерін тексеруге рейдке шықты.
Сапа орталығының мамандарының айтуынша, қаланың тақтайдай тегіс жолдарын ұзақ қызмет еткізбей тоздыратын бірден-бір себеп – шамадан тыс жүк артып алатын ауыр көліктер екен. Әсіресе, құрылыс материалдарын тасымалдайтын көліктер салмақты қадағаламайтын көрінеді.
«Жолға зияны көп тиетін жүк көліктерін тексеру үшін көлік инспекциясымен бірлесіп, арнайы іс-шараларды жиі ұйымдастырамыз. Алайда заң бұзған, талапқа сай емес көлік жүргізушілерін анықтау үнемі мүмкін бола бермейді. Себебі жүргізушілер бір-біріне тексеру жайында хабар беріп үлгереді. Біздің ұлттық сапа орталығы қалаға кіретін үлкен тасжолдарда жүк көліктерінің санын анықтау жұмыстарын жүргіземіз. Бір тәулікте қалаға 4 000-ға жуық әртүрлі жүк көлігі кіреді. Біз тұрған Қапшағай-Алматы тасжолы арқылы күніне 1 000-ға жуық ауыр жүк көлігі өтеді», – дейді жол сапасына жауапты орталықтың инженері Айдар Бейіспеков.
Көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері ауыр жүк көліктерін бақылаудың қиындығын айтады. Себебі қала ішінде жүк көліктерін тоқтатып тексеру, салмағын өлшеу мүмкін емес. Бірақ бұл көліктер тексерілмейді деген сөз емес. Есесіне, құжаты дұрыс емес, жүкті шамадан тыс артып алған көлік иелеріне салынар айыппұл да аз емес. Сапа орталығының мамандары жүк тасымалдаушылар түрлі әрекетпен тексеруден құтылып кететінін де жасырмады.
Айта кетейік, соңғы кездерде жолдарды бүлдіреді деген жүк көліктеріне қатысты Парламент қабырғасында да айтыла бастады. Алдағы уақытта жол салу, жол құрылысына қатысты заңдарға өзгерістер енбек. Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбайдың айтуынша, жаңа өзгерістерден кейін жүк көліктерінің күре жолмен жүруіне белгілі бір шектеулер қойылатын болады.
Нұрболат Адырбек, Алматы