«Қазіргі жастар кітап оқымайды» деген пікірді ересектерден жиі естиміз. Бұл пікір қаншалықты дұрыс? Жастар расымен де, Шаханов айтпақшы, «компьютербасты жарты адамдарға» айналып бара жатыр ма?
Жастар не оқып жүр?
1,092
оқылды

Әлде олар оқитын дүние бұрынғы әдебиеттерден басқаша ма? Осы сұрақтарға жауап іздеп, жастар арасында сауалнама жүргіздік.

Аружан ДӘРІБАЙ,

Астанадағы Жоғары медициналық колледждің

2-курс студенті:

Заманауи авторлардың тілі түсініктірек

Соңғы оқыған шығармам – Жоэль Диккердің 2020 жылы детектив  жанрында  жарық көрген «Загадка номера 622» романы. Швейцарияда 1940-50 жылдары болған қылмысты жарты ғасырдан кейін ашуға тырысқан роман кейіпкерінің іс-әрекеті, оқиға желісі өте қызықты. Романды тіпті Forbes журналы 2021 жылы бестселлерлер қатарына жатқызған. Өзім медицина саласында жүргендіктен, отандық шығармалардан Төлен Әбдіктің «Оң қол» повесть-әңгімесін айта аламын. Шығармадағы дәрігер мен пациент арасындағы сенімнің махаб­батқа ұласқаны қызықтырғанымен, соңы өкінішті аяқталғаны көңілімді түсірді.

Заманауи жазушылардың шығармалары өте түсінікті тілмен жазылғаны қуантады. Мысалы, М.Әуезовтің «Абай жолын» қарасақ, сөздерін оқу да, түсіну де қиын. Ал қазіргі шығарма­лардың тілі өте жеңіл әрі түсінікті.

Дильназ РАФАИЛОВА,

Абай облысы Аягөз ауданы Қарағаш ауылы 

Ж.Жабаев атындағы жалпы орта білім беретін мектептің түлегі:

Санаң кино көріп отырғандай әсер аласың... 

Чилилік жазушы Исабель Альен­денің реализм жанрындағы «По ту сторону зимы» романын өте қатты ұнатамын. Оқиғалар негізінен Америкада, Нью-Йоркте өтеді. Шығармада махаббат, жалғыздық сияқты сезімдер автордың тілімен керемет жеткізілген. Әсіресе «Қыстың қақ ортасында мен өз жүрегімде жаймашуақ жаз орнағанын түсіндім» деген сөйлем маған ерекше әсер еткенін айта кеткім келеді. Басты кейіпкер – Лусия есімді жалғызбасты әйел. Оның әрбір естелікті баяндауы маған ерекше сезімдерді сыйлай алды.  Оның бойынан нағыз әйелге тән образды көре алдым. Екінші кейіпкер – Ричард. Лусия екеуінің арасында махаббат болмаса да, ерекше қарым-қатынас пен сыйластық,  қамқорлық бар. Роман ерекше композициялық желісімен қызықтырады.  Кітаптың әрбір сөзінің астарында ерекше үн, ой, түйін бар. Оқиғалар оқырман санасына ерекше жеткізілген. Оқи отырып, көз алдыңа әдемі бейнелерді елестете аласың. Қыстың қалай өткенін, Америкадағы Рождество, махаббатқа құштарлық, катастрофалық жағдайлар – бәрі-бәрі әдемі сипатталған. Қысқаша айтқанда, санаң өзі бір кино көріп отырғандай. 

Дариға СУЛИКОВА,

Сүлеймен Демирел университеті журналистика

факультетінің 1-курс студенті:

Жүректі елжіретер туынды

Соңғы және бірнеше қайтара оқыған шығармам – Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романы. Соғыстан кейінгі кезең, журналистика мамандығында оқитын бір топ жастың өмірі мен қос ғашықтың махаббаты жайлы бұл кітап мені ә дегеннен-ақ баурап алды. Жүректі елжіретер туынды. Әр оқыған адам өзі үшін сабақ, тәлім-тәрбие алатын шығарма. Өзім кітапты алғаш рет 2021 жылы оқыдым. Бұл кітаптың жастар арасында енді-енді танылып келе жатқан сәті еді. Еш ойланбай кітап сататын дүкеннің бірінен сатып алдым да, бір демде оқып шықтым. Қазіргі таңда оқып жүрген кітаптарымның барлығы-дерлік – соңғы 5-6 жылда жарық көрген кітаптар. Бүгінде фикшн мен нон-фикшн жанрында жазылған кітаптар аса танымал. Кейінгі толқын жазушыларының бірі ретінде Джон Кехоны білемін. «Подсознание может все!» атты кітабы адам миының жұмысы, түпсана жайлы қызық ақпарат береді.

Іңкәр БЕКБОЛАТОВА,

Еуразия ұлттық университеті журналистика

факультетінің 1-курс студенті:

Діни кітаптар көптеп шығарылуда  

Ең сүйікті шығармам – «Махаббат қызық мол жылдар» романы. Роман қиын-қыстау заманда өмір сүрген рухты студенттер жайлы баяндайды. Кітап Ерболдың ерлігімен, Меңтайдың тағдырымен қызықтырды. Ал заманауи жазушылардан Данияр Сүлейменовті айтар едім. Көп діни кітап жазған. Солардың ішіндегі «Рух», «Әйелдерге 30 хадис» кітаптарын сүйсіне оқып шықтым. 

Эльнура СЕЙДАЛЫ,

Астанадағы Жоғары медициналық колледждің

1-курс студенті:

Басқа бәле – тілден

Бірінші оқыған кітабым – Ф.Четиннің «Ғайбат» кітабы. Кітаптың ерекшелігі – тіл зинасын жасаудан тыяды. Көбіміз осы ғайбаттың қаншалық ауыр нәрсе екенін біле тұра кейде сөздің тереңіне үңіле бермейміз. Кітапты оқи отырып, әр сөзді айтпас бұрын ойланатын боласыз. Артық сөз сөйлемеуге, орынды сөйлеуге септігін тигізеді. Асыл дінімізде адамды неге ғайбаттауға болмайтынына жауап таба аласыздар.

Әсем ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА,

Астанадағы Жоғарғы медициналық колледждің

1-курс студенті:

Мотивациялық кітаптың пайдасы

Жақында кәсіпкер Қуаныш Шонбайдың «Екінші болма»  атты кітабын оқып бітірдім. Қазіргі көпшілік адамның бойында жалқаулық пен еріншектік басым. Кітапта жаман қасиеттен арылуға, бастаған істі соңына жеткізуге көмектесетін амалдар мен кеңестер берілген. Адам үлкен жетістікке жету үшін өзімен жұмыс істеп, психологиялық жағынан дамығаны дұрыс. Ал қазір осындай психологиялық кітаптардың көптеп шығып жатқаны қуантады.

 

Түйін:

Тағы бір байқағанымыз, манга мен комикске қызығатын жастарымыз да аз емес екен. Алайда бұлар көбіне орыс және ағылшын тілінде. Осыны естіп, «әттең, осындай дүниелерді неге қазақ тілінде шығармасқа?!» деген ой келді. Жастар «Халк», «Темір адам», «Өрмекші адам» комикстерінің орнына өзіміздің «Таусоғар», «Желаяқ», «Толағай» комикстерін оқып жүрсе қандай тамаша болар еді?! Шаң басқан архивтерден табылатын құнды кітаптарды неге жаңартып, жастарға қызықты етіп, бейімдеп ұсынбасқа? Сондай тың дүниені жарыққа шығарсақ, телефон экранына үңілмей, кітап бетін парақтар жас та көбейер еді...

Аяжан ИСИНА,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 

1-курс студенті