Тұрғындар кепілсіз несие бойынша банкрот деп тану, жер телімдерін заңдастыру, зейнетақы қорындағы қаржыны пайдалану туралы сұрады.
«Құқықтық көмек»: Шымкент тұғындарына заңгерлер тегін кеңес берді
1,417
оқылды

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалында «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында қала тұрғындары тәжірибелі заңгерлер мен білікті мамандардан заң аясындағы сұрақтарына жауап алды.

Партияның республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің консультанты Ардан Аралбай және Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ерлан Айтбаев заңгер мамандармен бірге келушілердің өтініштерін тыңдады.

 

Қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі қаржылық сауаттылық, кепілсіз несие бойынша банкрот деп тану, жер телімдерін заңдастыру, зейнетақы қорындағы қаржыны пайдалану және өзге де мәселелер төңірегінде сұрақтар қойды. Мәселен, Жақсыгүл Ибрашева есімді қала тұрғыны өз ауласына салған дүкенді заңдастыру үшін кеңес сұрай келіпті. Ал Ләззат Ахметова алимент өндіру бойынша сотқа жазған арызы көптен қараусыз жатқанына шағымданды. 

Шымкент қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары Мейіржан Исабеков, қалалық адвокаттар алқасының төрағасы Серік Баймұратов және өзге де заңгерлер мен адвокаттар келушілерге тегін кеңес беріп, сауалдарына жауап берді.

«Құқықтық көмек» партиялық жобасының негізгі мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, әлеуметтік әлсіз тобына заңгер, адвокат, медиатор мамандар арқылы халыққа тегін құқықтық көмек беріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Еліміздің барлық өңірінде аталмыш жоба аясында апта сайын тұрақты түрде тұрғындарға тегін заңгерлік кеңес беріледі», – деді республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің консультанты А.Аралбай.