Жетісуда суға, оның ішінде таза ауызсуға қатысты шу көп. Атауына қарағанда судан кенде болмауға тиісті аймақта жылдар бойы тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталып, қыруар қаржы жұмсалған мемлекеттік бағдарламалардың нақты нәтижесі болмай тұр.
Текеліліктер таза суға зәру
1,157
оқылды

Бір жерде су мұнарасы дұрыс салынбаса, енді бір ауылда тартылған құбырлар пайдалануға берілген сәттен тесіліп жатыр. Тағы бір елді мекенде су мол болғанымен, оны тазарту жүйесі жұмыс істемейді. Соңғы жылдардағы құрғақшылық та етектен тартып, онсыз да сусап отырған жұрттың кенезесі әбден кеуіп бітті. 

Басқа-басқа, асқар таулардың қойнауында орналасқан, ортасын қақ жарып қос өзен: Қора мен Шажа арқырап ағатын, сай-саласында мөлдір бұлақтар бұрқырап жататын Текелідегі тұрғындар таза ауызсудан тарығып отырғаны ішіңді ашытады. Бұрын көктем мен күзде, жауын-шашынды кездерде сулары лайланып кететіндіктен дабыл қағатын текеліліктер кейінгі жылдары сол лай судың өзіне зар болып қалатын жағдайға жеткен. Атқарушы биліктегілер халықтың шыдамы шегіне жетіп, дабылдатып, көшеге шығуға таяп қалғанда барып, бұқараның «бұрқылына» назар аударады. Жиналған халықты  тыңдайды да, кезекті уәдені үйіп-төгеді. «Ұңғымалар қазып жатырмыз. Бірнешеуі дайын болып қалды. Мемлекеттік сараптаманы күтіп отырмыз. Құбырлар мен бұрмаларды ауыстыруға осынша қаржы бөлінді. Барлығы жөнделеді, таза суға қарық болар күн жақын қалды» деп жауырды жаба тоқитын, өтірікті шындай, ақсақты тыңдай ететін жаттанды жауаптармен жұрттың ашуын басады, сабасына түсіреді. Кезекті рет үмітін үкілегендер арада апталар өткенде қайтадан атқа мінеді. 

Осылайша, Қазақстандағы ең көрікті жерлердің біріне баланатын Текелі қаласының тұрғындары қара суға зар болып, ерні кезеріп, қаланың бірнеше жеріндегі бұлақта кезекке тұрады. Одан қалса, дүкендерден сатып ішіп, қалталарына салмақ салып, бюджетінің бүйірін солдыруда. Әсіресе,  күн қатты ысығанда тау басындағы мұздықтар күрт ериді де орталықтандырылған ауызсу жүйесіндегі Қора мен Шажа өзенінен келетін су ішуге мүлде жарамсыз болып қалады. Жауын-шашынды  кездеріндегі жағдай да тура солай. Халық құдайдың күнінің ауанын бақылап, аспанға қарап, жұлдыздарды  санауға мәжбүр. Ал жергілікті атқарушы билік өкілдері табиғаттың тосын мінезінен ғана емес, жылдарға созылған жауапсыздық пен немқұрайдылық кесірінен туындайтын  олқылықты болдырмау үшін бюджеттен 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп, қалаға артезиан суын тарту жұмыстары басталғанын айтқалы да біраз болды. Бірнеше ұңғыманың дайын болғаны жайлы былтыр күзде сүйіншілеген. Бірақ «баяғы жартас –  сол жартас», мәселе сол шешілмеген күйінде қалыпты.  

Қазір қаладағы бұлақтар басында адам көп. Кейбірі жаяу, кейбірі көлігімен келіп, үйіне су алып кетіп жатады. Кейде ұзын-сонар  кезек те пайда болады. Өйткені үйіне құбыр арқылы келіп тұрған орталықтандырылған судың сапасы тағы да бұзылған. 

«Судың жоғы әбден қажытты. Көпқабатты үйде тұрғанымызды қайтейік. Күннің райына қарап, үнемі алаңдаймыз да жүреміз. Күн қатты ысыса, жауын-шашын жиілесе, таза судан тарығамыз да қаламыз. Ішуді былай қойғанда, кір жууға жарамайды. Бір кездегі шахталардан шыққан қалдықтар да сол қалпы,  тау-тау болып үйіліп жатыр. Экологтер жиі-жиі дабыл қағып, қалдықтарды өңдеу,  тазалау керегін, желмен мүжіліп, сумен шайылып, шөгіп бара жатқан қалдықтар түбі қалаға қауіп төндіретінін айтады. Одан да қорқамыз. Осыдан бірнеше жыл бұрын ол жерді реттеу қолға алынған еді. Басталуынан,  тоқтауы тез болды. Енді, міне осы қауіпке соңғы жылдары ауызсудың азабы қосылды. Денсаулығымыз үшін алаңдаймыз», –  дейді текелілік С. Қайраңбаев. 

Қала тұрғыны Надия Құдиярованың айтуына қарағанда,  ауызсудың нашарлығы сондай, үйдегі кір жуғыш машинаның өзі қоймалжың судың сапасыздығынан жиі-жиі істен шығып қалады екен.  

Текеліліктер  тәулігіне 12 мың текше метр ауызсу тұтынады. Қалада тәуліктік қуаттылығы 28 мың текше метр болатын сүзгі стансасы жұмыс істейді. Қазіргі кезге дейін  4 ұңғыма бұрғыланып, бүгінде сол ұңғымалардан инженерлік желілерді тарту жобасы жүзеге асырылып жатқан көрінеді. «Көрінеді» деп отырғанымыз, мұндай әңгіме былтыр да айтылған болатын. Жалпы, Текеліні таза ауызсумен қамтуға қыруар қаражат қарастырылған. Соның ішінде 993 млн теңге сыйымдылығы 6 000 текше метр болатын екі су сақтау қоймасының құрылысына бөлініпті.  

Текелі қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Ғалым  Қызылбаевтың айтуынша, қалаға су  15 шақырым жерден жеткізіледі. Қазір құрылысы жүріп жатқан екі су қойманың әрқайсысының сыйымдылығы  3 мың текше метрге жетеді. Ойға алғандар жоспарға сай орындалса, осы су қоймаларындағы таза су диаметрі  400 сантиметр болатын  құбырмен қалаға жеткізіледі.  Су қоймалары алдағы қазанда  пайдалануға беріледі. Дегенмен  бұл жоба да  ауызсу мәселесін түбегейлі шеше алмайды. Өйткені кеншілер қаласындағы ауызсу құбыры желілерінің 80 пайыздан астамы әбден ескіріп, тозған. Қай кезде, қанша көлемде істен шығатынын  ешкім тап басып айта алмайды. Су қоймалары іске қосылып, диаметрі 400 сантиметрлік құбырмен су келетін болса,  су қысымы артады. Тозығы жеткен құбырлар соған шыдас бере қоя ма деген сауал да мазалайды жұртты.  Қазір барлық шағынаудандағы ескірген су құбырларын толық ауыстыру бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп жатыр.

Болат АБАҒАН, 

Жетісу облысы