Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Абай облысындағы алапат өрт салдарынан адамдардың қаза табуына байланысты шет мемле­кеттердің басшыларынан, халықаралық құрылымдардың өкілдерінен көңіл айту жеделхаттары келіп түсіп жатыр.
Көңіл айту жеделхаттары келіп жатыр
922
оқылды

Ресей Президенті Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына Қазақстанның шығыс аймағындағы алапат орман өртіне байланысты өзінің қолдауын және жылы лебізін білдірді.

– Табиғат апатының ауыр салдары еңсеріліп, зардап шеккен аумақтар қалыпты өмірге оралатынына сенімдімін, – деп жазылған Ресей Президентінің жеделхатында. 

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев алапат орман өрті салдарынан адамдардың қаза тапқаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізген.

– Осындай қайғылы сәтте Сізге және бауырлас әрі достас Қазақстан халқына көңіл айтамын. Қаза тапқандардың туыстары мен жақындарының қайғыларына ортақ екенімді жеткізуіңізді сұраймын. Бұл төтенше жағдай жақын арада толығымен еңсерілетініне сенім­дімін, – делінген Өзбекстан Президентінің жеделхатында.

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевқа орман өрті салда­рынан адамдардың қаза табуына байланысты қайғырып көңіл айтты.

– Орны толмас қайғыға ортақтаса отырып, қаза тапқан қазақстандықтардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын, – деп жазылған Қырғызстан Президентінің жеделхатында.

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Үкімет пен достас Қазақстан халқының күш-жігерімен өрттің жақын арада ауыздықтала­тынына сенім білдірді.

– Абай облысындағы ауқымды өрт сал­дарынан адамдардың қаза тапқаны жөніндегі қайғылы хабарды терең күйзеліспен қабыл алдық. Барша бауырлас Қазақстан халқына, қаза тапқан азаматтардың туыстары мен жа­қындарына қайғырып көңіл айтамыз, – деп жазды Тәжікстан Президенті.

Түрікменстан Президенті Сердар Берді­мұхам­едов адам шығынына әкеп соқтырған Абай облысындағы алапат орман өртіне бай­ланысты Қасым-Жомарт Тоқаевқа көңіл айтты.

– Түрікменстан халқы мен Үкіметі атынан және өз атымнан қаза тапқан азаматтардың туыс­тары мен жақындарына көңіл айтамын, сон­дай-ақ зардап шеккен аумақтың тезірек қал­пына келуіне тілектестік білдіремін, – делін­ген Сердар Бердімұхамедовтің жедел­ха­тында.

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Абай облысындағы алапат орман өрті салдарынан адамдардың қаза тапқаны және ауыр шығынға әкеп соқтырғаны туралы хабарды ауыр күй­зеліспен қабылдағанын жазды.

– Осы қайғылы жағдайға байланысты өзімнің және әзербайжан халқының атынан қаза тапқандардың отбасына және жақындары­на, бүкіл Қазақстан халқына көңіл айтамын. Сондай-ақ табиғат апаты болған аумақтың те­зірек қалпына келуіне тілектестік білдіремін, – делінген Ильхам Әлиевтің жеделхатында.

Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған Түркия халқының атынан және өз атынан қаза тапқандардың отбасы мен туыстарына қай­ғырып көңіл айтты.

– Осы қайғылы сәтте қаза тапқандардың отбасы мен туыстарына көңіл айтамын. Түрік халқының атынан және өз атымнан зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілек­тестік білдіремін, – деп жазылған Түркия Республикасы Президентінің жеделхатында.

Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф Қазақстандағы орман өрті салдарынан 14 адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты.

– Пәкістан Үкіметі мен халқының атынан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және қаза тапқан азаматтардың отбасына қайғырып көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуі үшін дұға етемін, – деп жазды Шахбаз Шариф.

Көңіл айту жеделхаттары әлі де келіп түсіп жатыр.

Фото: Ақорда