Семей орманы өртенген кезде Президент Абай облысына барды. Шаңырағы ортасына түскен 14 орманшының отбасына көңіл айтты. Өртті өшіре алмаған министрді қызметінен босатты.
Тендер арқылы орманшыларға алған арнайы киім, етік киюге жарамайды – Сахит Қынтаев
5,062
оқылды

Қазақстанда ну орманның күлге айналуы бірінші рет емес. Қостанайда орман өртенгенде де дәл осындай ескерту айтылған еді. Арада бір жыл өтсе де, нәтиже жоқ. Оған 14 адамның қазасы дәлел. Апаттан кейін Үкімет, әкімдіктер жапа-тармағай жиын өткізді. Мақсат – тілсіз жаудың алдын алу, 80-120 мың теңгеге күнелтіп жүрген орманшылардың тұрмысын жақсарту.

Шілде айынан бастап орманшылардың жалақысы көбейеді. Алайда күрмеуі қиын мәселе де көп. Орманшылардың проблемасын түбегейлі шешуге не кедергі? Бұл жайында Қазақстанда тұңғыш рет 1926 жылы ашылған Ақсу Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығының директоры Сахит Қынтаевпен әңгімелескен едік.

 

– Шілде айынан бастап орманшылардың жалақысы көбейеді. Бұл инспекторлардың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға септігін тигізе ме?

– Президенттің тапсырмасынан кейін 1 шілдеден бастап инспекторлардың айлығы көбейеді. Қолданыстағы заңға сәйкес, жалақы көбейгенде орманшылардың қолына алатын жалақысы шамамен 160-170 мың теңгеге жуықтайды.

 

Біз күні кеше өрттің алдын алу мәселесін жан-жақты талқыладық. Штаттық кесте бойынша, біздің қорықта 102 маман болуы керек. Бізде 79 маман бар. 23 маманды жұмысқа алу мәселесі де талқыланды. Министрлік, комитет барлық штатта маман толық болуы керек екенін айтты. Семейдегі орман өртінен кейін бар мен жоқты түгендеп жатыр.

– Көбейетін жалақы мөлшері табиғатты сақтап қалу үшін күндіз-түні еңбек ететін инспекторларға жеткілікті ме?

– Жалақы көбейеді деген хабарға қуанып жатырмыз. Біздің қорықтың аумағында 12 кордон үйіміз бар. Сол жерде 12 инспектор жұмыс істейді. Олардың бір-екеуі отбасымен тұрады. Ауылына аптасына бір рет барады. Одан бөлек, өзге инспекторлар қорыққа жақын маңдағы ауылдардан қатынайды. Жұбайлары мұғалім, ауылда жұмыс істейді. Инспекторлар 3 күн тауда болса, 2 күн демалады. Үшінші күні қайтадан кордон үйге келіп, міндетті құжаттарын толтырады, түгендейді. Төртінші күні тауға шығуға дайындалады. Тауда маршрут бойынша тапсырманы орындайды.

 

 

– Ақсу Жабағылы қорығында шешімін таппаған қандай мәселе бар?

– Осы қорыққа жұмысқа келгеніме екі жарым жылдай уақыт болды. Осыған дейін Сайрам-Өгем ұлттық паркінде қызмет еттім.

Біздің қорықта кордон үйде отыратын инспекторлардың жұбайына жалақы төленбейді. Инспектор тауға кеткенде жұбайы кордон үйде қалады. Бір жалақы екі адамның күнкөрісіне жетпейді. Жұбайы инспектордың жанында тауда кордонда бірге тұрып жатқандықтан, әйеліне де айлық төленуі керек.

Қорық аумағы Жамбыл облысы Жуалы ауданы мен тау жағалай Түркістан облысы Түлкібас ауданының бір бөлігін алып жатыр. Аумақта 6 кордон үйдің 3-4-уінде инспекторлар жұбайымен тұрады. Айлық төленетін болса, бәрінің жұбайы кордон үйге келіп, инспектордың жанында болар еді.

– Инспекторлардың әлеуметтік тұрмысын жақсарту, денсаулығын сақтау үшін шипажайға жолдама немесе жеңілдікпен ем алу мүмкіндігі қарастырылған ба?

– Ерте көктемнен қара күзге дейін демалуға уақытымыз жоқ. Күзде жаңбыр жауғанша тауды күзетеміз. Өрт – тілсіз жау. Сондықтан инспекторлардың барлығы жаз айында жұмыс істейді. Шөп қурайды. Жақын елді мекендерде мал шаруашылығымен айналысатын шаруалар бар. Оларға өрт қаупін түсіндіреміз. Шөп шабатын мезгіл, егін орағы кезінде проблема көбейіп кетеді. Кәсіподақ тарапынан шипажайға жеңілдікпен баруға ұсыныс түскен. Бірақ біз жаз мезгілінде қорық аумағынан аттап басып шыға алмаймыз.

– Ғылым бөліміне қандай көмек керек? Жас мамандар бар ма?

– Ақсу Жабағылының ғылыми бөліміндегі мамандар мен инспекторлардың негізгі міндеті – қорық аумағын күзету, жануарлар дүниесін бақылау. Ақсу Жабағылы таулы аймақтағы табиғи қорық болғандықтан, қолдан ағаш көшетін отырғызып, тұқым сеуіп, ағаш, бұтаны қырықпаймыз. Жабайы аң-құс, жан-жануарлар мен өсімдіктердегі өзгерістерді мұқият бақылап, ауру-сырқаудың себебін анықтаймыз. Инспекторлар өзгерісті күнделікті арнайы дәптеріне жазып отырады. Мәселен, тауешкілерде қотыр ауруы пайда болады. Анықталған деректерді жазады. Өршіп, тарап кетпеуі үшін аурудың алдын алады. Айына бір рет ғылыми есеп-қисаптың барлығын жинап, талдау жасаймыз.

 

Бізге заманауи зертхана керек. Жалақы төмен болғандықтан, ғылыми дәрежесі бар мамандар таудың түкпіріне жұмыс істеуге келмейді. Кеңес заманында ғалымдар келген екен. Сол заманда жоғары жалақы төленген. Бізде арнайы жас маман, ғалымдарға арналған қорықта мемлекеттік үйлер бар. Маман келсе, бізде қызметтік үй-жай барлығы дайын.

Қорыққа инспектор табудың өзі оңай шаруа емес. Шалғай жатқандықтан, көп адам мұнда жұмыс істеуге келісе бермейді.

– Қорықты қорғауға, бас-аяғын барлап шығуға қажет техника жеткілікті ме?

– Қыста тауда жүретін жол талғамайтын шаналар бар. Төрт квадроцикліміз бар. Мотоцикльдер алдырдық. Ескірген 4 техниканы қолданыстан (есептенред.) шығаруға құжатын өткіздік. Тағы 2 техникаға тапсырыс бердік. Ақсу Жабағылыда техниканың тозығы жеткенін ауыстырып, жаңасын кезегімен алып отырамыз.

 

Өрттен қорғау үшін қорықты айналдыра жер жыртатын тракторлардың соқасы, қосалқы бөлшектері бар. Бізде біріншіден, күзету, екіншіден, ғылым бөлім жұмыс істейді. Біз күзетте көбінесе атпен жүреміз. Соңғы жылдары комитеттің келісімімен жылқының да санын көбейттік. Жылқылар үшін қорыққа тиесілі шаруашылыққа арналған жерге бидай мен жоңышқа егеміз. Қысы-жазы жемшөп жеткілікті. Бүгінде қорықта 110 жылқы бар. Оның ішінде, 95-і инспекторларға тиесілі. 13 бие бар. Мал азығын ерте бастан қамдап, күтіп-баптап отырмыз. Бұрын саяхатшылар инспекторлардың жылқысын мінетін еді. Бүгінде туристер мінетін жылқыны бөлдік.

 

Ескерер жайт, біздің қорықта туризмге арналған аймақтың белгілі бір шекарасы бар, шектеулі. Себебі, Ақсу Жабағылы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік қорықтар тізіміне енген. Сондықтан арнайы туристерге арналған он шақты соқпақ жол бар. Тек қана сонымен жаяу, ат немесе автокөлікпен саяхаттауға болады. Біздегі көліктердің бәрі тауда жүруге арналған.

– Инспекторлардың  арнайы аяқкиімі, жаздық, қыстық киімдері бар ма?

– Қорық қызметкерлеріне арнайы киім 5 жылда бір рет беріледі. Бір жарым жыл бұрын қыстық-жаздық арнайы киім, оның ішінде, аяқкиіммен де бастан-аяқ қамтамасыз еттік. Шаруашылық бөлімдеріне бұрын арнайы киім берілмейтін. Арнайы есептен, оларға да арнайы киім алдық. Өйткені олар да инспекторлармен бірдей жұмыс істейді.

 

Қорық қызметкерлеріне арналған сапалы киім алуда проблема бар. Орманшыларға арналған киімдерді тендер (мемлекеттік сатып алуред.) арқылы алу қажет емес.

Мәселен, тендер өткізген кезде киімге, етікке бір бағаны белгілеп қояды. Сол тендерді тігін цехы, аяқкиім тігетін фабрикасы жоқ адам ұтып алады. Өзі арнайы киім, аяқкиім тікпейтін адам басқа бір тігін фабрикасына тапсырыс береді. Тендер арқылы ұтып алған ақшасын екі ортада үнемдеп-үнемдеп бізге сапасыз киімдерді алып келіп береді. Мұндай келеңсіздікті жою үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң талаптарына өзгеріс енгізу керек. Өрт сөндірушілер, орманшылар киетін арнайы киімдерді тендер арқылы сатып алуға тыйым салу керек.

 

Орман, қорық, ұлттық парк басшылары тігін фабрикасынан киімнің матасын, сапасын тексеріп, тікелей құжатымен сатып алғаны жөн. Тендерді ұтып алатын адам үнемдеуді ойлайды. Киімнің сапасына мән бермейді. Тапсырысты орындаса болды. «Сапасыз киімді алмаймыз» деп осы мәселе туралы қаншама рет ұсыныс айттым. Тендер арқылы алынған киімдер инспекторлар кигенге жарамайды. Тікелей тігін фабрикасынан сатып алған жөн. Тым болмаса, комитет сапалы киім тігетін фабрикамен тікелей келісімшарт жасап, орманшыларға арнайы киім алып бергені дұрыс. Себебі, біз жыл он екі ай тау мен тастың арасында жүріп табиғатты қорғаймыз. Жаяу жүруге тура келетін аумақтар да кездеседі. Сол үшін бізге сапалы киім, аяқкиім алу керек. Тендер арқылы сатып алынған, матасы, материалы сапасыз киімдер жарамайды.

 

– Дүрбі жеткілікті ме?

– Ақсу Жабағылы қорығына қызметке келгенге дейін Сайрам-Өгем ұлттық паркінде еңбек еттім. Мұнда келген кезде дүрбілерді бастан-аяқ ауыстырттым. Бұрын бағасы арзан болған соң титан дүрбілерді қолданатын. Алысты жақындатып, егжей-тегжейлі анық көрсететін сапалы дүрбілер алдық. Арнайы дүрбіге тапсырыс бердік. Жауапкершілікпен сапалысын біздің қорыққа алып берді. Қазір дүрбіден проблема жоқ.

– Дронмен жабайы аң-құсты видеоға түсіруге көзқарасыңыз қандай?  

– Дрон (ұшқышсыз ұшу аппаратыред.) жабайы аң-құсты үркітеді. Тауда жайылып жүрген елік, киіктің емін-еркін жайылуына кедергі келтіреді. Дронмен жабайы аң-құсты жақындатып түсіргенге қарсымын. Тек қана фотоаппаратпен қашықтан фотоға түсірген жөн.

 

Ал қорықтың қызметкерлеріне дрон аумақты бақылау мақсатында қажет. Екі дрон сатып алдық. Әсіресе, өрт болғанда өрт ошағын жедел анықтап, шұғыл шешім қабылдауға пайдасы тиеді. Броконьерлер аң-құс аулап, бой тасалап қашқан кезде оның қай бағытта кетіп бара жатқанын нақтылау мақсатында қолданамыз.

– Ақсу Жабағылыда жабайы аң-құсты аулайтындар бар ма?

– Браконьерлік жоқ дей алмаймын. Бірақ қорықтың аумағына, ішіне кіріп аң-құсты аулап жатқандар жоқ. Кейде жабайы жануарлар қорықтан 2 шақырымда орналасқан шаруашылық аумағынан да шығып кетеді. Ауылдарға қарай ұзап кетеді. Ол жерге таяу маңда ауыл тұрғындарының жері, егіні, алма өсіретін бау-бақшалары бар. Күздің күні тауда шөп қурайды. Сол кезде елік, қабандар суармалы жерлер жап-жасыл болған соң жайылып, таудың етегіне түсіп кетеді.

 

Браконьерлер күндіз аң ауламайды. Түнде браконьерлерді тепловизордың көмегімен анықтаймыз. Құны 1 жарым миллион теңге тұратын тепловизор алдырдық. Оның артықшылығы 1 шақырымнан аң, адам барлығын айна-қатесіз көрсетеді.

 

– Қызметтік қару бар ма?

– Рұқсат етілген тиісті қару-жарағымыз бар. Қаруды талапқа сай сақтап отырмыз. 

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Майра ЖАНЫСБАЙ