Тумасынан сал ауруға шалдыққан Яна көз ашқалы осы дертпен күресіп келеді.
«Әке-шешемнің көмегінсіз өзім жүрдім» – 17 жыл бойы арбаға таңылған бойжеткеннің қуанышында шек жоқ
7,101
оқылды

Өзі Петропавлдың тумасы, жасы – 17-де. Диагнозы – церебральді сал ауру. Анасының айтуынша, Яна экзоскелет құрылғысына тұрғалы өздігінен аяғына тұрып, жүре бастаған. «Бұл – біз үшін күтпеген сый. 17 жыл бойы арбаға таңылған балаңның аяғына тұрғанын көру – үлкен қуаныш», – дейді Оксана Харламова.

«Әке-шешемнің көмегінсіз жүре алатын болдым. Қуаныштымын!» деген Яна құрылғыны киіп алып, «Балаларды оңалту ұлттық орталығында» арлы-берлі жүргеніне мәз. Баласының қуанышын көрген анасы «Осы құрылғыны кеше ғана киіп көрді. Артынан палатаға келген соң, 5 минуттай қызым өздігінен тұра алды. Бұл – жақсы көрсеткіш. Біздікі секілді ерекше балаларға үнемі емделіп, қаралып отыруы керек. Мына құрылғы баланың үйде де шынығуына мүмкіндік беріп отыр.  Осындай мүмкіндік берген Қазақстан халқы  қорына мың алғыс!», – деп жанары жасқа толды.  

Оның айтуынша, негізі кезекте басқа бала болған. Бірақ ол құрылғыны киіп жүргізе алмаған. Содан әлгі баланың әрекетін қайталап тұрған Янаны сынамақ болған.

– Яна бірден жүріп кетті. Осыны байқаған әлгі баланың анасы өздерінің кезегін бізге берді. Әйтпесе, ілікпей қалар едік, біздің кезек жылдың соңында ғой. Онда да маусым айында қызымның туған күні, 18-ге толады. Ал кәмелеттік жасқа толса, құрылғы алудың кезегіне ілікпей қалады. Өйткені қор заң бойынша тек кәмелеттік жасқа толмаған балаларға көмектесе алады. Десек те, үмітсіз шайтан демекші, экзоскелеттің кезегіне тұрып, биылғы жылдың қаңтар айында өтініш қалдырғанбыз. Жолы оңынан туып, аяқасты олжалы болдық, – деді Оксана Харламова.

Экзоскелет – тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар үшін заманауи, жоғары технологиялық және тиімді оңалту құралы. Осы арқылы қимыл-қозғалыссыз қалған, сал ауру, ми жарақаты, жұлынның зақымдануы, параплегия, бұлшық ет дистрофиясы, Ретт синдромы және басқа да аурулардан оңалту, яғни баланың өз бетінше бұлшық ет күшін арттыра отырып, қозғалыс амплитудасын жақсартуға көмектесетін заманауи жоғары технологиялық роботты құрал.

Техникалық параметрі бойынша экзоскелеттің салмағы – 25 келі, биіктігі 130-дан 160 см-ге дейін және салмағы 60 келіге дейінгі балаларға арналған. Осы құрылғыны жасайтындардың айтуынша, экзоскелетті бес жылға дейін пайдалануға болады. «2-3 сағатта қуаттаса, оның қуаттылығы 4 сағатқа жетеді. Қазір кішкентай бүлдіршіндерге арналғанын жасамақпыз. Яғни, бойы 80 см-ден 130 см-ге дейінгі балаларға арналған. Ағзаның сауықтыру жұмысы кешенді түрде ерте басталса, тез жазылады. Сондықтан сырқат балаға бұл құрылғыны ерте жастан пайдаланғаны абзал», – дейді экзоскелет маманы Мәулен Бектұрғанов.

– Біз әуелде аяқ пен қолға протез жасайтынбыз. Кейіннен экзоскелет сұрап хабарласатындар көбейді. Ол кезде бізде ондай болмады. Жақын маңдағы Ресейде бар, бірақ өте қымбат. Көпшіліктің қалтасы көтере бермейді. Оның үстіне, тепе-теңдікті ұстап тұру үшін құрылғыны біреу көтеріп жүруі керек еді. Оның өзі ауыр әрі қолайсыз. Содан құрылғыны оңтайландыру мақсатында өзі тұратындай етіп ойластырдық. Сөйтіп, былтыр алғашында төртеу жасадық. Қазір айына төртеуін дайындаймыз,– деді ол.

Оның айтуынша, негізгі бағасы 114 миллион теңге. «Қазақстан халқы» қорына жеңілдік жасап, 9 миллион теңгеге берген. Мысалы, Янаға күніге үш рет бір сағаттан пайдалана беруге болады.

– Янаның құрылғыны тағып жүргеніне бесінші күн болды. Ең әуелі бүкіреймей, денесі тіктеп қалды. Аяғы да түзеліп, түзу жүретін болды. Тепе-теңдікті ұстай отырып, бір аяғынан екінші аяғына алмасып, еркін жүре бастайды. Әйтпесе, күні бойы қозғалыссыз отыра бергеннен баланың аяғы ісіп, жамбасы ойылып, жүруден қалады. Ал жүріп, қозғала бастаса, бойдағы қан айналымы жақсарып, іш-құрылысы дұрыс жұмыс істеп, сырқаттан тез жазылуына көмектеседі, – дейді Мәулен Бектұрғанов.

«Қазақстан халқына» қоры осы экзоскелеттің төртеуін былтыр сал ауруы бар балаға берген болатын. Ал биыл бағдарлама бойынша, 2023 жылы тағы 9 балаға экзоскелет берілмек. Құрылғының алғашқы легін пайдаланып жатқандар да жақсылығын көріп жатқанын айтып жатыр. Тараздық Меруерт Омарбекова қызының күніне жарты сағаттан айналысатынын жеткізді.

– Қызым аяғына тұрып, шауып кетті деп айта алмаймын. Бірақ оның қозғалуына, жүріп-тұруына пайдасы көп. Мысалы, ЛФК-на күн сайын алу қымбатқа түседі. Асылжанды апарып-әкелуің бар, уақытты да алады. Қазір экзоскелеттің арқасында үйдің жағдайында да жаттығуға мүмкіндік туды. Қызымның көңілі көтеріліп, сергіп қалады. Қан айналымы жақсарып, бұлшық еттері қатып қалмайды, – деді Меруерт Дүйсенбайқызы.
Қазір Асылжан интерьер дизайнері мамандығы бойынша жергілікті колледжде білім алып жатыр.