Жекеменшік мектептердің білім сапасына ықпалы жайындағы пікір сан алуан. Көпшілік мұндай оқу ордалары сапаға серпін бергенімен, оның арғы жағында табыс табуды ғана ойлайтын кәсіпкер тұрғанын айтады.
Жекеменшік мектептер жарылқай ма?
1,226
оқылды

Әрі мемлекеттік мектеп пен жекеменшік мектепте оқитын оқушылардың білім сапасындағы айырмашылықты мысал ететіндер көп. Осының өзі әлеуметтік теңсіз­діктің мектеп партасынан бастала­тынын көрсетеді. 

Соған қарамастан елімізде жекемен­шік мектептердің саны артпаса кеміген жоқ. Қазірдің өзінде жекенің иелігіндегі 600-ге тарта мектепте 60 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Бізде жекемен­шік мектептердің көбеюі мектеп тапшы­лығын жоюдың қадамы ретінде қарасты­рылады. Мектеп тапшылығын оңтайлы пайдаланған кәсіпкер бұл саланы табысты бизнестің көзіне айналдырып алғандай. Бір ғана Астана қаласының өзінде 2022-2025 жылдар аралығында 14 ақылы мек­теп ашу жоспарланған екен. 

Ата-аналар балаларын оқыту-тәр­биелеу ісі соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтар жабдықталған орында жүр­гізілетін, әр баланың қарым-қабілетіне қарай үйірмелері бар мектептерге бергісі келеді. Олардың оқушыларға үш тілде білім беруі және шетелдің озық әдісін қол­дануын да басты артықшылық санай­тындар көп. Мұндай мектептер күн ұзақ­қа жұмыстан қолы босамайтындарға ыңғайлы. Жекеменшік мектептердің көбі таңертеңнен күн батқанға дейін баланы оқытып, түрлі үйірме арқылы қарым-қа­білетін шыңдап, тіпті үш мезгіл тамақ­тандырады. 

– Жұмыспен қарбаласып жатқан соң баланың сабағын қадағалауға мүм­кіндік жоқ. Үйірмелерге апарып келуге де уа­қыттың ыңғайы келе бермейді. Сол се­бепті жекеменшік мектепті таңдадық. Педагогикалық ұжым тәжірибелі ма­мандардан құралған. Ең бастысы, мұндай мектептерде балаға қажеттінің бәрі бар. Сондықтан баламды жекеменшік мек­тепке сеніп тапсыра аламын. Таңнан кеш­ке дейін мектепте сабағын оқып, мұ­ғалімдерімен жеке жұмыс жүргізеді. Үйір­мелерге де барады. Бұл біз үшін тиім­ді. Әрине, бағасы қымбат болғанымен, балаға да, бізге де қолайлы, – дейді ата-ана Рыстыгүл Әлиева.

Ал елордадағы жекеменшік мектептің бірінің директоры Мейрам Жакенов оқу ордасындағы білім беру процесінің ерек­шелігі көп екенін алға тартады. 

– Жаңа оқу жылынан бастап біздің мектеп физика-математика бағытында жұмыс істейді. Бастауыш мектепте білім беру Elementary Тrilingual Program тә­сілінде жүргізіледі. Оқыту процесінде STEAM, жеке-саралап оқыту тәсілін қолданатын және өз бетінше дамуды қуаттайтын бірегей Сингапур әдістемесін қолданамыз. Домбыра, фортепиано, ло­го­пед, көркемөнер, үшінші сыныптан бас­тап екінші шет тілі (қытай тілі), шах­мат, робототехника, спорттың коман­далық түрлері бар.

Негізгі мектепте үш модульден тұра­тын Secondary School Program атты ерте кәсіби бағдар беруге бағытталған кур­сымыз бар. Жоғары мектепте білім беру Нigh School Program бағдарламасы арқылы жалғасады. ҰБТ-ға кезең-ке­зеңмен дайындық жүргізіліп, беделді оқу орындарына түсудің жолдарын қарас­тырып, халықаралық IELTS және SAT емтихандарына дайындықты да осы кезден бастаймыз, – дейді жекеменшік мектеп директоры Мейрам Жакенов.

Негізінен, көптеген ата-ана жеке­меншік мектептегі оқушыларды құнарлы тамақтандыратынына қызығады екен. Өйткені олар мемлекеттік мектеп асха­насын жиі сын тезіне алады. Бұлай бола­тын жөні де бар. Биыл сәуір айында Се­мейде 13 жастағы оқушы мектеп асха­насында тамақтану кезінде қайтыс болғанын көпшілік ұмыта қойған жоқ. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетілгенімен, бала жедел жәрдем кел­генге дейін қайтыс болды. Медициналық сараптама баланың тамақтың ірі кесек­теріне шашалып, тыныс алу жолдарының жабылуына байланысты механикалық асфиксиядан көз жұмғанын растады. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жақында павлодарлық ата-аналар әлеуметтік желілерде мек­тептегі азық-түлік сапасына шағым­данған. Олардың айтуынша, балаларға дәмсіз тағамдар беріледі. Ал түскі астан кейін оқушылардың іші ауырады екен. Осыдан-ақ асхана мемлекеттік мектептердің осал тұсы екені аңғарылады. Есесіне жеке­меншік мектепте мұндай мәселе жоқ. Сондықтан таңдауы дәл осындай білім ордасына түскен ата-ананың көңілі, ал баланың қарны тоқ.

Әрине, жекеменшік мектептің жыл­дық оқу ақысы қалтаға салмақ салады. Ірі мегаполистерде оқу ақысы тіпті 1 мил­лион теңгеден асады. Мұндай баға сөз жоқ, кәсіпкерлердің қызығушылығын туғызады. Мұндай да сапаның ескеріле бермейтіні де түсінікті. Педагог Келдібай Берлібайұлының да пікірі осыған саяды. 

– Қазір жекеменшік мектеп ашып, табыс табуды көздейтіндер көбейді. Бұл сөз жоқ, білім сапасына ықпал етеді. Сон­дықтан салалық министрлік жекеменшік мектептерге тексеріс жүргізуі керек. Мек­теп дүкен секілді табыс көзі емес, бұл – білім беретін орын. Саудаға айналдыра берсек, білім сапасы төмендейді. 

Бұған қоса, жекеменшік және мем­лекеттік мектепте оқитын балалар ара­сын­да әлеуметтік теңсіздік орнайды. Баланың дамуына арналған қосымша курстарға баласын ақшасы бар ата-ана ғана жібереді. Ал жағдайы жоқ оқушы қанша жерден дарынды болса да, қа­білетін шыңдай алмай, қалып қояды, – дейді ол.

Жекеменшік мектептер оқыту-тәр­биелеуде әлемдік тәжірибеге иек артады дегенімізбен, әлемде мұндай оқу орда­ларына қатысты көзқарас әрқилы. Мә­селен, Германияда жекеменшік мектеп көп емес. Елдің кей жерлерінде халық саны өсіп, мектептерде орын тапшылығы байқала бастаған соң жеке мектептер пайда болған. Бізде басты ерекшелігі, жекеменшік мектептер мемлекет есебінен қаржыландырылады. Сондықтан мұндай оқу орнында білім алу әр отбасы үшін қолжетімді. Біздің жекеменшік мектеп­тегідей оқу ақысы тым қымбат емес. Қа­рапайым отбасының бюджетіне шақ­талған. Үндістанда да жекеменшік мек­тептердегі оқу оқысы тым қымбат емес. Есесіне көпшілікті мұндай мектептерде оқушылардың сапалы білім алуына бар жағдай жасалғаны қызықтырады. 

Ал Ұлыбританияда жекеменшік мектептердің өз дәрежесі бар және оқу ақысы өте қымбат. Мемлекет оларды тексермейді. Керісінше, академиялық еркіндік береді. Соның ішінде мемле­кеттік стандартты орындау міндетінен босатылған. Финляндияда жекеменшік мектептер сирек. Мұндағы жекеменшік мектептер мемлекеттік мектептерде оқыт­пайтын сирек пәндерді оқытуымен ерек­шеленеді. Қытай жекеменшік мек­тептері толықтай мемлекеттің бақы­лауында.

Қалай десек те, мектеп табыс табатын емес, ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін орын екені белгілі. Демек, жыл санап көбейе түскен жекеменшік мектептердің бар­лығында сапалы білім беріледі деу де жаңсақ пікір. Әлбетте, таңдау ата-ананың өз еркінде. Солай екен деп мектеп оқу­шыларының арасындағы әлеуметтік теңсіздікке жол беруге бол­майды. Жеке және мемлекеттік мектептер арасындағы таласта бұл теңсіздік білім сапасына тікелей байланысты екенін ұмытпаға­нымыз абзал.

Жанел ҚҰТТЫБАЙ

Қуаныш САПАРБАЕВ (коллаж)