3 пен 12 жас аралығындағы балалар зардап шеккен.
Петропавлда аттракцион істен шығып, бес бала жарақат алды
1,031
оқылды

Петропавлда орталық саябақтағы аттракциондардың бірі істен шығып, салдарынан бес бала жарақат алды.

 

Оқыс оқиға кеше Петропавлда 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні болған. Орталық саябақтағы «гусеница» деп аталатын әткеншек істен шығып, бес балаға алғашқы медициналық көмек қажет болды.

Аттракциондар «Мир аттракционов» ЖШС-ге қарасты. Оқиғадан кейін оның басшылығы қалыптасқан жағдайға түсінік берді.

«Кеше аттракционға келгендердің қарасы қалың болды, үлкен жүктеме артылды. «Гусеница» әткеншегінің істен шығуына жоғары ауа температурасы да әсер еткен болуы керек. Салдарынан тежегіші істен шығып, бірнеше кабина кілт тоқтаған. Балалардың денелері соғылған. Оларға бірден медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне жіберілді. Қазір «гусеница» әткеншегі тоқтап тұр, болған оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Астана қаласынан сарапшы келіп, нақты себебін анықтайды», - делінген «Мир аттракционов» ЖШС таратқан ақпаратта.

Ойын-сауық орталығы мамандарының айтуынша, саябақтағы барлық атрракциондар жылда пайдалануға берілмес бұрын көктемде тәуелсіз зертхананың тексерісінен өтеді.

Ал зардап шеккен балалар 3 пен 12 жас аралығында.

«Облыстық балалар ауруханасына бес бала қаралды, олардың екеуі жедел жәрдем көлігімен жеткізілді. Үшеуін туыстары әкелді. Барлығын амбулаторлық ем алуға жібердік», - деді емдеу мекемесінің мамандары.