Мемлекеттің басты атрибуттары – Туы, Елтаңбасы, Әнұраны. Десе де, олардың сыртында елдікке тұғыр, ұлтқа тағылым болар талай нәрсе жатыр. Оларды елімізде ашылғанына көп болмаған Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің Геральдикалық зерттеулер орталығы зерттейді. Мереке қарсаңында орталық директорымен сұхбаттасқан едік.
Асылбек Байжұмаұлы: Мемлекеттік рәміздерді насихаттау орталығын ашу керек
3,109
оқылды

– Асылбек Байжұмаұлы, мерекелеріңіз құтты болсын! Расында, бұл – елдің ортақ мерекесі. Ендеше орталықтың бүгінгі тынысы қалай? Қандай жұмыстар атқарып жатыр?

– Рақмет! Шындығында, патриотизм, отансүйгіштік дегеніміздің бастауы – мемлекеттік рәміздерді құрметтеуде, дәріптеуде жатыр. Біздің геральдикалық зерттеу орталығының басты мақсат­тары­ның бірі – мемлекеттік рәміздерді насихат­тау. Сол арқылы жастардың ұлтқа, Отанға деген құрмет сезімін ояту. Біздің орталық­тың жұмысы 3 бағытта жүреді. Біріншісі – тарихи таңбаларды зерттеу, екінші бағы­ты – мемлекеттік рәміздерді насихаттау, үшіншісі – ведомстволық наградаларды сараптау. Десе де, біздің геральдикалық зерттеу орталығының ашылғанына да көп болған жоқ. Екі жылдың көлеміндей ғана уақыт өтті. Осы уақыт ішінде біз халықтың патриоттық сезімін оятып тастадық деп айта алмаймыз. Бірақ жүйелі, жоспарлы жұмыстарды жүргізіп келеміз.

Жалпы бізде 30 жыл бойы рәміздерді насихаттау жұмыстары жүргізілді деп айтылып жатады. Бірақ шын мәнінде олардың барлығы семинар, конференция сияқты жиналыстардан әрі аса алмады. Немесе бір күндік форум сияқты дүние­лермен шектелді. Ал олар ешқашан да соншалықты тиімді нәтиже бере алмайды. Сондықтан да бұл жерде жастармен жыл бойына кәдімгідей жүйелі, түрлі іс-ша­ралар өткізу керек. Насихаттау жұмыс­тарын жүргізу қажет. Осы мақсатта біз был­тырлары да, биыл да кең ауқымды жұмыс­тарды жүзеге асырып жатырмыз. Таяу арада, мәселен, Қарағанды облысын­да болдық. Е.Бөкетов атындағы универ­ситетте студенттермен кездестік. Өзімізбен бірге Елтаңбамыздың авторы Жандарбек Мәлібеков ағамызды ертіп жүрдік. Сол кезде ағамыздың бір ауыз сөзін есту үшін, Елтаңбаның авторын тірілей көру үшін жастардың ентелеп жүгіріп, бірге фотоға түскенін көріп, қуанып қалдық. Олардың сұрақтарын қойып жатқанының өзі үлкен бір әсер берді. Сондай мақсатта былтыр да Ақмола облысында, Қарқаралы өлкесінде, Ерейментау өңірінде болдық. Сол жер­лерде жастармен, үлкендермен кездестік. Патриотизм туралы, рәміздеріміз туралы айттық. Ол кісілер де өз пікірлерін білдірді. Сондай бір нақты жұмыстар арқылы, нақты кездесулер арқылы насихаттау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Оның ішінде БАҚ арқылы былтырдың өзінде 60-қа жуық сұхбат түрінде, өзіміздің ақ­парат түрінде, көптеген мәліметтер тарат­қан екенбіз. Ол да өз нәтижесін беріп жа­тыр.

– Аймақтардан бөлек, орталықтың өзінде қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Өзіміздің Геральдикалық орталық жанынан Ғылыми кеңесімізді аштық. Ол жерде Тұрсын Жұртбай, Халиолла Ахметжанов, Жандарбек Мәлібеков, Қаржаубай Сартқожаұлы, Сұлтанхан Аққұлұлы сияқты елімізге белгілі беделді ғалымдарымыз бар. Алғашқы жиын­да Алтын Орданың туын, Алаштың туын қарастырдық. Яки, қазір бізде мульт­фильм­дерде, бейнефильмдердің барлы­ғында неше түрлі тулар ұстап жүр. Осыған жол беруге болмайды. Нақты туға қазірден бастап жастардың көзін үйрете беру керек деген мақсатпен жұмыс істеп жатырмыз. «Қазақ геральдикасы» деген фотоальбом дайындадық. Былтырғы желтоқсан айынан бастап халықаралық «Таңбалар тілі» деген журнал шығара бастадық. Қазір үшінші саны жарық көріп жатыр. Геральдика деген нәрсенің өзі Еуропаға тән дүние ғой. Сондықтан да мен бұл бағытта тәжірибе алмасу бағытында Ресейде болдым. Содан көзім жетіп келгені – біз Ресейдегі, жалпы Еуропадағы геральдика ғылымымен емес, өзіміздің қазақ геральдикасын құрып, сонымен жүруіміз керек екен. Яки, сонау таңбалы тастардан бастап қазіргі мемлекеттік рәміздерге дейінгі аралықты зерттеуіміз қажет.  Қазір осы мақсатта жұмыс істеп жатырмыз. Қырғыз, өзбек, әзербайжан, түрік мемлекеттерінің ғалымдарымен байланыс орнаттық. Қазір ол кісілер біздің «Таңбалар тілі» журналымызға өздерінің мақалаларын беріп жатыр.

Жақын болашақта Еуразия бола ма немесе түркі тілдес елдер бола ма осындай халықаралық геральдика орталығын құру туралы ойымыз бар. Мұны біз Мәдениет және спорт министрлігіне ұсынғанбыз. Егер жоғары жақтан қолдау тауып жататын болса, Алматының жанындағы 170 шақы­рым жердегі Таңбалы тастың іргесінде, дала төсінде кәдімгі қазақтың киіз үйлерін тігіп тұрып, аламан бәйгесін беріп, қазақи салт-дәстүрлерін көрсетіп, дүниежүзінің 25 мемлекетінің геральдист ғалымдарының басын қоссақ, сол жерде осы одақты құр­сақ және сол 25 мемлекеттің геральдистері соған мүше болса деген биік мақсатымыз бар. Оның жұмысын не біздің мемлекет басшымыз не болмаса министр деңгейінде өзіміз басқарса деп отырмыз. Сонда ғана біз Орта Азиядағы осы геральдика ғылы­мының үлкен орталығына айнала аламыз.

Орта Азиядағы бір де бір мемлекетте геральдика мұражайы жоқ. Қазіргі теңге­леріміз де, ою-өрнектеріміз де, біздің қазақтың қолданып жүрген дүниелерінің барлығы геральдикаға жатады. Осының барлығын жинақтап келіп жеке бір өз алдына геральдика музейін ашатын болсақ, бұл бір үлкен керемет дүние болар еді. Сонда біз тек қазақ геральдикасын ғана емес, түркітілдес елдердің де гераль­дикасын ары қарай бірге алып кете алатын халықаралық деңгейдегі орталыққа айна­лар едік. Өкінішке қарай, бұл ұсынысы­мызға министрлік тарапынан жауап болмай жатыр. Шынымды айтсам, Дәурен Абаев министр болып тұрған кезінде бұл мәселе қолдау тауып, ол кісі осы гераль­дика саласына ерекше мән беріп, әр тоқсан сайын мені шақыртып, қандай жұмыс жүргізіп жатқанымызды, қандай жоспарларымыз барын сұрап, бізге қаражат бөлу мәселесін тікелей бақы­лауына алып отыратын. Қазіргі келген жас министріміздің әлі қолы тимей жатыр ма, әлде комитеттен аспай жатыр ма, тіпті комитет тарапынан да біздің жіберген бірнеше жобаларымыз қолдау таппады, яки қаржы бөлінбеді.

Екінші бір үлкен жобамыз – «Бір ту – бір ел» жобасы. Оның аясында бүкіл Қазақ­стан бойынша жастардың араласуы­мен еліміздің барлық өңірлерінде жыл бойына туымызды насихаттайтын іс-шаралар өткізуді көздеп отырмыз. Оның ішін­де экспедициялар, кездесулер, конфе­рен­циялар, тау-тастардағы үлкен бір альпинистік іс-шаралар бар. Қажет болса, қазір жас-жұбайлар үйленіп жатқан тойда бірінші туға бас ию керек деген сияқты дәстүрлерді енгізуді ұсынып жатырмыз. Болмаса, Түркі елдерінде мешіттерінің барлығында сол елдердің туы тұрады. Неге біздің мешіттерге ту іліп қоюға болмайды деген сияқты ой туып отыр. Осындай әртүрлі он шақты идеямыз бар. Мәселен, Әлкей Марғұлан атамыз – таңбалы тастар­ды зерттеп, алғаш негізін қалаған адам. Келесі жылы ол кісінің туғанына 125 жыл толады. Осы кісі туралы үлкен бір бейне­фильм жасау ойымызда бар. Соның нәти­жесінде жылдың соңында Президенттің қатысуымен Астана қаласында «Бір ту – бір ел» деген үлкен бір жиын өткізсек кере­мет болар еді. Бұл жобаны да ұсын­ғанбыз, өкінішке қарай әзірше қолдау таппай отыр. Егер мұндай жобалар қолдау тапқан жағдайда, әрине оның әсері де көп болары сөзсіз.

Одан бөлек, мемлекеттік рәміздерді балаларды сауықтыру орталықтарында, балалар лагерінде, колледждерде, универ­ситеттерде насихаттаудың әдістемелік құралдарын әзірлеп шықтық. Оны да комитетке тапсырдық. Енді дәл қазіргі уақытта балабақшадағы балаларға сурет арқы­лы және кішкентай-кішкентай ша­ғын төрт жол шумақтар арқылы «туыңды жықпа», «туыңды биік ұста» деген мағы­на­да иллюстрациялық кішігірім әдістеме­лерді әзірлеп жатырмыз. Балалар суретіне қарап, туды аяққа таптауға болмайтынын, қорлауға болмайтынын, содан түсінетіндей әсері бар.

– Жаңа үш түрлі бағытта жұмыстар атқарамыз дедіңіз. Соның бірі ведомстволық награда екен. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Бүгінде елімізде ведомстволық награда бойынша 200-ден астам марапат бар. Мемлекеттік наградалардан бөлек, әр министрліктің, әрбір қордың, әрбір орган­ның өзінің наградалары бар. Мысалы, Жоғары соттың, Бас прокуратураның, күш­тік құрылымдардың барлығында «Үздік қызметкер», «Мінсіз қызметі үшін» деген тағы да басқа медальдары бар. Оған қоса ардагерлер туралы деген сияқты тағы да басқа медальдар ойлап тауып жатыр. Соларды бізге сараптамаға жібереді. Шындығын айтсам, бұл өте қате дүние. Себебі олай көбейте берсек, олардың саны мыңға жетіп, онда ертең басымыздан балағымызға дейін медаль тағатын Сол­түстік Кореяға айналып кетеміз ғой. Бұлай болмайды, біз керісінше Еуропалық үлгіге көшуіміз керек. Мәселен, Президентіміз Ресейге барған кезінде Невский орденінен бас тартты емес пе? «Мен өзімнің мемлекеттік қызметті атқарып жүрген уа­қы­тымда ешқандай да марапат алмаймын» деді ол. Сол сияқты мұндай ұстаным өзге­лерге үлгі болуы шарт. Жалпы ақын-жазу­шы­ларымыз ренжімесін, бірақ, өкінішке қарай, олардың көпшілігі – атаққұмар. Сол бір кішкентай темірді тағу үшін жан­дарын беруге дайын тұрады. Бұл – кеңестік идеологиядан қалған жаман бір ұғым.

Егер І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Үздік шахтер» де­ген медальды беріп жатса түсінуге болады. Олар 20 жыл шахтада, жердің астында адам төзгісіз жағдайда жұмыс істеп, сол еңбегі бағаланып медаль тақты. Онда да медальды алып ол қайда барады? Егер ол сол медалімен тегін емделе алмаса, автобуста тегін жүрмесе, басқа да бір жеңілдіктер көрмейтін болса, ол темірді тағып қойғанның не қажеті бар? Оны ертең оның балалары құрметтей ме? Әкеміздің медалі еді деп сақтай ма? Мәселе – сонда. Одан да сол үздік шахтерға 20 жылдық еңбегін бағалап, шетелге қыдырып келуге, отбасымен болса да, сертификат берсе. Немесе бір жылға дейін тегін ауруханада емделуге, бір жылға дейін курорттық санаторийларға 10-15 күнге отбасымен барып демалып келуге мүмкін­дік берсе деген сияқты материалдық жағы­нан бағаласа – сол дұрыс болар еді. Сондықтан да наградалардың санын азайту туралы біраз ұсыныстар бердік. Өкінішке қарай, ол да қолдау тапқан жоқ. Керісінше, қазір өршіп бара жатыр. Неше түрлі орден-медальдар қаптап барады. Оның сыртында қазір бақылаусыз жұмыс істеп жатқан жеке қорлар көп. Сол қорлар­дың шығарып жатқан орден-медальдары қаншама? Мысалы, «Қазақстанның құрметті азаматы» деген орден шықты. Біздің министрлік деңгейінде тапсырады. Бұл ешқандай да мемлекеттік емес немесе ведомстволық наградаға жат­пай­тын жеке бір адамдардың ойлап тапқан дүниесі. Енді жақында «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген медаль тағып жатыр. Оны алған кісілер әлеуметтік желілерде жариялап жатыр. Осындай бір түсініксіз жайттар бар. Одан да басқа то­лып жатқан: ана атасына, мына бабасына деген марапаттар жетерлік. Осының бәріне тоқтау салу керек. Өкінішке қарай, оған тоқтау саласындай біздің геральдика орталығында құзірет жоқ. Ол үшін заңға ма немесе біздің Жарғымызға ма осындай жағдайларды Бас прокуратурамен бірлесіп тексеретін бап енгізу керек. Мониторинг жүргізетіндей функция берілген жағдайда біз оның алдын алуға тырысар едік. Біз өзіміздің тара­пымыздан марапат­таудың әдістемелік құрал­дарын әзірлеп шық­тық. Оны да министр­лік­ке, Архив істері ко­митетіне бердік. Бірақ әлі күнге дейін жауап жоқ.

– Бір сұх­баты­ңызда геральдика ата­уын эм­блематика деп өзгерту керек деген сияқ­ты ой айтқан еді­ңіз?

– Иә, менің тағы бір ең маңызды айта кеткім келетін жайт – біріншіден, біздің орталықтың атауын өзгерту керек. Яки, «Мемлекеттік рәміздер­ді насихаттау орталығы» етіп ауыстыру қажет. Себебі «геральдика» де­ген бізге жат ұғым, тіпті қажеті жоқ дүние. Сон­дық­тан да біз гераль­диканы емес, рәміз­дері­мізді насихаттауымыз керек. Рәміздердің де ішіне бәрі кіреді. Одан соң оны қазіргі Архив істері коми­теті­нің қарамағынан алып, тікелей Пре­зидент Әкімшілігіне немесе Мемлекеттік кеңесшіге, әлде Үкімет басшысына бағынатындай етіп құру керек. Сол кезде тексеретін, бақы­лайтын, мониторинг жасайтын, әдіс­темелік құралдар әзірлей алатын қосымша өкілеттіктер бермесе, сондай деңгейдегі орталық болмаса бұл жұмыстар алға жылжымайды. Себебі біз қазір облыс әкімдігіне хат жазуға статусы жетпейтін, ішкі саясат басқармаларына да құзіреті жоқ, былай қарағанда комитеттің астындағы ананы жаз, мынаны жаз дейтін кішігірім ғана мекемеге айналып отырмыз.

Мемлекеттік рәміздер дегеніміз, бұл – үлкен идеология. Осы идеологияның негізгі жолын бастап отырған, сол жолды көрсететін және сол жолмен жүргізетін осы орталық болуға тиісті. Ол функцияның барлығын қазір өкінішке қарай мемлеке­кеттік органдар өздері алып алған. Ал ол мемлекеттік органдардың не істейтіндері белгілі. 4 маусым күні жиналып алып жиналыс өткізеді, сол дата күні рәміздер есіне түседі, Туды көтереді, Әнұранды шыр­қатады, ертесіне ұмытып кетеді. Содан тек талап етілген кезде ғана болмаса ол туралы ләм-мим деп тіл қатпаймыз. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың тек қағаз жүзінде ғана «рәміздерді қорлағаны үшін айыппұлды 10 миллион теңгеге көтердік» деп отыра бергенінен нәтиже болмайды. Адамдарды жазалай беру емес, керісінше оларды қолдай білген дұрыс, насихаттап түсіндіре беру керек. Қоғамның белсенді өкілдерін араластырып, атақты блогерлерді, мықты журналистердің барлығын осы шараға жұмылдыру қажет. Сондықтан да біздің мекемені жүйелі жұмыс істеп, үнемі қозғау салып отыратын, Қазақстанның барлық атырабын ортақ тоқайластыратын орталыққа айналдыру керек. Сонда ғана біз үлкен идеологияны игеріп кете аламыз. Сол кезде ғана бүкіл Қазақстан бір тудың астына біріге алады. Біздің негізгі мақсатымыз – осы.

Мемлекеттік рәміздердің қолдану ая­сын кеңейту мәселесі де үнемі назары­мызда. Өкінішке қарай, мұнда да тексеру-бақылау, мониторинг жүргізу құқығы бізде жоқ. Онымен біздің комитет айналыса ма білмедім. Былтыр Президент Әкімші­лігімен бірге рәміздер туралы заңның орындалу барысын тексеру мақсатында Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарына барған болатынмын. Сол кезде таңғал­ғаным: біздің мемлекеттік қызметкерлер, тіпті жоғары лауазымдарда отырған әкімдеріміздің өзі, Ту мен Елтаңбаның қалай тұру керек екенін білмейді. Осыған көзім жетті. Бірнеше жерде көз алдарында түзетуге тура келді. «Туды былай қойыңыз, Елтаңбаны былай қойыңыз» деген сияқты. Соларға арнап қазір әдістемелік құрал әзірлеп жатырмыз. Енді ізденген адамға заңда бәрі көрсетілген ғой. Ережелерінің барлығы бар. Өкінішке қарай, басшылар оны оқымайды. Оқитын уақыттары да жоқ. Сондықтан да үстел үстіне қойып қоятын кішкентай шағын кітапша немесе күнпарақ етіп шығарайық деп отырмыз. Ең болмағанда қолы қалт еткенде соны бір қарайтын шығар деген ойымыз бар. Себебі мемлекеттік қызметкерлер бірінші болып рәміздерді өздері сыйламаса, басқа жұрт­тан не талап етуге болады.

– Түркі руна жазуы геральдика тақы­рыбына кіре ме екен? Сол туралы қандай жұмыстар атқарылып жатыр, айта аласыз ба?

– Иә, бұл тақырып та біздің құзы­ретімізге кіреді. «Тарихи таңбалар» аясында қарастырылады. Осы мақсатта біздің ұстап отырған басты ғалымымыз – Қаржаубай Сартқожаұлы ағамыз. Енді шынын айту керек, ол кісі сонау Моң­ғолияда жүргенінің өзінде осы тақырыпты көтеріп, өмірінің 50 жылға жуық уақытын осы таңбалы тастар мен руна жазуына арнаған адам. Тіпті, жалғыз көзі тірі түрколог ғалым осы Қаржаубай ағамыз. Өткен­де бір нәрсені естіп жағамды ұстадым. Ол кісі 2008 жылы ең соңғы рет «Құрмет» орденін алған екен. Одан кейін қайтып ешқандай да мемлекеттік наградаға ұсынылмапты. Ал бүгінде кеше ғана PhD доктор алып, бір шала-пұла кітап жазған­дар­дың барлығы қазір «Барыс» орденін, «Ерен еңбегі үшін» медалін алып жатыр. Неге 50 жыл ғұмырын сарп еткен Қаржау­байдай ағамыз Мемлекеттік сыйлықтардан шет қалады? Бұл кісінің жазған кітап­тарының барлығы қазір Қазақстанның 7-8-9 сынып оқулықтарында жүр. Бұл кісі­нің жазған еңбектері қазір әлемдік ғалымдардың ауызында. Ол кісіні қазір Еуразия ұлттық университетінің 4-қа­батында сұп-суық кабинетте ұстап отыр. Бұл мәселені былтыр көтердік. Бірнеше депутат: «Ойбай, барамыз, бұлай бол­майды. 70-тен асқан ақсақалымызды ауру қылып аламыз», – деді де, сол сөз айтылған жерінде қалды. Ол кісінің басында дұрыс үйі де жоқ. Екі бөлмелі пәтерді Иманғали Тасмағанбетовтің кезінде берген екен. Оның өзін де қызметтік баспана ретінде ұстап отыр. Мен ол кісіге: «Біздің геральдика орталығына толықтай көшіп алсаңызшы, осы жерде жұмыс істеңіз», – деп шақырғам, сөйтсем ағамыз: «мен Еуразиядан кете алмаймын, кетсем үйімді алып қояды» деп шарасыздық танытты. Сонда соншама жыл, Қазақстанға келге­ніне 32 жыл болған екен, ғұмырын ғылы­мға сарп еткен ғалымға басына бір баспана бере салуға жарамай отырмыз. Мемле­кет­тік сыйлық пен атағы өз алдына. Сондық­тан да руникалық жазуларды зерттеп, оларды кез келген адамның меңгеріп, оқып кете алатынына дейін жеткізген адамның елеусіз қалып отырғаны өкінішті. Қазір руна жазуының бағдарламасына дейін дайын тұр. Егер бізге қызығушылық танытқан адамдар келіп, 1-1,5 ай үйренетін болса, оларды руникалық жазумен жаза алатындай деңгейге жеткізуге мүмкінді­гі­міз бар. Осы жұмыстармен бізде бір қоғамдық ұйым айналысады, олармен меморандумға отырғанбыз. Олардың осы руникалық жазуды үйрететін мамандары, программалары да дайын. Егер де бұл мәселеде министрлік тарапынан, Үкімет тарапынан қолдау болар болса, біз руника­лық жазуды жастарға, студенттерге, әсіре­се тарих, археология факультеттерінің шәкірттеріне тегін-ақ үйретіп беретін едік. Ал ол археология, тарих саласын бітірген маман руникалық жазуды оқып, өзі жаза алатын болса, ол дегеніміз – керемет дүние болу керек.

– Мереке қарсаңында сүбелі тақырып­тарды көтерген әңгіме өрбіткен сияқтымыз. Айтып отырған мәселелеріңіз өте орынды. Ендеше сұхбатымызды мерекелік тілекпен аяқтай аламыз ба?

– Әрине, сөзімді түйіндер болсам, мемлекеттік идеология саласында біздің бүкіл мүмкіндігіміз бар. Осы айтқандары­мның барлығын жасауға дайынбыз. Бірақ, өкінішке қарай, мемлекеттен қолдау жоқ. Мен мұны айтып отырған себебім, «Ай­қын» газеті – еліміздегі басты басы­лымдардың бірі. Сол арқылы мемлекеттік рәміздер мәселесі Президенттің, Үкіметтің құлағына жетсе деймін. Әйтпесе, бұл орталықты ұстап отырудың қазір аса бір қажеті шамалы боп қалды. Басында жақсы бір ниетпен ашылғанымен, кейін қалта­рыста қалып қойды. Өйткені біздің қызметкерлердің жалақысын айтуға ауыз ұялады. Мәселен, менің жалақым 140 мың-ақ теңге. Сенсеңіз, орынбасарым 120 мың алады. Ал мамандардікін тіпті айтпай-ақ қояйын. Оларды мен нағыз патриоттар деп санаймын. Міне, патриотизм қайда жатыр?! Олар сол жалақыға қарап отырған жоқ. Жандарын салып таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеп, рәміздерді құдайдың құтты күні насихаттап жүр. Кейбіреулер сияқты маған бәленбай мың айлық беріңдер, жақсы қызмет ұсыныңдар деп ереуіл жасап жатқан жоқ, күнделікті ел іші, халық арасында. Осыған да тәубе деу керек. Ал олардың да артында бала-шағасы, ипотекасы, кредиттері бар. Міне, патриоттық осындайда көрінсе керек. Ендеше мерекеде баршаңызға да, соның ішінде біздің мамандарға да береке, халқы­мызға бірлік, заманымызға тыныштық тілеймін. Туымыз биік желбіреп, Елтаң­ба­мыз берік орнығып, Әнұранымыз жеңісті шақтарда шырқала берсін!

 – Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен 

Нұрлан ҚОСАЙ