Науқастың екеуі 27 жаста, біреуі 46-да.
Ақтөбеде жол апатынан 4 адам қаза тапты
1,494
оқылды

Ақтөбедегі Самара-Шымкент тасжолында жеңіл көлік алдында келе жатқан жүк көлігіне соқтығысты. Салдарынан 4 адам көз жұмды.

Оқиға бүгін Самара-Шымкент автожолының Қобда ауданы аумағында болды. «Лада Ларгус» автокөлігінің 27 жастағы жүргізушісі «DAF» жүк көлігімен соқтығысқан.

«Апат салдарынан «Лада Ларгус» автокөлігінің үш жолаушысы оқиға орнында қайтыс болды. Біреуі ауруханада көз жұмды. Полиция департаменті жол қозғалысының барлық қатысушысын жол ережелерін қатаң сақтауға шақырады», – деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Ал Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаевтің айтуынша, жарақат алғандардың төртеуі алдымен Қобда аудандық ауруханасына жеткізілген.

Сол жерде 27 жастағы әйел көз жұмды. Ол жабық бас-ми жарақатын алған, сүйектері сынып, көп қан жоғалтқан.

«Өтек ауылы маңындағы жол-көлік апатынан зардап шеккендер алдымен Қобда аудандық ауруханасына жеткізілді. Кейін облыстық жедел жәрдем ауруханасына әкелінді. Олар жабық ми жарақатын алған. Науқастың екеуі 27 жаста, біреуі 46-да», – деді Рүстем Исаев.