«Алтайдан Карпатқа дейінгі ұланбайтақ далада дәл Қарқаралы топырағындай қасиетті жер жоқ» деп Қаныш Сәтбаев бағалаған жер. Қарқаралы – ешбір қалаға ұқсамайтын, өзіндік кескін-келбеті, сәулеттік өзгешелігі, бай тарихы бар өңір. Бір қаланың өзі – мыңдаған туристерге жәдігерін ұсына алатын эскпонаты көп орталық. Елді мекен Қарағанды қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 220 шақырым жерде, теңіз деңгейінен 815 метр биіктікте орналасқан.
Қарқаралыда ел көргісі келетін ғимараттар өткенімізге жетелейді. Тарихты біле түссек деген ой келеді. Құнанбай мешіті – Қарқаралы қаласында құрылысы 1850 жылы басталып, келесі жылы салынып біткен мешіт. Оны салу жөнінде 1847 жылы әңгіме қoзғалып, арасында Күшік – Тобықты баласы Құнанбай бар, 16 болыс қол қойған. 1849-52 жылдары Қарқаралы округіне аға сұлтан болған Құнанбай құрылыс жүргізу ісін өз қолына алып, тыңғылықты аяқтаған. Сол себепті де Қарқаралы шаһарындағы шежірелі һәм қасиетті мекен, 170 жылға жуықтайтын тарихы бар еңселі мешіт тікелей Құнанбай қажы есімімен байланысты.
Кейінірек мешіт жанынан медресе, шәкірттер үшін жатақ, молдалар үйі бой көтереді. Құнанбай мешіті Қарқаралы округіндегі ислам дінін уағыздауға, балалардың қара танып, сауат ашуына көп қызмет еткен. Мешітке кезінде Абай да барып тұрған. Құнанбай мешітінің күтімсіздіктен тозып, жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған кесенені қайта қалпына келтіру үшін 1989 жылы қарашада облыс, аудан жұртшылығының шақыруымен Алматы қаласынан Қазақтың мәдени-тарихи ескерткіштерін қорғау және қайта жабдықтау конструкторлық жобалау институты мен Көркем-сурет Ғылыми-реставрациялау өндірістік бірлестігінің мамандары 1991 жылы Құнанбай мешітін алғаш қалпына келтірді.
Бұдан басқа да жәдігерлер Қарқаралыда жетіп артылады. Бару керек, көру керек, білу керек...
Ал таудың ұшар басында орналасқан Шайтанкөл, Бассейн, Үш үңгір, Суық бұлақ, Жиренсақал секілді көлдер мен таулар тарихтың тереңінен сыр шертеді. Жаз мезгілінде туристердің демалыс орнына айналатын өңірге келушілер саны 35 мыңнан асып жығылады.
Ұлттық парк аумағында 11 туристік маршрут бар. Туристерден республикалық және ішкі бюджетке 40 млн-нан аса қаражат түседі. Жаз мезгілінде жұмыс істейтін – 16, қыста 11 демалыс орны бар. «Шахтер», «Берлога», «Жолжақсы» демалыс орындарына сұраныс жоғары.
Сонымен қатар туристерді тартатын парктің аумағы 112 мың гектардан асады. «Табиғат мұражайы» осы парктің қақпасы деп саналады. Қалаға келген қонақты мұражайға апару дәстүрге айналған. Мұражайдың ішінде бірнеше зал бар. Зоологиялық, ботаникалық, геологиялық деп кете береді. Қасқыр, қабан, арқар, бұғы, суыр, түлкі сияқты жануарлардың терісін бітеу сыпырып, қаптап қойған. Құстар да бір залдан орын алған. Келесі залда ұлттық парк аумағының шағын картасы жайылған. Шайтанкөл, Үлкенкөл, Самалкөлдеріңіз алақанда жатыр. Бір тұсынан Ақсораңнан сәл аласа Жиренсақал көзге ілігеді.
Мұражай жанындағы жануарлар қоршауы – туристер үшін тартымды жер. Табиғат паркінің өсімдіктер әлемі сегіз жүзден аса түрден тұрады. Олардың бесеуі Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Ал жануарлар дүниесінде 46 сүтқоректі мен 25 құс түрі мекендейді. Жануарлар мен құстардан арқар, қара ләйлек, бүркіт, үкі, ергежейлі бүркіт, дала сұржыланы, Игнатов гольяны Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Тарихқа көз жүгіртсек, құла түзде құлан, арқар жайылып, орман-тоғайымызда аю мен бұлан жортқан замандарда бұл өңірде жер бетіндегі ең алғаш мекендеген адам баласы болған деседі. Тіпті, жыртқыш жануардың ең алғашқы тұқымдасы динозаврлардың болғанын да тарих ақиқаттап отыр.
Қарқаралының солтүстігіндегі Қарасор көлінің жағасында 1848 жылдан 1930 жылға дейін белгілі Қоянды жәрмеңкесі өтіп тұрды. Қарағайлы қорғасын-барит кен-байыту комбинатының салынуына, оған теміржол мен тас жолдардың жүргізілуіне, қалада ауыл шаруашылықтың дамуына және айналасында көптеген демалыс орындарының пайда болуына байланысты Қарқаралы жедел өсе бастады. Шайтанкөл теңіз деңгейінен 1200 м биіктігінде орналасқан ұзындығы 60 метр, ені 40 метр болатын су қоймасы. Тереңдігі жайлы мәліметтер әрқилы. Қайбір жылы шетелдік ғалымдар арнайы аппарат түсіріп, көл тереңдігін тексермекші болған. Онысы «300-ден 500 метрге дейін жетіпті» дейтін сөздер де бар. Соған қарағанда, көл сөнген жанартаудың кіндігінде жатқан секілді. Орташа тереңдігі – 2 метр.
Суы мөлдір, сіңбейді, түбі тастақ, ешқандай ағын су келіп қосылмайды. Оңтүстік, батыс, солтүстік жағаларын қоршап тұрған жартастардың биіктігі 10 м және одан да биік. Қар, жаңбыр суымен толығады.
Жауын-шашын мол жылдары артық су шарасынан асып, оңтүстік жағасындағы науа тәрізді арнамен ағып кетіп отырады. Жан-жағын қарағай, қайың, терек, таңқурай, тасжарған, тобылғы, тағы басқа бұта өскен қалың ну орман көлеңке түсіріп, көл суын көп буланудан сақтап тұрады.
Шайтанкөл турасында ел арасында айтылған аңыздар жетерлік. Өлкетанушылардың айтуынша, көлді басқа емес, әулие Жиренсақалдың өзі солай деп атаған дейді. Халық арасында сол жайында аңыздар көп. «...Өте ерте заманда орман-тоғайлы осынау өңірге Жиренсақал әулие келіп, ел аралайды екен. Әулие биік таулардың бірінің шыңын мекен еткен-мыс. Күндердің күнінде ол Шайтанкөлге барған. Көлге жақын келсе, су ішінде дене тұрқы адамға келетін сары түсті қос мақұлық шомылып жүрген көрінеді. Түсініксіз тілде өзара сөйлескен әлгі екеудің бірі екіншісін «Әбілет, Әбілет!» деп атаса, екіншісі оған «Жәбілет!» дейді екен. Әулие бұлардың ерлі-зайыпты шайтан екенін біліп, олардың көбейіп кетуінен қауіптеніп, дұға оқып, айғай салғанда, қос шайтан зым-зия жоғалып кетіпті. Одан кейін әулие көл басына жиі келіп, дұға оқиды екен. Көлдің «Шайтанкөл» атануы содан екен» деседі.
Қасиетті Қарқаралы топырағында ұлтымыздың мақтаныштары болған ұлы тұлғаларымыз туып-өскен. Бұл жер қазаққа қорған болған атақты Қаз дауысты Қазыбек бидің, бай-шонжарлардың озбырлығына қарсы найзағайдай үн қатқан, ержүрек ақын-сазгер Мәди Бәпиұлының, шертпе күйдің атасы Тәттімбеттің, от ауызды, орақ тілді Кенже бидің, ақын Шөженің, Алаш арыстары Нығмет Нұрмақ, Жақып Ақбай, Әлімхан Ермек, Мәдіғали Тәтімнің, қазақ ән өнерін әлемге паш еткен Әміре Қашаубаевтың, жезтаңдай әнші Жүсіпбек Елебековтің, дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың, халық жазушысы Әлжаппар Әбішевтің, Халық қаһарманы, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтың туған жері саналады. Ал Қарқаралы табиғатына тікелей байланысты «Сұлушаш» поэмасын Сәбит Мұқанов 1928 жылы дүниеге әкеліпті.
Қазақтың алғашқы ағартушы, қоғам қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Әлімхан Ермеков, Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Нығмет Нұрмақов бұл өңір тарихына өз таңбаларын қалдырған.
Сонымен қатар мұнда талантты әншілер мен әртістер Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Жантөре Шанин, Қалибек Қуанышбаев, М.Уәлиева өз өнерлерін, ал Қажымұқан Мұңайтпасов болса, күрес бәсекесін өткізіп тұрды деген деректер бар.
Қаладағы тарихи ескерткіш, жәдігерлерімен ғана емес, тұмса табиғатымен тамсандырар Қарқаралы туризмге бет бұрды. Қонақ болып барып, үлкен әсермен қайтқанға не жетеді?!
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы