Алматы қаласында Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театры ғимаратына мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті.
Ақтық сапарға шығарып салды
983
оқылды

Қаралы жиынға Үкімет мүшелері, облыс әкімдері, Парламент депу­таттары мен қоғам қайраткерлері,  Бердібек Машбекұлының туған-туыстары қатысты.

Жиналған жұрт 71 жасқа қараған шағында өмірден озған мемлекет қайраткерінің саналы ғұмырында ел дамуына қосқан үлесін, қайраткерлік қыры, кәсіби білігі, азаматтық келбетін еске алып, жақын-жуығына көңіл айтты. Қаралы жиынды ашқан Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың көңіл айту жеделхатын оқыды.

«Бердібек Машбекұлы ұзақ жылғы еселі еңбек жолында лауазымды қызметтерді абыроймен атқа­рып, еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени өркендеуіне және өңірлерді дамытуға мол үлес қосқан еді. Мемлекетіміздің сындарлы саясатын зор біліктілікпен жүргізе білді. Қазақстанның беделі мен мәртебесінің арта түсуіне қажыр-қайратын жұмсады. Азаматтық қадір-қасиетімен ел ішінде құрметке бөленді. Соңына өшпес із қалдырған Бердібек Маш­бекұлының есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын!» делінген жеделхатта.

Одан соң марқұмның қызмет жолындағы өнегелі жолы туралы өз естеліктерімен бөліскен замандас-әріптестері Бердібек Сапарбаевтың тынымсыз еңбегі мен тұлғалық қасиеттері туралы естеліктер айтты.

«Ағамыз еліміздің ең сезімтал құрылымдары мен аймақтарында аянбай еңбек етті. «Кризис менеджері» атанған тау тұлғаның әрбір жүйелі, нәтижелі жұмысының ар жағында білім мен білік қана емес, үлкен жүрек жатты. Елдің өркендеп, өрістеуіне бар ғұмырын арнаған ардақты азаматтың үлкенге құрметі, кішіге ізеті де ерекше еді. Адам ретінде де, мансап биігінде де бар білгені мен түйгенін кейінгі буынға үйретіп кетті», – деді Үкімет басшысы Әлихан Смайылов.

Бердiбек Сапарбаев 1953 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы Бесарық ауылында дүниеге келген. 1977 жылы Алматы халық шаруа­шылығы институтын экономист мамандығы бойынша бітіреді. Еңбек жолын 16 жасында «Задарьинский» кеңшарында қатардағы жұмысшы болып бастаған ол  50 жылын мемлекеттік қызметке арнады. Әр жылдары Қазақстан­ның 5 аймағын, атап айтқанда Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе мен Жамбыл облыстарын басқарды. Екі рет Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі, екі рет Үкімет басшы­сының орын­басары болды. Осы жиында жиналғандар оны ұстанымы бөлек, талапшыл, қиын сәтте батыл шешім қабылдайтын іскер басшы ретінде еске алып жатты:

«Мен Бердібек Машбекұлымен 25 жылдан астам уақыт аралығында таныс болдым. Ол кісі түрлі салада бар жігерімен жұмыс істеп, 45 жылдан астам уақыт мемлекеттік қызметте еліміздің өркендеуіне қомақты үлес қосты. Тәуелсіздікті нығайту жолында қатардағы экономистен Премьер-Министрдің орынбасарына дейінгі лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды. Әрдайым жауапты қызметтің тұтқасын ұстап, қысылтаяң уақытта да жүктелген күрделі міндетті тиянақты орындап, елдің сенімінен шыға білді», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

«Осындай тұлғалардың кетіп бара жатқаны өте өкінішті... Бірақ артында жақсы ісі қалды. Осылардың бәрін үйрену керек бізге. Ұлы тұлғалардың үлгісін, тәжірибесін біз пайдалануымыз керек. Бекеңнің әрбір күні бізге тағылым. Соңғы уақыттардың өзінде қаншама кездесуде көрдім, сол Бердібек кәдімгі Сапарбаев деген әдемі есімді арқалап жүрген адам барлық уақытта сүйкімді қалпында елдің жүрегінде сақталады деп ойлаймын», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Төлепберген.

Марқұм Алматыдағы «Кеңсай-2» қорымына жерленді.