Алматы облысы Қарасай ауданы Шалқар ауылында Ломоносов атындағы 250 балаға арналған орта мектеп болған.
Алматы облысының ауылындағы мектеп 15 млн теңгеге жекеменшікке сатылып кеткен
2,451
оқылды

Мәжілісте өткен Үкімет сағатында депутат Мақсат Толықбай аталған білім ордасын тез арада мемлекетке қайтару керек екенін айтты, – деп жазады inbusiness.kz

Ол өткен апта өңірден келгенін тілге тиек етті.

"Сіздерге бір сұмдықты айтайын, біз қазір бар мектептің өзін сатып жатырмыз. Алматы облысы Қарасай ауданы Шалқар ауылында Ломоносов атындағы 250 балаға арналған орта мектеп болған. Соңғы жылдары толығымен капиталды ремонт жасалды, жаңадан спорт залын салып берді. Ауыл балалары қуанып жүргенде сол ауылдың мектебін жекенің қолына сатып жіберген. Кім сатады? Әрине, әкімдіктен басқа кім сатады. Ол біреуден алған, 15 млн теңгеге сатқан, одан тізбектеліп, әрі қарай 80 млн теңгеге басқа біреуге сатқан. Бұл мәселені Прокуратураға айтып, қайда қарап отырғанын сұрадым. Олар шамамыз келмейді, сот шағымымызды қабылдамайды деп отыр", – деді мәжілісмен. 

Депутат Алматы облысының әкіміне жекенің қолына өтіп кеткен мектепті мемлекетке қайтару керек екенін жеткізді. Ол мәселені шешуге екі ай уақыт берді.

"Ауылдағы құлайын деп тұрған үйдің өзі 17 млн теңге тұрады. Бұл сұмдық нәрсе ғой. Бір үлкен мектепті 15 млн теңгеге сатып жіберу деген. Алматы облысының әкімі бұл қай әкім тұсында қалай сатылғанын анықтау оңай емес, бәрін біліп отырмыз. Тез арада қайтарыңыздар. Әйтпесе бүкіл фамилияның соңына жетем, екі ай уақыт береміз", – деді Мақсат Толықбай.

Фото: ВКонтакте