Әлемдегі дамыған, зайырлы елдерде бір ғана әкімшілік астана болады. Басқа астаналарының бәрі тек бейресми мәртебеге ие. Бұл ретте Үкімет теңдесі жоқ «Қазақстандық жолды» ойлап тапты: Түркістанды «Қазақстанның рухани астанасы» деп ресми жариялау ұсынылды.
Рухани астананың  рөлі қандай?
1,445
оқылды

Осы мәртебені бекітетін заң биыл қабылданып, күшіне енеді деп күтіліп отыр. Бұл статус не үшін қажет? Халыққа, қалаға не береді? Терең қатпарлы тарих бар  Түркістанда бейберекет заманауи құрылыс өрістейді деген қауіп айтылды.

Бас қала болуға лайық па?

Түркістан жақта той көп. Өңір астанасы Түркістан облысының 5 жылдығын ау­қымды атап өтпек. Президент Қ.Тоқаевтың жарлығымен 2018 жылдың 19 маусымында жаңадан Түркістан облысы құрылған бо­латын. Облыстық Мәдениет және туризм басқармасы басшысының міндетін атқару­шы Әділ Қонысбековтың айтуынша, бұл тарихи шешім өңірге жаңа серпін берді, жан-жақты дамуға жол ашты.

– Осынау аз ғана уақыт ішінде өңіріміз өзгерді, облыс орталығы түлеп, жаңаша кейіпке еніп үлгерді. Тарихы тереңде жат­қан шаһардың жаңа дәуірі басталып, жүз­деген жаңа нысан бой көтерді. Бесжылдық белестің қарсаңында облыс басшы­лығының қолдауымен өңірімізде бірқатар шара қолға алынды. Соның бір айғағы – «Түркістан облысына 5 жыл – 5 әдеби сапар» шарасы Қызылордада өтіп, Шым­кентте жалғасты. Сондай-ақ Түркістанның туристік әлеуетін дамыту мақ­сатында сәуір-шілде айлары аралы­ғына жос­пар­ланған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фес­тивалі аясында әр аудан, әр қала­мыздың мәдени күндері өтіп жатыр, – деді Әділ Нұржанұлы.

Дегенмен «Түркістан қаласының ерек­ше мәртебесі туралы» заңының жобасын әзірлеген Ұлттық экономика министрлігі Түркістанның облысқа айналуы көне қа­лаға біршама зиян келтіргенін алға тартты. Ведомствоның байламынша, бұл шаһар­дың тарихи келбетін, оның аумағында ор­наласқан тарихи-мәдени мұра объек­тілерін сақтауға қауіп төндірді. 

«Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесінің берілуіне байланысты 2018 жылы халық санының, өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс көлемінің күрт өсуі тіркелді. Бұл қаланың тарихи келбеті мен тарихи-мәдени мұра объектілерінің жоғалу қаупін тудырды. Түркістанға облыстық маңызы бар қала мәртебесі берілгелі шаһар халқының саны 2018 жылғы 161,5 мыңнан 2023 жылғы 220,5 мың адамға дейін, яғни 35 пайызға  өсті. Олардың бәрін баспанамен қамту қажет. Тиісінше, 2018 жылмен са­лыс­тырғанда тұрғын үйді іске қосу көлемі 6 есеге  артты. Қаладағы тарихи-мәдени ны­сандарды кейінгі ұрпаққа тапсыру, олар­дың сыртқы түрінің сақталуы және турис­терге қолжетімділігі мәселеге ай­налды», деп түсіндірді өңірлердің дамуына жауап беретін осы министрлік төл кон­сультативтік құжатында.

Оның байламынша, Түркістанды сақ­тап қалу үшін оған рухани және тарихи астана мәртебесін беру және осы статуста дамыту қажет. Әрине, көне шаһар осыған әбден лайық. Түркістан қаласы бертінде Қазақ хандығының астанасы болды. Ұлы Жібек жолындағы маңызды сауда торабы рөлін атқарды. Қазақ хандығының ұлы тұлғалары, билеушілері, билері мен батыр­лары сонда жерленген. Ұлы сопы Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі орналасқан. Сондай-ақ ол ЮНЕСКО-ның Бү­кіләлемдік мұра тізіміне енген. Түркітілдес мемлекет­тердің ынтымақтастық кеңесі (Түркі кеңесі) 2021 жылғы сәуірдегі саммитінде Түркістан қаласын «Түркі әлемінің рухани астанасы» деп таныды.

Дегенмен заң жобасында жаңа мәртебе Түркістандағы тарихи жәдігерлерді зама­науи құрылыстың аранына жұтылудан қа­лай құтқарып қалатыны ашып айтылма­ған. Ал бұл – ең маңызды мәселе. Өйткені жаңа мәртебенің берілуі, қаржы тасқы­нының күрт артуы бұл шаһарға миграция­лық ағынды қарқынды ұлғайтады. Мол қаржылық ресурстарды игеруге қызығу­шылар көп болып, Түркістан өзіндік бір «алтынды Клондайкқа» айналуы ғажап емес. Сонда тұрғын үй, мейрамхана, әлеу­меттік нысан және басқасы құрылысының ауқымы 6 емес, 60 есе артуы, шаһар алып мегаполис деңгейіне тез жетуі мүмкін. Онда қойны тарихи қазына мен мәдени мұраға толы Түркістан жерінен археологтар ысырылып, бульдозерлер мен экскаватор­лар үстемдік етпей ме? Әзірге бұған нақты жауап жоқ. Заң жобасын қарау барысында Парламент депутаттары күрмеулі мәселе­лердің түйінін тарқатып, құжатты кемеліне жеткізе пысықтаса, жөн. 

2023 жылғы сәуірдегі жағдай бойынша Түркістан қаласы тұрғындарының саны 220,5 мың адамнан асты.

«Қала облыс орталығы болған 5 жылда оның тұрғындарының саны 55,4 мың адамға артты. Ал Түркістанға «Қазақстан­ның рухани және тарихи астанасы» ерекше мәртебесі берілген соң халық санының өсу қарқыны жалғасады деп болжаймыз. Өйткені қаланың мәдени және діни туризм орталығы ретіндегі тартымдылығы артады. Сондай-ақ Түркістанның геосаяси картада да ерекше рөл атқаратынын және Түркі әле­мінің халықаралық туризм мен қажы­лық орталығы саналатынын ескеру қажет», – деді министрлік сарапшылары.

Жаңа мәртебе не береді?

«Түркістан қаласының ерекше мәр­тебесі туралы» заңы жобасының басты жаңалығы сол, ол Түркістан қаласының «Қазақстанның рухани және тарихи аста­насы» мәртебесін бекітуді көздейді.

Сонымен бірге онда Түркістан қаласы әкімдігінің құзырын кеңейту ұсынылып отыр. Біріншіден, облыс деңгейінен тікелей Түркістан әкімдігінің қарауына тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау, туризмді дамыту саласындағы кейбір қо­салқы функциялар түсірілмек. Бұл «мәсе­лелерді шешу жеделдігін арттыру және бақылауды күшейту үшін» қажет көрінеді. 

Екіншіден, енді қала билігі тарихи-мәдени мұра ескерткіштері орналасқан кез келген аймақта объектілерді салуға және пайдалануға қосымша талаптарды белгілеу өкілеттігіне ие болады. Лайықты бақылау болмаса, бұл сыбайлас жемқорлықты ушық­­­тыруы ықтимал. Айталық, ниеті қа­рау шенеунік пара дәметіп, оны бергенше кәсіпкерге қосымша талаптарын тықпалай алады. 

«Қоғамдық мүдделер жеке мүдделерден жоғары тұрады. Осы өзгеріс аясында өз­деріне тиесілі, өз меншігіндегі жер учас­келерінде сәулет, қала құрылысы, құрылыс және өзге де қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға қосымша талаптар қойылады. Бірақ бұл шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өнім өндірісінің шамалы төмендеуіне соқтыруы мүмкін», – деді экономика министр­лігіндегілер.

Үшіншіден, облыстың және қаланың жергілікті атқарушы органдарына бірқатар шешімдерді қабылдау процесін жеделдетуге мүмкіндік беретін қосымша құзыреттер беру жоспарланған. Нәтижесінде, ком­муналдық шаруашылықты, көлік инфра­құрылымын, сәулет пен қала құрылысын, сауда, сервисті реттеу мәселелері облыстық және қалалық мәслихат пен әкімдік дең­гейінде дербес шешілетін болады. 

Яғни, жаңа мәртебесі заң жүзінде бекісе, онда Түркістан да ерекше мәртебесі бар Алматы мен Астана сияқты шешім қабылдауда Үкіметке жалтақтамай, бір­шама тәуелсіз қимылдай алады.

Төртіншіден, облыс пен қала әкімдік­терінің функциялары да көбейеді. Мысалы, олар қала аумағында құрылыстың бірыңғай стилистикасының қолданылуын реттеуге, бірыңғай сәулеттік келбетті қалып­тас­тыруға, арнайы қала құрылысы стандарт­тары мен бірегей дизайн-кодты пайда­лануға, туристік тартымдылық орындары­ның қолжетімділігін қамтамасыз етуге, көлік және инженерлік инфрақұрылымды бейімдеуге міндетті болады. 

Осы салаларда қаланың төл стан­дарттары бекітуі мүмкін. Әзірге Түркістан қаласындағы қоғамдық қатынастар да ерекше мәртебесі жоқ өзге қалаларға ортақ жалпы заңнамамен реттеледі.

Бесіншіден, қаланың қоржыны қар­жыға толады. Экономика министрлігі жаңа мәртебе Түркістанда қажетті инфра­құрылымды салу және реконструкциялау үшін ауқымды инвестицияларды тартуға ықпал ететінін атап көрсетті. Бұдан бөлек, Түркістан облысының 2025 жылға дейінгі Әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарында көзделген іс-шаралар уақтылы қаржыландырылатын болады.

Мәртебенің мүмкіндікпен бірге қаупі бар

Министрлік тартқан мамандар жаңа мәртебенің теріс жақтары да болуы мүмкін екенін ескертті. Алдын алу шаралары қа­былданбаса, шаһардың жаппай ластануына жол беріледі және стихиялық урбанизация өрістейді. Табиғи ресурстарды қорғау мә­селелері құрылыстарды жобалау саты­сында, мәдени және өзге де объектілерді пайдалану басталғанға дейін шешілуі тиіс.

«Х.А.Ясауи кесенесінің сақталуына төнген қауіп жойылмаса, ол ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміндегі мәртебесін жоғалтуы мүмкін. Кесенені реконструкциялау, сондай-ақ тарихи мұ­раны қорғау аймағын пайдалану кезінде құрылыс, гидротехникалық және өзге де технологиялық нормалар сақталмаған. Кесененің жай-күйіне теріс әсер ететін себептерді анықтау және жою жөніндегі шараларды уақтылы іске асыру керек», – деп кеңес берді сарапшылар. 

Эксперттердің дабылы құлағына жетсе керек, осы аптада ЮНЕСКО-ның бас директоры Одрэ Азуле Түркістан қаласына сапарлап, ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне қазақстандық нысандар арасынан бірінші болып кірген Қожа Ахмет Ясауи кесенесін аралап көрді. Мемлекеттік кеңесші, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Ерлан Қарин оған кесенені сақтауға қатысты атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады. Бірақ Одрэ Азуленің қандай тоқтамға келгені белгісіз күйі қалды. 

Сарапшылар қалаға жаңа мәртебе берілсе, жергілікті кадрлар өзіне берілген жаңа құзырларды, өкілеттіктерді және функцияларды еңсере алмай қалады деп алаңдайды. Ал «мәслихат пен әкімдіктің қосымша функциялармен шамадан тыс жүктелуі» олардың орындалу сапасына кері әсер етуі мүмкін. Себебі «оларда қажетті тәжірибе жоқ». Ендеше заң қабылданып жатса, онда Түркістанға Астана мен Ал­матыдан, тіпті шетелден білікті кадрларды тарту, жергілікті мемлекеттік қызмет­шілерді қайта даярлау қажет болмақ.

Үкіметтің ұстанымынша, Түркістан қаласының рухани және тарихи астана атануы – ондағы туризмнің, бизнестің, өндіріс орындарының, құрылыстың, тамақтандыру қызметтерінің және басқа салалардың дамуына, сондай-ақ қала инфрақұрылымының жаңаша өркендеуіне серпін береді.

Айхан ШӘРІП