Әлем бойынша электромобильдерге деген сұраныс аспандап тұр. Ауаны ластамайтын жеңіл көліктерге баға да арзандап келеді. Калифорния мен Нью-Йоркта жаңа жеңіл автомобильдер, жүк көліктері мен жол талғамайтын көліктер тек электр қуатымен жүруі тиіс деген талап енгізілді.
Арзан электромобиль сатыла бастады
4,578
оқылды

Электр көліктерінің пайда болғанына да ондаған жылдар болды. Бүгінгі нарықта олардың үлесі жыл өткен сайын өсуде.

Электр қуатымен жүретін көліктердің осылайша сұранысқа ие болуы мен құнының арзандау себептерін technologyreview.com сайтына сілтеме жасап Aikyn.kz түсіндіреді.

Фото energypolicy.ru сайтынан алынды

Жылдар бойы сатылымдар баяу өскенімен, қазір электромобильдерге деген сұраныс аспандап тұр. Халықаралық энергетика агенттігінің мәліметтері бойынша, 2022 жылы ауаны ластамайтын жеңіл және жүк көліктері дүниежүзіндегі барлық жаңа автомобильдер сатылымының 13%-ын құрауы мүмкін.

Бұл көрсеткіш бұдан екі жыл бұрынғы статистикамен салыстырғанда 4%-ға жоғары. Осы  10 жылдықтың соңына қарай олар осы сатылымның шамамен 30%-ын құрайды деген болжамдар бар.

Фото Tesla сайтынан алынды

Бірнеше себептердің жиынтығынан электрлі автомобильдерді қымбат сегменттен қолжетімді жаппай сатылатын модельдерге айналдырды. Әлем елдері көлік өндірушілерді жабдықтарын жаңартуға мәжбүрлейтін және тұтынушыларды электр қуатымен жүретін көліктерге ауысуға ынталандыратын саясатты жарыса қабылдап жатыр.

Айта кетейік, Калифорния мен Нью-Йорк 2035 жылға қарай барлық жаңа жеңіл автомобильдер, жүк көліктері мен жол талғамайтын көліктер шығарындылары (СО2) нөлдік болуын талап етеді. Еуроодаққа мүше елдер де осыған ұқсас ережені қабылдауға жақын.

Фото picture-alliance/dpa агенттігінен алынды

Автокөлік компаниялары, өз кезегінде жеткізу тізбегін жетілдіріп, өндіріс қуатын арттырып, әртүрлі баға диапазондары мен өнім түрлерінде жақсы  өнімділікке ие модельдерді тұтынушыға көбірек ұсынуда.

Құны 5 000 доллардан аспайтын кішкентай Hongguang Mini көлігі әлемдегі ең көп сатылатын электр көлігіне айналды. Бұл Қытайдың әлемдегі ең ірі электр көлік өндірушісі ретіндегі үстемдігін нығайтты.

Өткен жылы Hero Electric, Ather және басқа да екі және үш доңғалақты көліктердің сатылымының өсуі Үндістанда электромобильдер (EV) сатылымдарын үш есеге арттыруға көмектесті. Chevy Bolt-тан Ford F-150 Lightning-ке дейінгі әртүрлі өлшемдер мен бағалардың үлгілері америкалықтарды электр көліктерін көбірек сатып алуға ынталандыруда.

Фото Nissan сайтынан алынды

Сарапшылар енді бірнеше жылда ең танымал брендтердің электр қуатымен жүретін модельдері де арзандайтынын айтады. Зарядтау опциялары ыңғайлы болып, толық қуатталған көлік 500-600 шақырымға дейін жүретін болғанда көпшілік тұтынушылар бензинмен, дизельмен жүретін көліктерден жаппай бас тартатын болады.

Жасыл энергетиканың көмегімен таза электр қуатын өндіретін технологиялар жетілсе, электр көлігін зарядтау да арзандайды, электромобильдер  бәсекеде ұтады. Сонымен бірге EV көліктерге батареялар жасау мәселесі де 2-3 жылда тиімді технологиялардың арқасында арзандайтын болады. Мұның бәрі электр көліктерінің нарықтағы үлесін бірден өсіретін факторлар.