Биыл 11 жаңа мектеп ашылады

Бүгін Халықаралық балаларды қорғау күнімен бірге елімізде соңғы қоңырау соғылып, мыңдаған түлек мектеппен қоштасады. Халық саны жылдан-жылға артып отырған бас қалада да биыл он мыңға жуық оқушы үлкен өмірге жолдама алмақ.

Осыған орай елордалық оқу­шылардың жетістіктері мен cаладағы өзге де мәселелер турасында Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев­пен сұхбаттасқан едік. 

– Қасымхан Сенғазыұлы, Астана қаласының білім көрсеткіші қалай? Оқу жылының қорытындысы көңіл көншіте ме? 

– Биыл оқушылар мен мұға­лімдер үшін де ерекше оқу жылы болды деп айтсақ болады. Ең бас­тысы, оқу жылын табысты аяқтап жатырмыз. Үш тоқсанның қоры­тындысы бойынша білім сапасы 56 пайызды құрады. Былтырмен са­лыстырғанда көрсеткішіміз 2 па­йыз­­ғ­а өсті. Дарынды балаларымыз республикалық олимпиадаларда ең үздік нәтиже көрсетіп, ғылыми жобалар бойынша да «ең үздік олимпиадалық команда» атанды. Бірақ бұл көрсеткіштерге тоқме­йілсуге әлі ерте. Оқу жылы аяқтал­ғанымен, күнтізбелік жыл аяқ­талған жоқ. Сондықтан білім са­ласын жетілдіру бойынша жұ­мыс­тар жал­ғасын таба береді. Оның ішінде балалардың жазғы демалысы мен сауықтыру лагерьлерінің жұмысын өз деңгейінде ұйым­дастыру, жаңа оқу жылына дайын­дық, білім беру мекемелеріндегі күрделі және ағым­дағы жұмыс­тарды соңына дейін жеткізу қажет. Биылға жоспарланған 11 мек­те­бімізді іске қосуды да мақсат етіп отырмыз.

– Қаланың білім көрсеткішінде­гі жетістіктердің дені жалпы орта білім беретін мектептің үлесінде ме, әлде жекеменшік мектептердің үлес салмағы басым ба? 

– Кез келген бала мемлекетке ортақ болған соң қаладағы оқушы­лардың жетістіктері де ортақ көр­сеткішке кіргізіледі. Біз олардың үлес салмағын бөліске түсірмейміз. Сондықтан олар жалпы білім бе­ретін мектепте оқи ма, әлде жеке­меншік мектепте ме, бөліп жар­маймыз. Мәселен, республикалық және халықаралық жарыстарға жолдама алған «Нұрорда», Spectrum, республикалық физика-ма­тематика мектептеріндегі оқушы­ларымыз өте жоғары нәтиже көрсе­тіп жүр. Сол себепті біз білім көр­сеткіштерін көрсеткенде жекемен­шік мектептермен бірге атап өтеміз. Бизнестегі қаражаттары ғана бөлек, тәрбиесі мен білімі ортақ. 

– Дұрыс екен. Бірақ жалпыға білім беретін мектептің білім сапасын жекеменшік білім ошақтарының деңгейіне жеткізу қалай жүріп жатыр? Мысалы, қаладағы BINOM мектептеріне балаларын жаппай ауыстырып жатқан ата-ана көп. Себебі не деп ойлайсыз? 

– BINOM мектептері қала­мыз­дағы ең ұтымды іске асырылған жоба десек болады. Тез арада 6 мектебін салып, екі ауысымда 24 мың балаға орын берілді. Бұл мек­тептер салынбағанда қаладағы үш ауысымды мектептердегі жағдай бас­қаша болар еді. Жалпы білім бе­ретін мектеп-лицейлер мен BINOM мектептерінің білім сапасында ешқандай айырмашылық жоқ. Еке­уінің де бағдарламалары бір. Сағат жүктемесі де, математикадан бере­тін сағаты да бірдей. Алайда қалада халықаралық стандартқа сай оқы­татын жекеменшік мектептер де, дарынды балаларға арналған ма­мандандырылған мектептер де бар. Қазір қалада 5 мамандандырылған мектеп бар. Егер математика бағы­тындағы мектеп болса, басқа мек­тептерден қарағанда мұндағы оқу­шылар математика пәнін артық сағатпен оқиды. 

Қазір «Жайлы мектеп» жоба­сын қолға алып жатырмыз. Соның аясында 2024-2025 жылдары 88 мың 800 орынға арналған 24 жай­лы мектеп салынады. Қазір са­лынып жатқан мектептеріміз де өте жақсы. Бірақ Астана астана бол­ғанға де­йінгі са­лынған 27 ескі мек­теп бар. Оларды да күрделі жөн­деуден өткізіп, за­манауи жайлы мектеп­терге айнал­дыруды мақсат етіп отырмыз. Сон­дай-ақ балабақ­шаларда да күрделі жөндеу жұмыс­тары жүргізіліп жа­тыр. Қазір қа­ладағы балабақша­лардың 75 па­йызының ойын алаң­дары ескірген. Сол үшін алдағы үш жылдық жоспарымыздың аясында ба­лабақшалардағы ойын алаңдарын толықтай жаңартып шығуға көңіл бөлініп отыр. Биылдың өзінде 35 балабақшаның ойын алаңдары жаңартылса, ары қарай да кезең-кезеңімен үш жылдың ішінде 100 пайыз жаңартып шығатын бо­ламыз. Елордада мыңнан астам студентке орын тапшылығы бар. Студенттерге де жайлы жағдай жасау үшін қала әкімдігі мың орынға арналған Сту­денттер үйін келесі жылы қолда­нысқа беруді жоспарлап жатыр. Оның ішінде жастардың уақытты тиімді өткізіп, саламатты өмір сал­тын ұстануы үшін барлық жағдай жасалады.

– Былтырдан бастап білім саласы қызметкерлерінің жалақысы тағы да 25 пайызға өсті. Мұғалімдер мәр­тебесін көтеретін бұл реформа білім сапасын арттыруға септігін тигізе алды ма? 

– «Педагогтер мәртебесі» тура­лы заң қабылданғалы бері ұстаз­дардың жалақысы жоғарылап, бі­ліктілігін көрсеткені үшін де үсте­меақы қосылады. Жалақы өскен соң білім саласына келгісі келетіндердің қатары күрт артты. Қазір мектеп бі­тіруші түлектердің арасында пе­догикалық мамандықтарға түсуге ниеттілер көп. Біз педагогикалық мамандықтарға түсу үшін бәсекенің артқанын байқап отырмыз. Дипло­мын алып келген жас маманды жұ­мысқа алардан бұрын тест тап­сырып, арнайы конкурстан өткі­земіз. Өкінішке қарай, осындай іріктеуден өте алмай сүрініп жатқан педагогтер бар. Университет бітіріп келген мұғалімдерге де біліктілік арттыру жұмыстарын жүргізіп жа­тырмыз. Биыл жыл аяғына дейін 6 мыңнан астам педагог осындай курстан өтетін болады. Курстан бүгінге дейін 1 500 мұғалім өтті. Енді 2 500 мұғалім жаз айларында білік­тілігін арттырады. Одан кейін атес­таттаудан өтсе, қосымша үстемеақы төленеді. Қазір 4 500-ден астам пе­дагог өтініш берді. Оның арасында құжаттары толық болмай 1 мыңнан астамы кері қайтарылса, 3 500-ден астам құжат қайтадан қаралып жатыр. 

– Жоғары жалақы мұғалімдерге стимул берген секілді. Ал балабақша тәрбиешілері тасада қалып қойған жоқ па? 

– Балабақша тәрбиешілерінің де жалақысын көтеру мәселесі қа­ралып жатыр. Биыл олардың айлы­ғы 25 пайызға өсті. Келесі жылы да көтеріледі деген ойдамыз. Білік­тілігін арттырған тәрбиешілерге де үстемеақы төленіп отырады. Сол үшін ерінбей еңбек ету керек. 

– Демек, қазір ұстаздыққа жо­ғары жалақы үшін келетіндер көп. Ал жалған диплом алғандарға қарсы күрес шарасы қалай жүріп жатыр? 

– Бұл мәселені жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан біз маман­дарды жұмысқа қабылдамас бұ­рын дипломын тексереміз. Мін­детті түр­де университеттерге сұрау са­ламыз. Жалған дипломмен жұ­мысқа тұрғандар жұмыстан шы­ғарылады. 

– Қаладағы дарынды балаларға мемлекеттен қандай қолдау бар?

– Қаладағы 5 мамандандырыл­ған мектептерде білім алып жатқан дарынды балаларымыз жетерлік. Олар әртүрлі ғылыми жарыс пен олимпиадада жоғары көрсеткіш көр­сетіп келеді. Қазір республи­ка­лық олимпиадалардан жеңіп келген дарынды балаларға мемлекет тара­пынан университеттен тегін грант­тар бөлінеді. Кейбір дарынды бала­лар оқуын бітірмей жатып-ақ шет­елдік университеттерге грантқа шақыру алып жатыр. Одан кейін олимпиададан жүлделі болып кел­ген оқушылар мен олардың же­текші ұстаздарына берілетін үсте­меақы бар. Бұл бізді қуантады. Бо­лашақта дарынды балаларға ар­налған мек­тептер көбірек ашы­луы керек. Ме­ніңше, әр мектеп дарынды бала­ларға арналған мек­тепке айналуы тиіс деп санаймын. Өйткені бүгінде дарынды ба­ла­лардың қатары күн­нен-күнге ар­тып келеді. 

– Ал қаладағы үш ауысымды мектептердің мәселесі қашан түбе­гейлі шешіледі? 

– Қаламызда балалар саны шама­дан тыс көп мек­тептер бар. Биыл 11 мектептің құрылысын жүргізіп жатырмыз. Жыл аяғына дейін бітіреміз деп отырмыз. Егер осы мектептерді қолданысқа бер­сек, қаладағы 4 мектептің үш ауы­сымдық мәселесі шешіледі. Қалған мектептердің де мәселесі 2024-2025 жылдары толықтай шешіледі деп ойлаймын. 2025 жылға дейін 100 мың орынға арналған мектеп сала­мыз. Оның барлығы үш ауысымды шамадан тыс оқып жатқан мектеп­тердің маңа­йына, мектебі жоқ көпқабатты үй­лердің айналасында бой көтереді. 

– Бала саны көбейіп жатыр. Ал педагогтердің жетіспеушілігі бар ма? 

– Рас, бала саны өсіп отыр. Биыл бізде 9 жарым мың бала мек­тепті бітірсе, 27 мың бала мектеп та­бал­ды­рығын аттағалы отыр. Сон­да қала­дағы бала саны жылына 20 мыңға өсіп отыр. Қазірдің өзінде елордада 237 мың бала болса, алдағы 4-5 жыл ішін­де бала саны 100 мыңға өседі. Демек, бізге кем дегенде 3 500-4 000 педагог керек. Сон­дықтан былтырдан бастап елорда әкімдігі педагогикалық маман­дық­тарға 1 000 грант бөліп отыр. Кол­ледждегі гранттардың саны 1 200-ден 1 400-ге өсті. Ертеңгі күні осы ЖОО-да оқып жатқан 4 000 сту­дентке колледждегі 3 500 білім алу­шыны қоссақ, қалаға келетін мұға­лімдердің саны 5-6 мыңға же­теді. Одан бөлек, жақын облыстардан қатынайтын, қалаға көшіп келіп жат­қан мұғалімдер бар. Жас маман­дарды тарту үшін қаламызда жас ұстаздарға арналған жатақхана бар. Университет бітіріп келген жас мамандарға жағдайын жақсартып алғанға дейін жатақхана береміз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Жадыра МҮСІЛІМ