Атырауда биыл масаны төрт түрлі пре­паратпен улап жатыр. Бұл туралы Атырау қаласы әкімдігі баспасөз қызметі мәлім етті.
Атырауда масамен күрес басталды
817
оқылды

Масаны улау үшін AG Dezinfection Services ЖШС мердігер ретінде таңдалған. Серік­тестік бас директорының орынбасары Гүлсара Ходжи­бекова­ның айтуынша, улау жұмыстары сағат 21:00-ден соң жүргізіледі.

«Біз жыл сайын масаны улау препараттарын ауыстырып тұрамыз. Биыл фосладин, фослад 50, антиинсект, мистин деп аталатын төрт препаратты қолданып отырмыз. Мұндай препараттардың адам денсаулығына әсері алдын ала зертханада тексеріледі. Содан соң ғана қолданылады», – дейді Гүлсара Ходжибекова.

Оның берген дерегінше, масаны улау жұмысына арнайы 25 маман, жел генераторы бар 6 ГАЗель, 5 салқын тұман шығаратын генератор, 3 ыстық тұмандатқыш генератор, 10 бүрку техни­касы бөлінген.

«Біздің мамандар Атырау қаласындағы шағын­аудандар мен саябақтарда, тұрғын үй алабы мен көшелерде масаға қарсы у шашу жұмысын жүргізеді. Мұндай жұмыс шаһар маңындағы «Бірлік-1», «Бірлік-2», «Көкарна», «Водников», «Ши­рина», «Ақжайық», «Жұмыскер» елді мекен­дерінде атқарылады», – деді Гүлсара Ходжибекова.

Еске сала кетелік, Атырауда биыл масаны улауға 50,4 млн теңге бөлінген. Әкімдіктің мәлі­метінше, кестеге сәйкес масаны жою жұмыстары бірінші кезекте көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлесі мен кіреберістерінде жүргізіледі. Бұдан кейін дезинсекция жұмыстары тұрғын үйлер алабы мен саябақтарды қамтиды.

«Тендерлік конкурстың жеңімпазы атанған AG Disinfection ЖШС-дан бөлінген үш бригада құрамында 25 маман мен 45 арнайы техника бар. Қазір арнайы мамандар роторлы бүріккішпен масаны улауды қолға алды. Биыл бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 50 млн 400 мың теңге бө­лінді», – деп хабарлады Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.