Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Ас­тана халықаралық форумы алаңында сөз сөйлеп, әлемдік тәртіптің парадигмасы өзгерген кезеңдегі «орта» мемлекеттердің рөлі жөнінде баяндама жасады.
Қауіпсіз әлем құрудың қадамдары
1,257
оқылды

Палата Спикері өз сөзінде Форум негізгі жаһан­дық мәселелерді бірлесіп шешу үшін халықаралық қоғамдастықты ортақ мақсатқа жұмылдыруды көздейтінін атап өтті. Сондай-ақ ол дипломатия мен халықаралық құқық жүйелерінің әлсіреуіне байланысты әлемдік диалогтың жаңа форматының өзектілігі артып отырғанын айтты.

«Бұл жағдайда орта мемлекеттердің рөлін қайта қарастыру керек. Теңдік, диалог, инклюзия, мемлекеттердің аумақтық тұтастығын құрметтеу қағидаттарына негізделген халықаралық ынтымақ­тастықтың жаңа парадигмасы қажет. Мұндай жаңа жағдайда орта елдер негізгі рөлдердің бірін ат­қару­ға тиіс. Тек ірі державалардың қарым-қатынасы төңірегінде қалыптасқан халықаралық жүйеден арылудың маңызы зор. Қазіргі таңда желілік принцип бойынша құрылған институттар тиімді. Осы тәжірибені халықаралық институттарға да енгізуге болады», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы халықаралық деңгейде диалог және инклюзивті даму мәдениетін дәріптеудің перспективалық бағыттарына назар аударды. Сол арқылы белсенді орта мемлекеттер үшін өз мүмкіндіктерін іске асыруына жол ашы­лады.

«Біріншіден, бітімгершілік бастамаларды дәріптеу және мұқтаж елдерге немесе белгілі бір әлеуметтік топтарға гуманитарлық көмек көрсету. Екіншіден, негізгі халықаралық институттардан тыс жағдайда ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды нығайту. Үшіншіден, бүгінде барлық ел бетпе-бет келіп отырған өзекті экологиялық, әлеу­меттік, гуманитарлық және өзге де проблемаларды талқылауға бастамашылық жасау. Сонымен бірге ресурстарды ғылыми зерттеулерге, адамзаттың болашағы үшін маңызды салалардағы жобаларға бағыттаудың мәні зор. Оның ішінде медицина, биохимия, жасыл технология және тағы басқа бағыттарды атап өтуге болады», – деген Мәулен Әшімбаев Астана халықаралық форумының қызметін мысалға келтірді.

Сенат Спикері жаһандық деңгейде мәдениеттер мен өркениеттер арасында алтын көпір болатын тағы бір тиімді бастама ретінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін айтты.

«Бүгінде Қазақстан рухани дипломатияның мойындалған халықаралық орталықтарының бірі ретінде қалыптасты. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен дін лидерлерінің идеяларын, ұсыныстары мен уағдаластықтарын дәріптеу үшін әлемнің рухани орталықтарында дөңгелек үстелдер өткізу қолға алынды. Қазақстанның бастамалары әлемдегі маңызды проблемаларды шешу кезіндегі орта елдердің мүмкіндіктерін көрсетеді. Мұндай қадам дамыған, тұрақты, инклюзивті және қауіпсіз әлем құруымызға ықпал ететіні анық», – дей келе, Мәу­лен Әшімбаев Қазақстан халықаралық қақты­ғыс­тарды дипломатиялық жолмен реттеуді қолдай­тынын тілге тиек етті.