Қызылорда қаласында тонналаған азық-түлікті қоқыс полигонына төге салғандардың сұмдық әрекеті әлеуметтік желіге жарияланғаннан кейін көпшілік ашу-ызасын білдіріп жатыр. Жөн. Қымбатшылық қыспаққа алған cәтте елдің азығын қоқысқа төккен бәзбіреулердің ессіз тірлігі ақтап алуға тұрмайтыны анық.
Көкөністі қоқысқа тастағандарға кешірім жоқ
1,878
оқылды

Жалпы, елдің жайын ескере келе, жоқ­шылықтың тауқыметін тартқан ха­лыққа аз да болса септігін тигізуді көз­деген шаралар жүргізіліп жатыр. Дей­тұрғанмен, әлі кем-кетік тұсы жетерлік. Соның ішінде халықты арзан бағадағы азық-түлікпен қамтамасыз етуге бағыт­талған «Байқоңыр» ӘКК-нің жұмысы барлық талапқа сай деп айтуға келмейді. Корпорацияның бұған дейін де осыған ұқсас былықтары елге жария болған.

Сәл кейінге шегінсек, «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» 2011 жылы құрылған. 2013 жылы Қызылорда облысы әкімінің қау­лы­сымен «Байқоңыр» ӘКК» ҰҚ» «Қы­зылорда» әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­по­рациясы» акционерлік қоғамы болып қайта аталған. Содан бері корпорация Қызылорданың өркендеуіне жұмыс жүр­гізіп келеді. Яғни, өңірде кәсіпкерліктің дамуына барынша жағдай жасауға негіз қаланды. Бұл тұрғыда өндірістерді жаңар­ту, инвестиция тарту мен үкіметтік бағдар­ламаларды жүзеге асыруға жол ашып отыр.

Негізінен, аталған кәсіпкерлік корпо­рациясы Сыр өңіріндегі ірі жобаларды жүзеге асыруға бағытталды. Соның ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі жобаларды іске асыруға мұрындық болды. Атап айт­сақ, оның қатысуымен құрылған «Қы­зылорда СПК балық», «Қаратерең балық» кәсіпорындары балық шаруашылығын дамытуда жүйелі жұмыстар жүргізгені белгілі. Сондай-ақ Арал балық өңдеу зауы­тын сақтап қалу, күріш өндірушілер консорциумын қүру және көптеген ин­вестициялық жобаларды жүзеге асыруға ұйытқы бола білді. 

Бертін келе әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы өңірдегі азық-түлік тауар­ларының бағасын тұрақтандыру шара­ларын қолға алды. Осы арқылы қазынадан бөлінген қаржыға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің қоры жасақталып, нарықтағы бағаның тұрақтануына ықпал етуді көздеді. 

Соның нәтижесінде әлеуметтік дү­кендер желісі ашылып, халықты төмен баға­дағы азық-түлік өнімдерімен қамта­масыз ете бастады. Алайда тұтынушылар тарапынан күнделікті қолданатын азық-түлік өнімдерінің сапасына сирек те болса сын-ескертпелер айтылып жүрді. 

Жалпы ӘКК-нің 2021 жылы да осыған ұқсас келеңсіздікке жол бергені көпші­ліктің жадынан шыға қойған жоқ. Сол жылы азық-түлік қорының 25 пайызы, яғни 300 тоннадай өнімнің далаға тастал­ғаны қалың бұқараның наразылығын туғызған болатын. Ашығын айтқанда, бұл Сыр өңіріндегі алғашқы жағдай емес. Мұндай келеңсіздік жиі бой көрседі. 

Әлеуметтік желіде 26 мамыр күні жария болған жайсыз жағдайдан кейін Қызылорда облысы әкімдігінде өткен мә­жілісте азық-түлікті далаға тастаған корпо­рацияның жұмысына тиісті баға берілді. 

Жиында жауаптылар «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы­ның қалдықтарды 25 мамыр күні тас­талғанын растады. Мұны азық-түлік ұзақ сақтал­ғанда, өз салмағын жоғалтуымен түсін­дірді.

Алайда корпорация басшысының бұл ақталуы, оны жауапкершіліктен құтқара алмайтыны түсінікті. Осы жағдайға жол бергені үшін «Байқоңыр» ӘКК» АҚ бас­қарма төрағасы Самат Ерниязов қызме­тінен босатылды. 

«Шындығына келгенде, бұл әрекет тұрғындардың ашу-ызасын туғызды. Мә­се­ленің бұрыннан бар екенін біле тұра, ма­мандарыңызбен бірге қоймадағы өнім­дерді басқа мақсатқа пайдалану жолдарын қарастыру керек еді. Бұл жұмыс та жасал­маған. 126 тонна өнім шіріп, жарамсыз күйге жеткенше ешқандай әрекет жасал­маған.  Оны пайдаға асырудың балама жолдарын іздемегенсіздер. Бұл сіздің басшы ретінде жұмысты тиісті деңгейде үйлестіре алмағандығыңызды көрсетеді. Елге жанашырлық таныта алмайтын адамдарға біздің арамызда орын жоқ», – деді жиында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Машбекұлы.

Сондай-ақ Қызылорда облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қа­тынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевқа қатаң сөгіс жария­ланды. 

Бұл тұрғыда басқарма басшысы да өз уәжін білдіріп отыр. Оның айтуынша, қоймада өнімдер белгіленген талапқа сәйкес сақталып тұр.

«Биыл көкөніс алдыңғы жылға қара­ғанда 3 есе артық мөлшерде сатып алын­ғанымен, жою көрсеткіші 3 есе аз, яғни 9,2 пайызды құрап отыр. Ол алынған өнімнің талапқа сәйкес сақталғанының нәтижесі», – деп мәлімдеді осы жайында басқарма басшысы.

Осы мәселе төңірегінде «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына хабарласып, жай-жапсарын білмек бол­дық. Корпорация тарапынан ешқандай заң талаптарынан тыс әрекеттерге жол берілмегенін айтып, ақталып отыр. Яғни, жарамсыз тауарларды жоюдың барлық талаптары өз шеңберінде жүргізілген.

«26 мамыр күні әлеуметтік желілерде қоқыс полигондарына төгілген жарамсыз көкөніс қалдықтары туралы жазба тарады. Өздеріңізге белгілі, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін тұрақ­тандыру қорына азық-түлік сатып алы­нады. Бұл өнімдер арнайы әлеуметтік дүкендер мен ірі сауда үйлері желілеріне жеткізіліп, төмен бағамен сатылады. Сонымен бірге көшпелі азық-түлік жәр­меңкелерінде өңір тұрғындарына жеңіл­детілген бағамен ұсынылады. Дүкендерде жарамсыз болып қалған өнімдер қайтадан қоймаға әкелініп сақталады. Оның ішінде жарамсыз қалдықтардың қалуы заңды құбылыс. Соған сәйкес қоймадағы тауар­лар ай сайын сараптамадан өткізіледі. Жою алдында, жарамсыз көкөніс тауар­лары актіленіп, «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» акционерлік қоғамының сынақ хаттамасы алынады. Әрі қарай қауіпті тамақ өнімдерін жою жөнінде комиссия құрылып, шешім қабылданады. Арнайы мамандардың қоры­тындысы бойынша есептен шыға­рылып, келісімшартқа сәйкес қоқыс полигонына апарылады. Жарамсыз өнімдер биылғы 25 мамыр күні жойылған еді. Желіде тараған жазбада сол процесс баяндалған», – деді «Байқоңыр» ӘКК өз хабарламасында.

Жалпы, құзырлы орынның мәлім­деуінше, биыл бағаны тұрақтандыру мақсатында 588,1 тонна картоп, 720 тонна пияз, 106 тонна қырыққабат, 133 тонна сәбіз қоры жинақталған. Нәтижесінде, 1 547,1 тонна көкөніс сатып алынса, оның 9,2 пайызы тасымалдау, сақтау, дүкендерге апару, тұтынушылардың іріктеп сатып алуынан соң жарамсыз болуына байла­нысты жойылғанын жеткізді.

Әлеуметтік желіде тараған бейнежаз­бада «өнімдерді адамдарға таратып бермей ме?» деген пікірге орай тамақ өнімдерін кәдеге жарату мен жоюдың өз ережесі болатынын алға тартты. Бұл тұрғыда Үкіметтің арнайы қаулысына сәйкес, жойыл­ған көкөністерді адамдарға немесе үй жануарларына беру адамдың өмірі мен денсаулығына зиян келтіретіндігін мәлім­деп отыр.

Ал келешекте мұндай келеңсіздікті болдырмау мақсатында жасалып жатқан жұмыстары жөнінде мардымды жауап бере алмады. 

Негізінен, Үкімет қаулысына сәйкес, азық-түлік тауарларының тізбесіне әлеу­меттік маңызы бар 19 түрлі тауар енгізілген. 2023 жылғы күзгі өнімнен 3 453,3 тонна ауыл шаруашылығы өнім­дерін алдын ала ақы төлеу шартымен форвард­тық сатып алу көлемі белгіленіп, тұрақ­тандыру қорын толықтыруға 901,6 млн теңге бағытталыпты.

Аталмыш мәселеге орай Қызылорда облысы әкімдігі тарапынан арнайы комиссия құрылып, мәселенің мән-жайы мұқият тексерілетінін хабарлады. Алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбас үшін тиісті ұсыныстар әзірленетін болды.

Жалпы, тұрғылықты халық жаппай ысырапшылдыққа жол беріп келген корпорация басшылығын жұмыстан босатумен мәселе түзеліп кетпейтінін айтып отыр. Халықтың несібесін аяқасты еткендерге қандай да бір шара көрілуін талап етеді. Сондықтан мәселе жан-жақты тексеріліп, жауапкершілік таныт­пағандар тиісті жазасын алса игі. Құзырлы орындар халық талабын ескерусіз қал­дырмауы тиіс.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы