Зейнеткерге қатысты әкімшілік іс қозғалды.
Өскемен қаласында есірткі қабылдап, көлік тізгініне отырған зейнеткер ұсталды
1,788
оқылды

Өскемен қаласының полицейлері есірткі қабылдап, көлік тізгініне отырған зейнеткерді ұстады.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары Гагарин бульвары көшесінде патрульдеу кезінде Porsche Cayenne маркалы көлікті байқаған. Жүргізуші жолдағы жолақтан қарсы бағытқа қайта-қайта шығып, жылдамдықты біресе арттырып, біресе төмендеткен.

«Полицейлер жол жүрісі қағидаларын бұзған көлік жүргізушісін тоқтатты. Сөйлесу кезінде полиция қызметкерлері одан айқын мас күйдегі адамның белгілерін байқаған. Медициналық куәландыру 66 жастағы азаматтың каннабиноидтарды қолданып, есірткілік масаң күйде болғанын көрсетті», - делінген ақпаратта.

Зейнеткерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды.

Өткен аптада полиция қызметкерлері көлікті мас күйде басқарған 40 жүргізушіні анықтаған.