Бүгінде көк түтінге тұншыққан өңір саны аз емес. Биыл Астана, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған, Шымкент ауаның ластану көрсеткіші жоғары болған. Өнеркәсіп орындары шоғырланған аймақтарда ахуалды түзеудің бір тетігі – «жасыл» энергияға қол жеткізу. Түпкі мақсат – көмірдің түтінінен құтылу үшін жаңартылған энергияны кәдеге жарату.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев электр энергетикасы саласын дамыту мәселелері туралы өткізген кеңесте ЖЭК үлесін 2030 жылға дейін 10%-дан 15%-ға дейін көбейтуді міндеттеді. Қазақстан қуат көз бай ел болғандықтан «жасыл» энергетикада өз орны болуы тиіс.
Сондай-ақ елімізде 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу Стратегиясы қабылданды. 2035 жылға дейінгі болжамды теңгерім қуаты 6 ГВт ЖЭК енгізуді көздеп отыр. Былтыр елімізде жалпы қуаты 2388 МВт болатын 130 ЖЭК нысаны пайдалануға берілді. ЖЭК электр энергиясын өндіру үлесі 4,5% болды.
Қоршаған ортаны сақтай отырып, энергия тапшылығын жоюдың жолы сан алуан. Экономистердің пікірінше, жаңа технологияны енгізу үшін қыруар қаржы керек. Қазақстан мен шетелдік сарапшылардың ортақ алаңына айналған Qazaq Green Fest-те өзекті мәселелер талқыланды. Жобаны жүзеге асырудағы қиындықтар, тариф, экология, тіпті қағазбастылықтың да көп екені айтылды. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің пікірінше, жаңартылған энергия көздерін өндіру, кәдеге жарату үшін ортақ мәселе жиі талқылануы керек.
«Инвесторлар мен халықаралық сарапшылардың алдын ала болжамы, тәуекелдер мен жаңа мүмкіндіктерді талдап, зерттеп алмай жүзеге асыру мүмкін емес. Себебі, қыруар қаржы жұмсалған жобалардың іс жүзінде жүзеге асқаны өте маңызды. Сүзгіден өткен үздік жоба, ұсыныстар ғана Қазақстанда жаңартылған энергетика саласын дамытуға мүмкіндік береді», – дейді министр Алмасадам Сәтқалиев.
Осыдан бес жыл бұрын ЖЭК жобаларын іріктеу бойынша аукциондық тетік іске қосылды. Бұл мүмкіндік шетелдік инвесторлар мен халықаралық даму институттары тарапынан жоғары бағаланды. Бес жылда аукциондарға әлемнің 13 елінен 232 компания қатысты. ЖЭК секторы 1 триллион теңгеден астам инвестиция тартты. Нәтижесінде, 2000-нан астам тұрақты жұмыс орны ашылды.
Келешекте жаңартылатын қуат көздері жобаларында отандық өнімнің үлесін арттыру маңызды. Шетелден жаңа станцияларды салуды үйренумен қатар ғылым мен технологияны меңгерген кадр даярлау қажет. Шетелдік маман, технология, құрал-жабдыққа түбейгелі тәуелділік тариф бағасына тікелей әсер етеді. Электр энергиясының жоғары тарифі үшін жергілікті тұрғындар қомақты қаржы төлеуге мәжбүр болады. Себебі, Қазақстанда жоғары оқу орны көп болса да, осы салада маман тапшы. Жоғары кернеулі электр тораптарында жұмыс істейтін маман жоқ. Кадрлардың орташа жасы 50-ден асқан. Жұмысшы тұрақтамайды. Себебі, жалақысы төмен, әлеуметтік қолдауға зәру.
Болашақта баламалы қуат көздерін пайдалану – ауқымын кеңейту кезек күттірмейтін мәселе. Бірақ оны жүзеге асыру үшін де жүйелі жұмыс, үнемі ізденіс керек. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов фестивальге қатысушыларға арнаған сөзінде ұзақ жылдарға арналған жоба келешек ұрпақ үшін керек екенін айтты.
«Жаңартылған энергия көздеріне көшу күрделі әрі ұзақ процесс. Осы жолда алуан түрлі пікір қайшылығы болуы да заңдылық. Инфрақұрымды жаңарту, қолда бар орталықтарды заманауи техника, технологиямен жабдықтау, кадр даярлау, салаға қаржы тарту да оңай емес. Тұрғындар игілігін көргеннен кейін ғана жобаның тиімділігіне көз жеткіземіз. Сондықтан инвесторлар, энергетиктер, сарапшылар талқылайтын проблемалардың ортақ шешімін табу маңызды. Қолданыстағы заңдарға да өзгерістер мен толықтырулар енгізу бұл саланың жаңа бағытта қарқынды дамуына ықпал етеді», – дейді Мәжіліс төрағасы.
Жылдан-жылға электр энергиясына сұраныс артпаса, кемімейді. Әсіресе, оңтүстік өңірдің тұрғындары жел соқса, жарықсыз қалады. Электр станцияларынан ақау шықса, Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Жетісу, Түркістан облысының тұрғындары әп-сәтте қараңғыда отыруға мәжбүр. Электр желілерінің ескіруі, уақытында жаңартылмауы шығынның артуына түрткі болып отыр.
Бұл мәселе Қазақстан, АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Франция, Германия, Қытай, Жапония, Өзбекстан, Ресейден 300-ден астам адам қатысқан жиында осы кеңінен талқыланды. «ҚазМұнайГаз», Visor Holding, ENI, Shell, KPO, NCOC, Air Liquide, Toyota Tsusho, Chevron, Tengizchevroil, Sany, Longi, Huawei мен өзге компаниялардың өкілдері инвестиция пайда алып келетін әдіс-тәсілдерді ұсынды.
Қазақстанда ЖЭК дамытудың аса өзекті мәселелерін талқылаған жиында іскерлік қоғамдастық Үкіметке ұсынысын жеткізді. Секторды дамыту үшін ЖЭК шағын ауқымды жобаларын енгізуді ынталандыру, тарифті төмендету, қаржылық тұрақтылық, университеттерде ЖЭК бойынша білім беру бағдарламаларын іске қосу керегін ашық айтты.
Qazaq Green ЖЭК қауымдастығы директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Қапеновтің айтуынша, жаңартылатын энергетиканы дамыту мәселелерін талқылау энергетика саласын трансформациялауға қозғаушы күш болды.
«Қазіргі таңда ЖЭК секторының алдында маңызды міндеттер тұр. Елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәсіпкерлік арқылы шағын ауқымды ЖЭК-ті дамыту, энергия жинақтау жүйелерін пайдалану маңызды. Сол себепті, ЖЭК экологияны сақтап, экономиканы дамыту үшін ең тиімді құрал деп санаймыз», – дейді ол.
Балалар үйіне көлік табыстады
Екі күн бойы энергетика мен қаржы секторының мамандары талқыған мәселелер жүйелі түрде жүзеге асыруды қажет етеді. Жеті рет өлшеп, бір рет кеспесе, іске асқан жобалардың пайдасынан шығыны көп. Электр энергиясын өндіреді деп жоспарланған Күн мен жел станцияларының арасында құрылысы орта жолда тұралап қалғандары да бар. ЖЭО, ірі өнеркәсіп орындары көмірді тұтынуды азайтуға қадам жасап жатыр. Алайда, коммуналдық қызмет бағасының көтерілуі, сапасыз қызметтен зардап шеккен тұрғындар үшін пайдасы бола ма? Табиғатты қаз қалпында сақтап, таза отынды пайдалану үшін білікті маман, қомақты қаржы, тарифтің тұрақты болғаны керек.