Мемлекет басшысы Ұлттық ғылым акаде­мия­сының президенті Күнсұлу Закарьяны қабылдады
Ғылыми әлеует экономиканы дамытуға бағытталады
979
оқылды

Кездесу барысында Мем­лекет басшысына Ұлттық ғылым академиясының қызметі мен жоспары жөнінде есеп бе­рілді. Сондай-ақ ғылым сала­сына қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа мәртебеге ие болған Ұлттық ғылым академиясы отандық ғылымды дамыту ісінде негізгі рөл атқаруға тиіс екенін атап өтті. Президенттің пікірінше,  мемле­кет­тің ғылыми-техноло­гия­лық және экономикалық сая­саты арасындағы өзара бай­ланыстың нығаюына баса мән бере отырып, ғылымды дамыту­дың жаңа тә­сілдерін қолдану керек.

Президент отандық ғылым­ды дамыту үшін мемлекет қа­жетті жағдай жасап жатқа­нына назар аударды. Президент жа­нындағы Ғылым және тех­но­логиялар жөніндегі ұлттық кеңес жұмыс істейді. Зерттеу жұмыстарын қаржыландыру көлемі айтарлықтай артып, қар­­­жыландыру тетіктері жетіл­діріл­ді. Бұл ретте Мемлекет басшысы қаржыландырылып жатқан ғылыми жобалардың өзекті әрі сұранысқа ие болуы, сондай-ақ экономиканың нақты сектор­ларында іс жүзінде қолданылуы маңызды екенін атап өтті.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ҰҒА президенті Күн­сұлу Закарьяға талантты әрі жас ғалымдарды ғылыми ортаға тар­ту жөнінде нақты тапсыр­малар берді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ғылыми ин­тел­лигенцияның елімізді дамытуға елеулі үлес қоса­ты­нын атап өтіп, Ғылым акаде­мия­сы прези­дентінің жауапты қызметіне табыс тіледі.