Қарағанды облысындағы басты мәселенің бірі – газдандыру. Қысты күні Қарағанды қаласы көк түтінге «қарық» болып қалса, Теміртау қысы-жазы ысқа тұншығуда. «Басты мәселе көмір­ден» деген шенділер газға көшуді 2019 жылы бастап кеткен болатын.
Газ мәселесі толық шешілді ме?
957
оқылды

Дегенмен бұл ауқымды шара созылып кетті. Қазір осы мәселе бойынша кеншілер қаласында күнде жиын...

Жер үйлерде жылжу болғанымен...

Жақында өңірде арнайы бағ­дар­лама қолға алынды. Қала­ған­дар «Тұрғын үйді жаңғырту орта­лығы» арқылы 5 жылға па­йыз­сыз несие ала алады. 

Бұл баспана жайлы облыс әкі­мі Ермағанбет Бөлек­паев айтты: 

«Біздің алдымызда өңірді газ­дандыру және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мін­деті тұр. Бірақ қаржылық шығын­дарға байланысты орталық газға қосылу барлығына бірдей қолже­тімді емес екенін түсінемін. Ха­лық­­тың әлеуметтік осал топтары үшін бізде бірреттік төлем – 300 мың теңге. Ал осы санатқа жат­пай­тындар үшін арнайы бағдар­лама әзірледік. Қарағанды облы­сы­ның тұрғын үйді жаңғырту орта­­лығы арқылы сіз орталық газ­ға қосылу үшін 5 жылға пайыз­сыз несие ала аласыз. Биыл бұл бағ­дарламаны 300-ге жуық үй пай­­далана алады. Келер жылдан бастап қатысушылар санын 500 үйге жеткіземіз. Бұл бағдарламаны пайдалану үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясынан техника­лық шарттарды алып, одан кейін Тұрғын үйді жаңғырту орталы­ғына жүгіну керек», – деді облыс басшысы.

Алғашқылардың бірі болып осы бағдарламаны пайдаланған Қарағанды қаласының тұрғыны Сәния Нығматуллина болса бағ­дарлама игілігін көргенін айтты:

– Біздің Речная көшесіне газ қыстың алдында әкелінді. Көк­тем­ге қалдыруды жөн көрдік. Дәл осы кезде керемет мүмкіндік туды. Бағдарлама туралы әлеу­меттік желіден оқып, бірден «ҚазТрансГаз Аймаққа» техника­лық шарттарды алу үшін бардым. Сома 749 мың теңгені құрады. Бөліп төлеу 5 жылға, ай сайынғы төлем – 12 500 теңге, – деді қала тұрғыны.

Қарағанды облысының тұр­ғын үй қорын жаңғырту орта­лығы­ның директоры Данияр Дүй­сем­баев та бұл жоба туралы:

– Әрине, бұл – жақсы қадам. Адамдарға бірден көп ақша жұмсаудың қажеті жоқ. Сонымен қатар сапалы жұмыстарды жүр­гізуге мемлекет кепілдік береді. Біз бағдарламаның опера­торы­мыз. Бұл – республикадағы пи­лоттық жоба. Облыстық бюд­жеттен қаражат бөлінді. Несие рәсімдеу барынша жеңілдетілді. Барлығы тұрғындардың ширақ­тығына байланысты. Барлық құ­жат болған жағдайда жұмыс­тарды толықтай өткізуді рәсімдеу шамамен 10 күнді алады, – дейді.

Облыс орталығының тұрғын үй­лерін газдандыру кезең-кезеңі­мен жүргізілуде. Бүгінде бұл қызмет 4 мыңнан астам абонентке қолжетімді, олардың төрттен бір бөлігі техникалық шарттарды алды. 808 газға қосылған.

Желі құрылысы да жалғасуда. Биыл үшінші кезең аяқталуы тиіс, бұл тағы 2 057 тұрғын үйді газ­бен қамтуға мүмкіндік береді.

Әрине, бәрі бірден бола сал­масы анық. Қарағанды қала­сы­ның құрылыс бөлімінің бас­шысы Мұрат Камалиев қаланы газдан­дыру 2019 жылы бастал­ғанын, жоба төрт кезеңнен және 16 іске қосу кешенінен тұратынын айт­ты. 

...«ЖЭО» асығар емес

Жақында газдандыру мәселесі туралы өткен жиында Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Қожу­хов «Қарағанды Энерго­центр» ЖШС бас директоры Са­бырғали Ыдырысовқа экология тақыры­бын­да сұрақ қойды. Қала басшы­сының  «Қаладағы жылу электр орталығының отынның басқа түріне ауыстырудың тео­рия­лық мүмкіндігі бар ма?» деген сауалына  Сабырғали Ыдыры­сов қазір жаңа қазандық салу жоспар­ланып отырғанын, компания бас­шы­лығы оны Экология және табиғи ре­сурстар министрлігі және Энер­гетика министрлігімен бір­лесе отырып газға көшіру мүм­кін­дігін қарастырылғанымен, бірақ одан бас тартылғанын айт­ты.

– Біздің станса үшін жақын арада да газға көшу қарастырыл­маған. Жаңа қазандық пен тур­би­на міндетті түрде көмірмен жанатын болады, – деді Сабыр­ғали Ыдырысов.

«Қарағанды Энергоцентр» ЖШС бас директоры 2027-2028 жылдары газ құбыры  ЖЭО-1-де ғана пайда болатынын, бұл стан­са­ларды газға көшіру мәселесі әлі күн тәртібінде тұрмағанын айтты.

Мейрам Қожухов «ЖЭО-ны газға көшіру тұтынушылар үшін тарифті өзгерте ме?» деген сұра­ғына Сабырғали Ыдырысов «газ бағасы қымбат, ал ең арзан отын – көмір» деп жауап берді. 

Бас директор сонымен қатар автоматтандырылған бақылау жүйесін енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын, ол әрбір турбинаға орнатылуы тиіс және мониторда эмиссия көрсеткіш­терін онлайн режимде көрсете­тінін айтты.

Одан кейін күл үйіндісі тақы­рыбы қозғалды. Мейрам Қожухов алдағы 10 жылда күл төгетін жер бар деді. Осыған қарамастан отын­ның басқа түрлеріне көшу мәселесін қарастыру қажет.

Сабырғали Ыдырысов көмірді пештерде толығымен жағу мүмкін емес, көмірдің 40 пайызы күлге айналады деп жауап берді. 

Иә, көмірді жаққанда ауаға түтін тарап, жұрттың мазасын ғана алмай, қыста ақ қар қарайып жатқанына да көз жеткізіп жүр­міз. Жел тұрса, көмір қалдығы күл де жақын жатқан ауылдарды көміп тастары хақ. Осы жағы да айтылды.

– Кем дегенде 1,5 миллион тонна күлді күл үйіндісіне тастау­ға мәжбүрміз. Сұрақ көп. Күлді неге қолдануға болмайды? Өткен жылы жол салушыларға 50 мың тонна күл бердік. Бірақ күлдің бүкіл көлемін жоқ қылу немесе біреуге беру мүмкін емес. Бола­шақта біраз перспектива болады деп ойлаймын, – деп жауап берді бас директор.

Әрине, газдандыру жалғасады. Сондықтан халыққа әлі біраз уақыт түтінге тұншыға тұруға тура келері анық...

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы

Еркебұлан ДҮЙСЕБОЛАТ (коллаж)