Партия Төрағасы Ерлан Қошанов Шымкент қаласына сапары кезінде көшбасшы партия кәсіпкерлерге шағын және орта бизнесті ашу және дамыту жолындағы кедергілерді жойып, жастардың бизнес бастауына қолдау көрсетеді деген болатын. Бүгінде үшінші мегаполисте бұл мәселелер шешімін тауып жатыр.
Шымкент қаласының тұрғыны Дана Мирбекова миллион тұрғыны бар қала тұрғындары үшін өзекті болып отырған балабақшалардағы орын жетіспеушілігін жоюға өз үлесін қосып келеді. Ол кәсібін жастар мен әйелдер кәсіпкерлігіне арналған 1 пайыздық жеңілдетілген несие алып ашқан. Оның кәсібін ашуға Shymkent Invest фронт-офисінің мамандары жөн сілтеп, көмек көрсеткен.
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ерлан Айтбаев, қалалық мәслихат депутаты, фракция жетекшісі Қайрат Имашев Shymkent Invest фронт-офисіне барып, ондағы жұмысты бағдарлап, кәсіпкерлермен сұхбаттасты. Орталық «бір терезе» қағидаты әдісімен кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіп, жобаларды сүйемелдейді. Маркетингтік зерттеулер мен талдаулар жүргізеді. Былтыр фронт-офистің көмегіне 2 325 кәсіпкер жүгініпті. Бір пайыздық үстемемен 52 кәсіпкер несие алған.
Бұл партияның сайлауалды бағдарламасында қамтылған мәселенің бірі саналады. 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» атты Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламаның Жол картасында кәсіпкерлік саласын дамытуға байланысты негізгі тармақтар қарастырылған. Шымкентте 2027 жылдың соңына дейін 80 мың жұмыс орнын ашу, кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылғандар санын 200 мың адамнан асыру жоспарланып отыр.
«AMANAT» партиясының бастамасымен Шымкентте 1,2 мың шағын және орта бизнес өкілін қолдауға жыл сайын қомақты қаражат бөлініп, өз ісін бастаймын деген 9,5 мың азаматқа жыл сайын грант және 2,5 пайызбен микрокредиттер ашық және әділ бөлінуі қадағаланады. Жастар және әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мақсатында 2,1 мың кәсіпкерге қолдау білдіру басшылыққа алынған.
Нұрлан ҚОСАЙ