Жаз шыққан соң теңіз жағасында, сервисі тәуір, табиғаты әсем жерлерге демалуға аттанатындар қатары көбейеді. Алайда арасында сол елдерде түрлі оқыс жағдайға ұшырап қалған жерлестеріміз туралы жайсыз жаңалықтарды оқып қаламыз.
Демалыс соңы сергелдеңге соқпасын
1,157
оқылды

Сондықтан қазақстандық турист шетелде неден сақтануы, нені ескеруі керек екені жөнінде біршама мәліметті шолып, сарапшының пікіріне құлақ түрдік. 

Шетелде демалатындар қатары артты

«Туристік қамқор» корпоративтік қо­рының деректеріне жүгінсек, маусым айына дейін 74 506 жерлесіміз шетелге демалуға аттанған. Қазақстандық көп барған ТОП-5 елдің бірінші орнында Түркия тұр, бес айдың ішінде 30 мыңнан астам адам демалуға барған. Мысырда 19 мыңдай адам демалып қайтқан. Біріккен Араб әмірліктерін тамашалауға 14 мың адам аттанған. Тайландта де­малысын өткізуге бес мыңдай қазақ­стандық аттанған. Ал 4,5 мың жерлесіміз демалыс орны ретінде Вьетнамды таңдаған. Биыл бес айдың ішінде 283,6 мың қазақстандық турист жолдамасын алған. Бұл былтырғы жыл­дың бес айымен салыстырғанда 2,5 есеге көп. Ескере кетер жайт, аталмыш елдерге өз бетімен немесе туыстарына бар­ғандар бұл статистикада көрсетіл­меген. Оларды қоссақ, шетелге демалу үшін аттанғандар саны әлдеқайда көп екенін көреміз.  

Ұлттық статистика бюросының деректеріне жүгінсек, шетелге шыққан­дар саны күрт өскен. Биыл бірінші тоқ­санда 1,4 млн қазақстандық шекара асқан. Бұл былтырғы жылдың алғашқы үш айымен салыстырғанда 66 пайызға көп. Яғни, былтыр 845,2 мың адам шетелге барып келген. 

Аурухана төсегіне байлаған...

Демалысын қызықпен өткізіп, жақсы көңіл күймен келгендер қатары көп деген үміттеміз. Алайда БАҚ-та бөтен елде оқыс жағдайға ұшырап қал­ған жерлестеріміз туралы жайсыз жа-ңалық­тар кездеседі.

Мысалы, таяуда Таиландта жүрдек катер жағалаудағы бетон мұнараға соғылды. Екі адам мерт болған оқиғада қазақстандық турист айтарлықтай зар­дап шекпегені айтылды. Дауыл кезінде теңіз­ге түскен Артур Ысқақов суға ба­тып кетіп, оны құтқарушылар алып шық­ты. Ол аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды.

Ақпан айында осы елде демалып жүрген жас әнші Дархан Жүнісбеков жол апатынан көз жұмды.

Оңтүстік-шығыс Азиядағы елдердің бірінде демалып келген павлодарлық ауруының беті қайтпаған соң инфекция бөліміне жүгінеді. Сынама оның маса шағып, денге безгегін жұқтырғанын көрсетеді. Шетелдегі демалысының соңы оны бір апта аурухана төсегіне байлаған. 

Коронавирус пандемиясы кезінде туризмі дамыған елдердің көбінде вак­цина, ПТР анықтамасы талап етілетін. Алайда биыл осы талап барлық елде алынып тасталды. Тек Африка елдеріне барғанда сары безгекке қарсы вакцина жасалуы тиіс. Одан жыл сайын жүз мыңдаған адам көз жұ­ма­ды. Бұл көбінесе Афри­ка немесе Оңтүстік Аме­рика аймақтарында кез­деседі. 

Былтыр жазда Конгода маймыл безгегі өршігені белгілі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, Африкадан тыс 24 елде осы ауру тіркелді. Эпидемиологтар инфекция таралған қолайсыз аймақтарға барып келгендер­дің осы жұқпалы індетті әкелу қаупін болдырмау шараларын қолға алған болатын.  

Осындай қауіп-қатер, ойға келмейтін оқыс жағдайлардан сақтану және оған дайын болу жөнінде ақыл-кеңес сұрап туризм саласы маманының пікіріне құ-лақ түрген едік. 

Travel bank компаниясының тур­агенті, трэвел блогер Роза Есенқұлова қазақ­стандық туристерді оқыс жағдай­дан құтқаратын басты әрі міндетті шара  – ол медициналық сақтандыру жасату екенін баса айтты. Сақтандыру полисін шетелге шықпай тұрып жасату керек екен, өйткені шетелде жүріп жасаған сақтандыру кейде жұмыс істемей қалуы мүмкін. 

Жолдаманы туристік компаниядан ала ма, әлде шетелге өзі билет алып аттана ма немесе сол елдегі туыстарына бара ма, соған қарамастан туристің ме-дициналық сақтандыруын алдын ала әзірлетіп алғаны жөн. 

«Бөтен елде кез келген жағдай болуы ықтимал. Ыстығың көтеріліп, жөтелің күшеюі немесе  құлап қалып, аяқ-қолыңды жарақаттап алуың мүмкін. Оқыс жағдайда медициналық сақтан­дыру көмектеседі, онда барлық талаптар ескерілген әрі байланыс нөмірлері көрсетіледі. Турист соған байланысқа шығып, «мына қаладамын, осындай жағдай болды, мынадай қонақ үйде орналасқанмын» деп айтады. Құжаты­ның көшірмесін жолдағанда жаһандық Call орталықтың ассистенті туристі елден алып кету қажет болса, сол шара­ны қолға алады, ал ол өзі емдеу орнына бара алатын болса, сол маңдағы емха­наларға жолдайды. Онда дәрігер сақтан­дыру бойынша тегін қабылдап, көмек көрсетеді. Дәрі-дәрмек, болмаса ота жасау қажеттілігі болса, ол жеке жасалады. Алайда еске­ретін жайт, сақтандырудың сомасы белгілі бір қаражатқа есептелген болады. Көрсетілген көмек одан асып кетсе, артығын турист өз қалтасынан төлейді», – дейді Роза Есенқұлова.

Ұсақ-түйек осындай оқиғалар кез­десіп жатады. Мысалы, «баласын маса шағып кетіп,  аллергиясы өршіген, мо­пед­тен құлап, аяғын сындырып алған» деген сияқты оқиғалар.  Біздің компа­нияда турпакеттің ішінде осы сақтан­дыру мен ұшақ билеті қоса кіреді. 

Еске сала кетсек, жауапсыз туро­ператор­лардың кінәсінен шетел­дерде жатын орынсыз, қайтатын билетсіз қалған қазақстандық турис­тердің мәселесін шешу үшін 2016 жылы Қазақстан азаматтарының сыртқа шығу туризмі саласындағы құқық­тарына кепілдік беру жүйесі енгізілді. Ол «Ту­рис­тік қамқор» корпоративтік қорына жүктелген еді. Туроператорлар қормен шарт жасайды. Күтпеген жағдай болған кезде немесе туроператор банкроттыққа ұшыраған жағдайда, сол елде төңкеріс болса, әуежайда немесе ұшаққа қатысты оқыс жағдай болса, қор қазақстандық туристтерді шетелден әкелуді өз міндетін алады. Бұл мүмкіндік турист жолдамасы берілгенде тур кодпен қоса ұсынылады. Ал өз бетімен шетелге сапарлап жүрген­дерге ондай мүмкіндік берілмейді. 

Трэвел блогер Роза Есенқұлованың айтуынша, келесі ескеретін нәрсе – жеке базалық дәрі қобдишасы. 

«Бұл еліміздің ішінде сапарларға шық­қан жағдайда керек нәрсе. Қоб­ди­шада ыстық түсіретін, іш ауыруын баса­тын, аллергия және жөтел дәрілері, винт, спирт т.б. болуы тиіс. Осыларды да шетелге алып шығу керек. Жеке тағайындалған дәрілерді де ұмытпаған жөн», – дейді сарапшы. 

Сақтансаң сақтаймын...

Роза Есенқұлова туристің өзін қорғаудың бірінші тәсілі – сақтандыру, екіншісі – дәрі қобдишасы, үшіншісі – адамның барынша сақ әрі мұқият болып жүруі. 

 «Қазақта «Сақтанғанды сақтаймын» деген сөз бар ғой. Бөтен елге барар алдында сол елдің заңдарын, шетелдікке қойылатын талаптарын, қалалардағы тәртіп ереже­лер­ді алдын ала қарап, танысып алған­ның артықтығы жоқ. Қай жерде не іс­те­меу керек, қандай киім ки­меу керек деген се­кіл­ді. Туризм ком­паниясы арқылы барған жағдайда оны турагент түсіндіріп, ескертеді. Ал өз бетімен келгендерге ізденуге тура келеді», – дейді ол. 

Оның айтуынша, Тайландта жаға­жайда темекі шегуге болмайды. Оған айыппұл салады. Одан басқа да айып­пұлдар аз емес. Тәр­тіп сақшылары осын­дай шек­теу­лерді сақтамаса ұстап алып, қамап тастайтын жағдайлар да жеткілікті екен. Туризм саласының мама­ны алдын ала ізденіп, жағдайды зерделеп алуды ұсынады. 

«Қатар еліне аттанғанда ішімдік алып баруға болмайды. Duty Free-ден сатып алмау керек, жеке жүк арасына салуға да болмайды. Бұған берілетін жаза өте қатаң. Сондай-ақ қыз бен жігіт көшеде құшақтасып, сүйісуге болмайды. Екеуіне де айыппұл салыпты. Шри-Ланкада жүргізуші куәлігінсіз мопед тебуге болмайды. Вьетнам, Тайланд осындай талап бар. Алайда маусым кезінде турист көп, оны аса бір қадағалау жоқ, сондықтан көпшілік жүре береді. Өйткені мопед деген – туристердің кө­лігі. Алайда осыны білген жөн. Сол се­кілді Үндістанда, Гаода жүргізу құқығын беретін құжатты аса қатты тексермейді», – дейді Роза Есенқұлова. 

Біріккен Араб Әмірліктерінде де көшеде, қоғамдық көлікте, таксиде, жағажайда және басқа да қоғамдық орындарда ішімдік ішуге болмайды. Ішімдік тек лицензиясы бар, мейрамхана және клубтарда ғана рұқсат етілген. Оны бұзғандар қамалады немесе айыппұл салынады. 

Құшақтасып немесе сүйісуге бол­май­ды. Оған жаза қарастырылған не­месе кінәлілерді депортациялайды.

Туризм саласының маманы, халқы кедей елдерге барған кезде ұрлықтан сақтану керектігін баса айтты. Ол үшін ақша салған әмиянды, құ­жат­тарды сөмкеге не арқа­лай­тын қоржынға салуды ұсын­ды. Ең дұрысы, құжатты қонақ үй бөлмесіндегі не ресепшндегі сейфке қалдырып кеткен жөн. Немесе нөмірде қалатын шабаданға салып, аузын құлыптай салса да болады. Қалада жүргенде құжатты жоғалтып алуың мүмкін. Өйткені туристер экстре­мал­ды спортқа қатысып, парашютпен ұшады, сосын ішімдік ішіп жүріп жоғал­тып алуы да мүмкін. Бөтен елде құжатсыз қалсаң елге қайту, ұшаққа билет алу, билетің болса ұшаққа отыру мүмкін емес. Оның телнұсқасын немесе жеке басты куәландыратын құжатты алудың машақаты әркімге түсінікті шығар. Кейбір елдерде Қазақ­станның дипло­матиялық өкілдіктері жоқ екені белгілі. Сондықтан құжаттар мен үлкен сома­дағы ақшаны сенімді жерде сақтау ке­рек. 

«Қолма-қол ақшаны үш-төрт жерде бөліп ұстаған дұрыс. Бір бөлігін әмия­нда, бір бөлігін қалтада, бір бөлігін сейфке сақтаған жөн. Бір бөлігі ұрланса не жоғалса қалғанын жұмсай бересіз. Барлығы бір жерде жоғалса, өте қиын жағдайда қаласыз. Одан басқа ақша банк картасында сақталғаны жөн. Банк картасы бұғатталып қалса, қолма-қол ақша көмекке келеді. Ал қолма-қол ақ­шаны жоғалтып алсаң, картадағы қаржыны жұмсайсың», – дейді туризм саласынын маманы. 

Роза Есенқұлова біз жоғарыда айтқан оқыс жағдайлардың көбінде туристер сол елдегі құтқа­ру­шылардың айтқанын, ескертпесін тыңдамайтынын айтады.  «Ештеңе етпейді» деп ауа райы қолайсыз кезде шомылып, ескертуге қарамастан үлкен толқындардың арасына кіріп кетеді. Таиланд, Түркия, Шри-Ланкада ауа райы қолайсыз болса немесе шұғыл ескерту жарияланса, жағажайда қызыл жалау тұрады. Дауыл деп құтқарушылар да ескертіп тұрады. Соған қарамастан, кейбір туристер теңізге шомылады. «Суға түспе» десе түспеу керек. Сонымен қатар отельдерде кешке қарай бассейндер жа­бы­лады. «Түспе» деп айтады. Неге? Өйткені кешке бассейн суын тазартып, химиялық қоспамен өң­дей­ді. Шомылған жағдайда аллергия шығуы мүмкін. Мысалы, Түркияда бассейнді тазалап жатқан кезде туристер ішімдік ішкен күйі суға шомылған. Үстері бөртіп, аллергия шыққан. Тыңдамаған туристің өзі кінәлі», – дейді туризм саласының маманы. 

Оның кеңесіне құлақ түрсек, шетелде жүргенде сақ әрі ұстамды болу керек екен. Өйткені туристердің қызығу­шы­лығы жоғары, олар барлық жерге кіргісі, бәрін көргісі келеді. Сосын селфи жа­сай­мын деп жартасқа, биік нысандардың үстіне шығып алып, құлап мертігіп қалып жатады. 

Тағы бір ескерер жайт, хайуанаттар бағын аралағанда экзотикалық немесе жабайы аңдарға тамақ беруге болмайды. Арыстан, жолбарыс, аюдың торында «жақындауға тыйым салынады» деген жазуы бар тақтайша ілініп тұрады. Кейбір «аңдарды сипамаңыз» деп ескерту тұрады. «Соған қарамастан аңды сипамақ, ұстамақ болғандарды аң тістеп, қауып алады. Тіпті, жыртқыштың торына кіріп кеткендерді жеп қойған жағдайлар да кездескен», – дейді Роза Есенқұлова. 

Ол қазақстандықтар басқа елде кар­шеринг арқылы көлікті жалға алғанда сақ болуы керек екенін ескертті. Өйткені жол-көлік оқиғасына тап болатындар аз емес екен. «Басқа елде көлік тізгінде­генде абай болуы керек. Ол мемлекеттің жол ережесі Қазақстаннан өзгеше болуы мүмкін. Соны білмегендіктен тұрмайтын жерге көлігін қояды, бұрылмайтын жерден бұрылады. Тәртіп сақшысы оған айыппұл салады. Алайда кейбір елде жаза одан да ауыр болуы ықтимал», – деді ол. 

Қысқасы, шетелде демалуға аттан­ғанда ескеретін жайт адамның өзінің қауіпсіздігі басты орында тұрғаны жөн. Жеке бастың амандық-саулығы –  туроператордың немесе туристі қабыл­дайтын мемлекеттің міндетіне кіретін шығар, алайда ол өзіміз үшін қымбат. Сондықтан барынша сақ жүру, жеке заттар мен құжаттарға мұқият болуымыз керек. Сарапшы пікірі де осы ойымызды қуаттады. 

Жәнібек АМАНГЕЛДІ