Жарылыстан көз ашпаған Украи­надағы алып Каховская ГЭС су қой­масында бөгеннің жарылуы осы елге ұзақ жылдарға созылар ауыр зардап әкелді.
Су қоймасына селқос қарауға болмайды
1,329
оқылды

Станса әлі күнге дұшпан қо­лын­да болғандықтан, апаттың се­­бе­п­­терін дәл анықтау мүмкін болма­ған. Осы орайда «Қазақстандағы су қой­малары мен бөгендердің жағ­дайы қандай?» деген сауал туады. Себебі республикамызда бейбіт күнде де бөген жарылған. Үкіметтің мойын­дауынша, бұл тұрғыда елде сол бойы тұрақты мониторинг жоқ.  

Қазақстанда шамамен 500-дей бөген-плотина бар. Оның ішінде 200-ге жуығы ғана орташа немесе ірі саналады. Мемлекет барлық дерлік ірі және орташа бөгендерді бақылауда ұстайды. Бірақ мамандардың өзі ол бақылаудың лайықты дәрежеде емесін ескертеді.

Қазақстан тарихында ірілі-ұсақты бө­гендерде дүркін-дүркін түрлі оқиға болып тұрады. Олардың ішіндегі ең алапаты 2010 жылғы 11 наурызда болды: 12 наурызға қа­раған түні Алматы облысының Қызыл­ағаш ауылынан жоғарғы тұста, Қызылағаш өзенін буған Қызылағаш су қоймасының дамбасы жарылды. Арқыраған алып тас­қын төмен құлдилаған күйі шырт ұйқыда-ғы Қызылағаш ауылының тұрғындарын қызыл суға қарық етті. Егінсу, Ақтоған, Көлтабан ауылдары, Алажиде стансасы және басқаларын су басты. Ағынның арыны қатты болғаны сонша, ол Алматы–Өскемен тасжолының көпірін шайып кетті. 

Апат салдарынан 45 адам қаза тапты. Оның арасында 10 ұл және 5 қыз бала бар. Тағы 300 тұрғын жараланды. Тасқын 146 үйді толығымен бұзып әкетті. 251 үй қирап, 42-сі бүлінген. 

Кейін белгілі болғандай, ел Үкіметі Қызылағаш су қоймасын да, плотинаны да 2004 жылы жекешелендіріпті. Оны алдымен «Шынар» ЖШС, 2007 жылдан бас­тап, «Қызылағаш» тұтынушылық коопера­тиві пайдаланған. Сарапшылардың пі­кірінше, су қоймасын басқарушы ком­пания әдеттегідей, қуаңшылықты жаз қарсаңында көбірек су жинап алуға ниет­тенген. Бірақ су құрылысының жай-күйіне жете көңіл бөлмеген. Билік қаза тапқан­дардың отбасыларына 500 мың теңгеден төледі. Қираған үйлердің біразы қалпына келтірілді. 2010 жылғы 11 наурыз Ұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Қызыл­ағаш қырғынынан Үкімет үлкен сабақ алды деу қиын. Қызылағаш және Ақ ешкі бөгендері мемлекет меншігіне қай­тарылған. Өзге бөгендерде тексеру жүргі­зілген. Сонымен тынды. Билік барлық бөгенді мемлекеттік меншікке қайтаруды ұсынған депутаттардың сөзін де құлаққа ілмеді. 

Мамандар енді қайтадан дабыл қағып отыр: еліміздегі бөгендердің ахуалы сын көтермейді. Күрделі жөндеуді талап етеді. Үкімет тиісті көлемде қаражат бөлмейді.

Бөгендер қаупі жоғары нысанға айналды

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитеті елдегі гидротехникалық құрылыстардың тозығы жеткенін жасырмады. Оның мәлі­метінше, қазір Қазақстанның су шаруа­шылығы кешеніне 473 бөген, жобалық көлемі 87,8 текше шақырымды құрайтын 331 су қоймасы, 125 су торабы, 3 392 канал және  басқа да 1667 құрылысжайлар кіреді.

Су қоймаларының басым бөлігі немесе 46 пайызы – шағын: көлемі 1 миллионнан 10 млн текше метр ғана су сыйдыра алады. Тағы 42 пайызы орташа: 10 миллионнан 100 млн текше метрге дейін су сақтай алады. Сонда 12 пайызы ғана ірі саналады: 100 миллион текше метрден көп су жинауға арналған. Демек, олардың бүтіндігіне баса назар аударған маңызды. Бұл тұрғыда үлкен қауіп бар көрінеді. Комитет бейғам елдің төбе шашын тік тұрғызуы тиіс дерек­терді келтірді.

«Олардың көпшілігі 30-50 жылдан астам уақыттан бері еш күрделі жөндеусіз және реконструкциясыз жұмыс істеп келеді. Сондықтан жоғары қауіпті ны­сандар болып есептеледі. Бұл ретте су шаруашылығы объектілерінің 60 пайыздан астамы нақты тозған. Ең қиын жағдай шал­ғайда орналасқан, сондай-ақ комму­налдық және жеке меншіктегі жекелеген құрылыстарда қалыптасуда», – деп түсін­дірді Су ресурстары комитетінің маман­дары.

Олар салада қалыптасқан бірнеше олқылықты атады. Біріншіден, бөгендерді, су шаруашылығы инфрақұрылымын ре-конструкциялауға және дамытуға бағыт­талған ілкімді жобалар жетерлік, алайда оларды іске асырудың тиімділігі нашар болып тұр. Екіншіден, жоғары сыбайлас жемқорлық тәуекелдері байқалуда. Үшін­шіден, салада шешімдер қабылдаудың күрделі бюрократиялық тетігі қалыптасқан.

Ведомство мамандарының айтуынша, бұл сала инвесторлар үшін тартымды емес. Бүгінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында бірде-бір жоба іске асырылмаған. Жаңа жобаларды іске асырудың бүкіл шығынын жалғыз мемлекет арқалайды. Негізінен, республикалық бюджет қара­жаты есебінен іске асырылады. 

Жергілікті бюджеттердің бөгендер мен су қоймаларын жөндеуге қаражаты жоқ. Отыз жылдан астам уақытта Қазақстанда дотациялық өңірлер саны күрт өсіп, 17-ге жетті. Тек үш өңір: Астана, Алматы қа­лалары мен Атырау облысы ғана бюджетті толтыратын донор болып қалды, қалға­нының бәрі республикалық бюджетке қол жаяды.

«Төтенше жағдайлар қызметтері, «Қазсушар» РМК және «Қазгидрометтің» болжамды-талдамалық жұмысы нашар ұйымдастырылған. Негізінен, әрекет ету шаралары болары болғаннан кейін қа­былданады. Бұл ретте бөгендерде және басқа әлсіз учаскелерде кептелістердің пайда болу мүмкіндігіне, ауа райы жағдай­ларының өзгеруіне, судың ағымдағы тем­пера­турасына, мұз бен жауын-шашынның еру қарқындылығының болжамына, мұз қату құрылымының мониторингіне тиісті көңіл бөлінбейді», – деді комитет.

Өз кезегінде, бөгендерге жауапты «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны стратегиялық су шаруашылығы құрылыстарын ғана эксплуатациялайды. Комитет мамандарының түсіндіруінше, себебі Үкімет ұстанатын қолданыстағы арзан тарифтік саясат «Қазсушарға» су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту­да және инвестициялар тартуда, соның ішінде МЖӘ тетігі бойынша инвесторлар табуда өзінің барлық әлеуетін іске асы­руына мүмкіндік бермейді. Кәсіпкер күреп кіріс табатын жерге қызығады. Ал Қа­зақстанда су тарифі негізінен төмен. Одан қомақты пайда таппасын білген бизнес бұл салаға жоламайды. Үкімет болса, толық көлемде қаржыландырмайды. Содан сала ауыр тығырыққа тірелген күйде. Бұл кернеу күндердің күнінде плотиналардың бірінің жарылуына соқтырмасына еш кепілдік жоқ. 

Шешім қандай? Бастысы – біреу: барлық басымдықты жобалар, күрделі жөндеу, реконструкция жұмыстары толыққанды қаржыландырылуы тиіс. Әйтпесе, ел басшылығының есін шығарған орман, дала өрттеріне қызыл су қосылуы ғажап емес.

Мамандар су шаруашылығының тағы бір ірі проблемасын атады. Ол қаржыға емес, бюрократияға қатысты: су заңнама­сында, нақтыласақ, көпфакторлы тек­серулер жүргізуді ұйымдастыру, гидротех­никалық құрылыстардың қауіпсіздік өлшемдерін анықтау және мониторингтеу бөлігінде қайшылық-коллизиялар бар. 

Соның кесірінен, гидротехникалық құрылысжайлардың, оның ішінде көп­факторлы құрылысжайлардың жай-күйін тексеру нашар жүргізіледі. Бұл жағдай елдің су шаруашылығы инфра­құрылы­мының жай-күйі туралы толымды статис­тикалық ақпаратты дұрыс қалыптастыруға да мүмкіндік бермейді. Дәл қазір дәл қандай бөген мен су қоймасына жарылу қаупі төніп тұр? Оған жол бермеу үшін бірінші кезекте қайсысын жөндеу керек? Жүйесіздік салдарынан бұл сұрақтарға жауап табу күрделі. 

Мұның сыртында, Қазақстанда су шаруашылығы инфрақұрылымының есебі толық көлемде жүргізілмейді. Мәселен, Экология министрлігінің Су ресурстары комитеті «республикада 1,54 мың гидро­техникалық құрылысжай бар» деген ақ­парат берді. Ал жергілікті атқарушы ор­гандардың, әкімдіктердің деректері бойын­ша елде гидротехникалық құрылыс­жайлар саны шын мәнінде 6 мыңнан асып кетті.

Кейбір су қоймалары құрғап барады

Қазақстан су шаруашылығында басқа проблемаға тап болды: су қоймалары қарқынды түрде құрғай бастады. Бұл да бөгендердің деформациялануына ықпал етуі ықтимал. Мысалы, сарапшылар Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқ­тырма су қоймасы таязданып бара жат­қанына назар аудартып, дабыл қағуда. Онда Қазақстандағы ең алып бөген орнатылған.

Су жағалаудан 30-50 метр алшақтап кетті. Салдарынан кеңес кезінен халық арасында танымал болған жағажайлар жалаңаштанып қалды. Одан әрі батпақ жайлаған. Теплоходтар қайраңға отыру қаупі болғандықтан, енді жағадағы ескі айлақтарына аялдай алмайды. Қайықтар, катерлер мен баржалар құмға батып, қаңтарылып тұр. 

Мұның бәрі туризм мен жазғы де­малысқа кесірін тигізіпті. Көңілсіз көрініс сол маңда тынығуды дәстүрге айналдырған қазақстандықтар мен шетелдіктерді шошытты. Демалыс базасының мең­герушісі Александра Бочкова бұрын су мөлдір, таза болғанын, бүгінде ол қатты таязданып, лайланып жатқанын айтады. Бұл жаз бойы сол жерде нәпақасын табатын жергілікті бизнеске қиындық әкелді. 

Жергілікті тұрғындардың тұспалдауын­ша, жергілікті ГЭС-тер көбірек энергия өндіру, соның ішінде майнинг фирмаларды қуатпен қамту үшін суды әдейі көбірек ағызып жіберіп жатыр. Гидролог Конс­тантин Карташов 20 жылдан бері Бұқтырма деңгейін өлшеп, зерделеп келеді. Ол журналистерге судың қоймаға бұрынғыдан аз қарқынмен келіп жатқанын жеткізді. Жалпы, жылда Бұқтырма су қоймасындағы су деңгейі мамыр айының бас кезінде көтеріліп, тамызда ең жоғарғы биіктігіне жететін еді. Биыл мамыр өтіп, маусым туса да, су деңгейі шамалы ғана, небары 2 сан­тиметрге көтерілген.

Бұқтырма су қоймасы – ауданы жөнінен бүкіл әлемдегі қолдан жасалған алып су қоймаларының ондығына кіреді. Оның ауданы Зайсан көлін қоса алғанда, 5 490 шаршы шақырымды алып жатыр. Енді Қазақстан одан айырылып қалмай ма? Ғалымдар алдын ала дүрлікпеуге шақырады: ұқсас оқиға 1992 және 2009 жылдары қайталаныпты. Сонда таязданған Бұқтырма кейінгі 5 жылда біртіндеп толған екен. Дегенмен өзге мамандар шын қауіп қылып отыр. 

«Нақты себептері белгісіз. Мұның бәрі табиғи құбылыстар деп айтылады. Бірақ су қоймасы 20 жылдан бері құрғауда. 2020 жылы да су жеткіліксіз болды. Салдарынан, Көкпекті және Жарма аудандарында шағын өзендер арнасы кеуіп қалды. Бұқтырма су қоры толығуының белгіленген межесіне жете алатын емес», – деді «Ертіс» бассейіндік су инспекциясы бастығының міндетін атқарушы Ернар Мәдиев.

Әзірге амалдау үшін Бұқтырмадағы қос гидроэлектр стансасының су төгуін бақы­лауда ұстауға шешім қабылданды. Таудағы қар жаңа ғана ери бастады деген болжам бар. Сондықтан Бұқтырма суға әлі шү­пірлеп толады деген үміт жоқ емес.

Айтқандай, эколог Мэлс Елеусізовтің айтуынша, жер сілкіне қалса, онда Алматы маңындағы ағынды су тасталатын Сорбұ­лақ көліндегі бөген жарылуы мүмкін. Ондағы жиналатын су деңгейі кейде рұқсат етілген шекті деңгейге таяп барып жүр.  

Қалай болғанда, Қазақстанда су қой­малары мен олардағы бөгендерге қатысты сан-салалы проблема қордалануда. Оларды шешуге Үкіметтің қашан мойны жар беретіні белгісіз.

Айхан ШӘРІП