Жайылманың қар­бызы да Сыр өңірінің бренді саналады. Оны өзімізді қойып, көрші елдерде жеңсік асқа айналдырғанына көп бол­ды.
Қарбыз егіп, қарыз болып қалмай ма?
3,411
оқылды

Өкініштісі, ала жаздай алқаптан табылатын аға­йын­­ның кейде еңбегі ақталмай қалып жатады. Диқандар мұны ауа райының қолайсыздығымен бірге, дайын өнімді өткерудегі қиын­дықпен бай­ла­ныс­тырады. 

Жаңақорған ауданына қарасты Жайылма деп аталатын алақандай ғана ауылдың тұрғын­дары қырдағы қардың көбесі сөгілгеннен қолы­на кетпенін алады. Бақша егуді атакәсіпке айнал­дырғандары да жетіп жатыр. Көктем-жаз айларында қарт Қаратаудың етегін жайлаған елді мекенге жол түсе қалса, еңбектің қызған сәтіне куәсі боласыз. Ауылдағы еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін ерте көктемнен бақша егудің қамына кіріседі. 

Қайбір жылдары бақша өнімін өткізу қиындық туғызып, ақыр соңында қарбыздың күйі қашып, шаруаларды едәуір шығынға батырғаны есте. Алқапта алты ай бел жазбай еңбек ететіндердің басты қорқынышы да осы.

Оның үстіне, биылғы көктем Жайылма шаруаларына жайлы болды деуге келмейді.  Көктемде күн күрт суытып кетіп, егінді түгел үсік шалды. Шаруалар қайтадан дән сеуіп әуреге түсті. Енді олар  өнімді жылдағыдан кеш жинаудан қауіптенеді. Ал уақыт оздырып алса, қарбызға сұраныстың болуы екіталай.

«Ауа райының қолайсыздығына байланысты биыл қарбызды жылдағыдан кеш жинайтын сияқтымыз. Көктемде жауған бұршақтан ал­ғашқы егістікті  үсік шалды. Екінші мәрте еккен тұқымның шығымы  баяу. Күн жылынғалы бақшамыз әжептәуір көктеп, қуанып қалдық.  Менің шаруа қожалығыма ауылдағы 20 үй тіркелген, биыл  13 отбасы қарбыз егіп, мол өнім алуға ниет танытып отыр», – дейді «Өтеш» шаруа қожалығының төрағасы Асылжан Жапе­ков.

Шаруа қожалығы төрағасы көктемдегі ауа райының қолайсыздығынан  биыл өнімнің жылдағыға қарағанда 15-20 күнге кеш жиналуы мүмкін екенін айтты. Негізінен Жайылманың қарбызы еліміздің әр аймағына және Ресейге де жөнелтіледі. Шаруалар қарбыз экспорты жыл сайын делдалдар арқылы жүргізілетінін айтады. Ал бұл жайт өнімді кедергісіз сатуға қол байлау болатыны анық. 

«Негізінен ауылда бақша егу жұмысы жылдағыдай ерте бастан қолға алынған. Алайда көктемде табиғат тосын мінез танытты. Ауылда 14 шаруа қожалығы бақша екті.  Шыны керек, піскен қарбызды өткізу қиын. Себебі 10-15 күн ішінде сатып үлгермесе бұзылып кетеді. Сондықтан көп созбай, ертерек өткізуге тырысамыз. Бірер жылдан бері дайын өнімді  сатуда мәселе болғаны жасырын емес.  Бірақ былтыр сұраныстың артқаны байқалды», – дейді  ауыл әкімі Әліби Бөкеев.

Ауыл әкімінің айтуынша, қарбыз ек­кен­дерге мемлекеттен қолдау бар. Оларға қайтарымсыз грант беріледі. Әрине, бұл шаруа баққан ағайынға үлкен көмек. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасының да ша­пағатын сезініп жатқандары бар.

Биыл жайылмалылықтар 510 гектарға егін еккен. Демек, осыншама алқаптан жиналған өнімді өткеру оңай болмайды. Шаруалар  қарбызды сақтауда қиындық көп екенін алға тартады. Бақшадан жұлынған қарбыз дер уақытында сатылмаса, бүлінеді. Бұдан диқан­дардың шығынға батуы мүмкін. Сондықтан қазір Жайылма диқандарын бақшаның күтімінен бұрын, дайын өнімді өткізу мәселесі алаңдатады. Соған орай көпшілік ауылда қарбыз шырынын шығаратын кәсіпорынның іске қосылғанын қалайды. Мұндай бастама көтерілгенімен,  әлі күнге дейін нақты шешім шықпаған екен. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, 

Қызылорда облысы