Балалардың демалысы басталса, үлкендердің ұйқысы қашады. Өйткені ойын баласын үйде ұстау қиын. Ал саябақтағы әткеншектердің қауіпсіздігіне кепілдік жоқ. Олай деуімізге себеп, сапасыз аттракциондардың мәселесі жыл сайын көтеріледі.
Алаңсыз ойын арманға айналды
1,052
оқылды

Бірақ балалардың ойын алаңына әткеншек орнатып, табыс табуға ниеттілердің қауіпсіздікті қаперге алатын түрі байқалмайды. 

Бес бала жарақат алды

Бірер жыл бұрын бір топ депутат саябақ­тағы ойын алаңдарының қауіпсіздігін қапер­ге алу туралы мәселе көтерген-ді. Айтуларына қарағанда, Алматыдағы «Көк-Төбе» сая­бағын­дағы Катапульта аттракционынан секірген жасөспірім бес метр биіктіктен құ­лап, қол-аяғын сындырған. Оның артын­ша Қарағандыда қатты желден үрлемелі аттракцион аударылып, 12 жасар бала зардап шегіп, тағы бірнеше бала ауыр жарақат алып­ты. Есте болса, елордада да үрлемелі батут желдің екпінінен аударылып, үш жас­тан жеті жасқа дейінгі бес бала ауыр жарақат алған болатын. Сол жылдары Алматыда да 28 панфиловшылар саябағында балаларға арнал­ған жүк тиегіш көлік қаққан бүлдір­шінді аман алып қалу мүмкін болмапты. Ал жақында Петропавл қаласының орталық саябағындағы аттракциондардың бірі істен шығып, тағы да бес бала жарақат алды. «Гусеница» деп аталатын әткеншек «Мир аттракционов» ЖШС-ның иелігінде болған. Олардың берген мәліметіне сенсек, сол күні әткеншекке келгендердің қарасы қалың болып, құрылғыға үлкен жүктеме арты­лып­ты. Оның үстіне, «Гусеница» әткеншегінің істен шығуына жоғары ауа температурасы да әсер еткен көрінеді. Қазір қауіпті әткен­шек тоқтап тұр. Ойын-сауық орталығы ма­ман­дары болса, саябақтағы барлық аттрак­цион жыл сайын пайдалануға берілер ал­дын­да тәуелсіз зертхананың тексерісінен өтеді деп отыр. Бір қызығы, жылда тексе­рістен өтетін темірдің ауа райына да төтеп берер күші жоқ екені күдікті көбейтеді. 

Осыдан екі жыл бұрын да Оралда осын­дай оқыс оқиға болған. Ол кезде де жауапты мамандар өздерінің қызметіне шаң жуытпай бақты. Мұнда да орталық саябақта алаңсыз асыр салған бүлдіршіндер сапасыз әткен­шектен жазым бола жаздаған. Сөйтсе, соңғы тексерістен кейін белгілі болғандай, ойын-сауық құрылғыларының сапасы жергілікті атқарушы органдар тарапынан мүлдем тексерілмейтін болып шыққан еді. Жазым бола жаздаған бүлдіршіннің әкесі Мұрадым Идрисовтің айтуынша, «Калейдоскоп» деп аталатын айналмалы құрылғы орнынан қозғалған бойда кілт тоқтап, ішіндегі бүлдір­шіндер темір жақтауға бірнеше рет соғы­лыпты. Сол оқиға салдарынан 8 бала түрлі дене жарақатын алған екен. Отырғандарды ұршықша айналдыруға арналған  әткеншек 9 жыл бұрын әкелінген. Ең сұмдығы, сол жердегі техник мамандар  7 жастан төмен бала­ларды отырғызуға болмайтын әткен­шекке 5 жастағы балаға да рұқсат беріпті. Осы оқиғада аттракциондар саябағы дирек­торының орынбасары Антон Ротштайн «темірдің сапасына 100 пайыз кепілдік жоқ» деп ақталғаны есте. Техникалар кез келген уақытта сынып қалуы мүмкін екенін айтқан ол: «Біз қазір бұл құрылғының қалай істен шық­қанын білмей жатырмыз. Зардап шек­кен балалар үшін емдік шығынын өтеуге немесе моральдық шығынды төлеуге дайын­быз» дегені бар. Емдік шығынын өтеген күннің өзінде денсаулығын 100 пайыз орны­на келтіріп, жазым болса, жаңа өмір сыйлауға кепілдік бола алмайтынын білмегені қалай?

Жаңа аттракцион жарамсыз күйде

Былтыр Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында Республика күніне орай тарту ретінде берілген жаңа демалыс паркіндегі «Колесо обозрения» аттракционының бос ка­бинасы істен шығып, жарамсыз болған видеосы әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Соның алдында ғана Сыр өңірінің әкімі заманауи үлгідегі мәдени нысанды аралап, тұрғындардың қуанышына ортақтас­қан-ды. Жоба құны 790 миллион теңгені құраған заманауи нысан ашыла сала апатты жағдаймен елдің есінде қалды. Абырой бол­ған­да, аттракционның жарамсыз екені туралы бейнежазбадан кейін әткеншек жұмы­сын тоқтатыпты. Ал қауіпті құрылғы туралы ақпарат әлеуметтік желіге салын­бағанда қанша адамның өміріне қауіп туды­рары белгісіз. Сонда дейміз де, апатты жағ­дайда тұрған аттракцион алдын ала тек­серістен өткізілмеген бе? 

Таяуда ғана Шымкент қаласындағы демалыс саябағындағы балалар  «Бәйтерек» каруселінің  ең жоғарғы айналымында тұрып қалды. 30 метр биіктіктегі құрылғыны қайта іске қосу біраз қиындық тудырған. Абырой болғанда, апатты әткеншекті мамандар әрең дегенде төмен түсіріпті. Ал аттракционды іске қосу мүмкін болмағанда тоғыз қабатты үйдің биіктігіндей жерде тұрған бүлдіршіндер ғана емес, ересектердің өзі жүректен ин­фаркт алатын еді.  

Ереже ескеріле ме?

Ереже бойынша елдегі ойын-сауық құ­рыл­ғыларының сапасы мемлекеттік орган­дар тарапынан ұдайы тексерілуі тиіс. Бұл ретте аттракциондарға қатысты ұлттық стан­дартта бекітілген міндеттемелер де бар. Құ­жатқа сәйкес, оқыс оқиға болған жағдайда әткеншектің иесі немесе құрылғыны пайда­ланушы өз тарапынан тексеріс жүргізе ала­ды. Ал құрылғылардың қауіпсіздігіне жергі­лікті атқарушы органдар бақылау жүргізуі тиіс. Алайда соңғы бірер жылдағы апатты аттракциондардан төнген қауіпке зер салсақ, елдегі экстремалды ойын-сауық құрылғы­ларының барлығы талапқа сай келмейтіндей. 

Саябақтардағы ойын құрылғыларының сапасы қалай тексерілуі керегін білу мақса­тында елордалық саябақ өкілдеріне шықтық. Олар қаладағы барлық аттракцион талапқа сай жұмыс істейді деп сендіреді. Magic PARK Astana «ЖШС» директоры, Астанадағы орталық паркінің басшысы Гайни Хасенов «аттракциондарды әр маусымның басында меха­никтер мен инженерлердің техникалық қызметі тексерістен өткізеді», – дейді. Кем­шіліктер табылса, жөндеу жұмыстары жүр­гізіліп, оның қауіпсіздігін өнеркәсіптік қауіпсіздік лицензиясы бар мамандан­дырылған компания толық тексерістен қайта өткізеді. Олар металдың қалыңдығын, түйіндік және болтты қосылыстарға дейін қарап шығады екен. «Бізге келушілердің қауіпсіздігі қажет. Сондықтан мұндай тексеріс міндетті түрде жасалуы тиіс.  Олар­дың рұқсаты берілгеннен кейін ғана аттрак­цион­дарды қолданысқа жібереміз. Одан бөлек, механиктер күн сайын таңертең тех­никалық қауіпсіздік инженерімен бірге әр аттракционды тексеріп шығады. Кез келген күдікті шу немесе басқа да түсініксіз нәрсе болса, әткеншек ол күні іске қосылмайды. Қауіптілігі болса механик аттракцион операторына тапсырады. Оның барлығын техникалық қауіпсіздік инженері журналға күн сайын жазып жүреді», – дейді Гайни Темірғалиұлы. Оның айтуынша, аттрак­циондар ғана емес, саябақтағы үрлемелі батуттарға дейін қолданысқа бермес бұрын механиктер қызметі арнайы құрылғы арқы­лы желдің күшіне дейін қадағалайды. 

Маманның сөзіне сенсек, ойын алаң­дарын бақылау тиісті алгоритм бойынша  жүргізілсе, оқыс оқиғаның алдын алуға болар еді. Өкінішке қарай, бақылау болма­ған­дықтан, аттракциондар да қауіпті орынға айналғандай.   Мәселен, травматолог Олжас Жүнісов жаз шықса жарақат алған бүлдір­шін­дердің саны артатынын айтады.  Жара­қат­тардың басым бөлігі ойын алаңдарына тиесілі. Себебі демалыста балалар көп уақы­тын ойын алаңдары мен саябақтарда өт­кізеді.  

«Ауыр жарақатпен түсіп жатқандардың көбі үлкендердің қадағалауынсыз ойын қуған балалар. Әсіресе, ойын алаңқай­ларындағы сапасыз әткеншектерден секіріп мертіккендер жиі кездеседі. Мысалы, қазір Астанадағы №2 қалалық балалар аурухана­сында тәулігіне 400-ден астам  бала травма­тологтің көмегіне жүгінеді. Олардың көбі ауыр жарақаттанған», – дейді дәрігер. 

Маманның сөзінен ұққанымыз сол, ойын алаңдарындағы әткеншектердің  дені қауіпті. «Былтыр бір бала ескі ойын алаңында сынып тұрған сырғанақта ойнап жүріп ауыр жарақат алған. Қолының жартысын ілініп тұрған темір шауып түсірген. Жарақаты ауыр болғандықтан, ота жасауға жібердік. Науқас­тардың көбі үрлемелі батуттар, ойын аттрак­циондары мен ойын құралдарынан құлап мертігеді. Аяқ-қол, бас жарақаттары­мен, түрлі сынық пен көгерумен келеді», – дейді Олжас Азадиұлы. 

Сондықтан дәрігер саябақ әкімшілігі ғана емес, әрбір ата-ана ойын құралдарының қолдану ережесімен мұқият танысуы қажет екенін алға тартады. Себебі бүгін қауіпті ойын аттракционына алынған билеттің аурухана төсегіне, тіпті о дүниеге жолдама болмасына ешкім кепілдік бермейді. 

Жадыра МҮСІЛІМ

Еркебұлан ДҮЙСЕБОЛАТ (коллаж)