Түркістан облысында бір көшенің бойында тұратын екі мектептің оқушылары төбелесті.
Түркістандағы жаппай төбелес: оқушы ауыр халде ауруханаға жеткізілді
1,107
оқылды

60 шақты бала қатысқан төбелес Құсшы ата ауылында болған. Жаппай төбелестен бір бала ауыр жараланды. Бұл туралы Aikyn.kz "КТК" арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бас сүйегі сынған 9-сынып оқушысы қазір ауруханада жатыр. 

Жергілікті тұрғындар жолдың екі бетінде тұратын жастардың бір-бірімен жиі шекісіп қалатынын айтады. Бұл жолы да әлеуметтік желіде бір-біріне балағат айтқан жастар қолына таяқ, тас ұстап көше бойында қырғын салған. Бір оқушыға қатысты қылмыстық іс қозғалыпты. Құсшы ата ауылының жартысы Кентау қаласына, қалған бөлігі Сауран ауданына қарайды. 

Жолдың арғы және бергі беті болып бөлінген 60-тан астам бала осы жерде түйісіп, сөзге келместен төбелесе кеткен. Қолына таяқ алып шайқасқан олар соңынан бір-біріне тас жаудырған. Асфальтта жараланғандардың қаны, оқушылар лақтырған тас пен бөтелкелер шатырдың үстінде жатыр. 

Нұриддин Матқасымов: «Қақпаның астына келсем, тасты қардай боратты. Ол жақ мына жаққа, ана жаққа, екеуі екі жақтан ұрып жатыр. Шиферлерге тиіп жатыр. Одан айқайлап, шыңғырдым. Мені ешкім елемеді, балалар да... Қыста да төбелескен. Ол кезде бетперде киіп алып төбелесті. Бұл төртінші рет болып отырған оқиға», – дейді.

Бұл жолғы төбелесте 9-сыныптың оқушысы ауыр соққы алып, бассүйегі сынған. Оны қансыраған күйі достары үйіне жеткізіпті. Дәрігерлер жедел ота жасады. 

Кентау ауруханасының бөлім меңгерушісі Асқар Жұмбеков: «Баланың басы, оң жақ төбе бөлігі, сүйегі ауыр соққыдан  шытынап, бірнеше бөлшекке бөлініп, мидың ішіне кірген. Бұл жерде миды зақымдаған сүйектер, қанталаған жері бөлшектенген сүйектері алынды. Мидың қан тамырлары зақымданған», – дейді.

Ауылдағы қос мектептің жоғары сынып оқушылары осылайша бір-біріне қас жауға айналған. Оларға мектеп басшылары бірнеше рет жиналыс ашқан. Алайда бұл жолғы төбелес түнде болғандықтан, балалардың оспадарлығына жауап бермейміз деп отыр директор. 

Қазыбеков атындағы мектеп директоры Нұржан Қадыров: «Кикілжіңге не себеп болғаны, телефонда бір-бірімен сөзге келіп қалған-ау деймін. Балағаттаған бір-бірін, телефонда сөзге келіп қалған. Сонымен кездесіп, сөйлесеміз деген, сол жерде түнгі сағат 11-ден кейін бір-бірімен ұрысып қалған. Тәртібі жақсы балалар еді», – дейді. 

Оқушыларды қазір тәртіп сақшылары тергеп жатыр. 

Ерлан Қыдырбаев, Кентау ПБ бастығы: «Жалпы, 20 шақты бала болған. 20 шақты бала жеткізілді. Сұрастыру барысында оқиғаның мән-жайы анықталып, ұсталған бала қылмысын мойындап, тергеп-тексеру жүріп жатыр. Бір бала ғана. Басын таспен ұрған. 2007 жылы туған бала», – дейді. 

Полицейлер 20 баламен тергеу аяқталмайды деп отыр. Қалған оқушылардан да сұрақ-жауап алынады. Ал жаппай төбелеске қатысқандарды есепке алу мәселесін арнайы комиссия шешеді.