Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов жедел штабтың кеңесін өткізді. Онда орман өртін сөндіру бойынша негізгі міндеттер тұжырымдалып, өңірдегі ахуалды тұрақтандыру үшін қосымша іс-шаралар әзірленді.
Жедел штаб отырысын өткізді
986
оқылды

«Өртті сөндіру және залалды азайту, ең бастысы халықты қорғау бойынша барлық қажетті шаралар қабылданды. Оқиға орнында тәулік бойы кезекші мамандар, жедел штаб жұмыс істейді. Алға қойған міндетті орындауға қажетті барлық күштер мен құрал-жабдықтар дайын», – деді министр.

Орман өртін сөндіруге Абай, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы облыстарының, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларының ТЖД күштері мен құралдары және ТЖМ бөлім­дерінің әскери қызметшілері қатысуда.

Отырыстан кейін министр орманды дала айма­ғының аумағына аэровизуалды зерттеу жүргізді. Ұшу қорытындысы бойынша, өрт ошақтарына күштер мен құрал-жабдықтарды қайта жұмылдыру жүргізілді. Сондай-ақ өрт учаскелерінде су төгетін құрылғылары бар тікұшақтарды ауыстыру туралы шешім қабылданды. Орман өртін сөндіруге ТЖМ, орман шаруашылығы комитеті, жергілікті атқарушы органдар және Қорғаныс министрлігінен 1500-ге жуық адам және 300-ден астам техника жұмыл­дырылды. Өрт басталғаннан бері 14 тікұшақтың көмегімен жалпы көлемі 3 039 тоннадан асатын 1 017 су шашу жүзеге асырылды. Өртті сөндіру күрделі рельефті жерлер мен 17 м/с қатты екпінді желдің салдарынан қиынға соғуда. Жағдайды ескере отырып, Сырым Шәріпханов жедел штабқа тиісті тапсырмалар берді. 

«Өртті ауыздықтау және оқшаулау аса күрделі жұмыс және көп еңбекті қажет етеді. Жер бедерінің жағдайы мен отпен күрестегі кедергілер ескерілуі керек», – деді министр. 

Қазір Абай облысында өртті сөндіру үш бағытта жалғасуда (оңтүстік, батыс және шығыс жиектер). Шығыс бағытта ауыр техникамен минералданған жолақтар жасау жұмысы жүргізіліп жатыр. Сырым Шәріпханов орман өртін сөндіруге қатысқандардың барлығына алғыс білдіріп, қалыптасқан жағдайға қарамастан, бірлескен күш-жігер табиғи апатты тез арада жоюға әкелетініне сендірді.