Соңғы екі күннің өзінде жол апаты 10 адамның өмірін қиып отыр.
Атырауда жыл басынан бері 38 адам жол апатынан көз жұмды
1,232
оқылды

Қайғылы жағдайдың жиілеуіне байланысты бүгін Атырау облысының Полиция департаменті басшысы Нұрхат Оразбаев үндеу жариялады. 

«Облыс аумағында жыл басынан бері тасжолдарда 130-дан астам жол апаты орын алып, салдарынан 38 адам көз жұмды. 170-тен аса адам әртүрлі дене жарақатын алды. Осы жол-көлік оқиғаларының барлығы да көлік жүргізушілерінің жолаушылардың өміріне деген салғырт қарауынан туындап отыр», – деп атап өтті Атырау облысының бас полицейі Нұрхат Оразбаев.

Мәселен, 17 маусым күні республикалық маңызы бар «Доссор-Құлсары-Бейнеу» тасжолында  «Toyota Camry» және «Lada Priora» автокөліктерінің соқтығысуы салдарынан, 4 адам опат болған еді.

Тағы бір ірі жол апаты 18 маусым күні тіркеліп, «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» тасжолында  «Lada Priora» көлігі автобуспен соқтығысып, салдарынан бүтін бір жанұя көз жұмды.

«Тасжолдарда орын алған жол апаттарының барлығы адами фактордан болатындығы анық. Яғни, көлік жүргізушілері белгіленген жылдамдықты шамадан тыс асырып, басқару жүйесінде ұялы телефон қолдануы, маневр талаптарын бұзуы, балаларды арнайы ұстау құрылғысыз тасымалдауы сияқты жағдайлар салдарынан жол апаттары жиі орын алуда.

Жол апаттарын үнемі жасауға негізгі фактор қала мен аудан орталығында жолаушылар тасымалымен айналысатын заңсыз такси қызметі.

Осы заңсыз такси қызметінің алдын алу мақсатында полиция департаменті құзырлы мекемелерге ауданмен қала аралығына автобус көлігін шығаруды ұсынған еді.

Сол ұсыныс негізінде қазіргі уақытта облыстың көптеген аудан орталықтарынан үздіксіз автобустар белгіленген уақытпен қатынауда", – деп атап өтті Нұрхат Оразбаев.

Атырау облысының бас полицейінің айтуынша, автобус көлігінің адам өміріне әлдеқайда қауіпсіз.

Сондықтан да, жол апатының алдын алуға жүргізуші де, жолаушы да жауапкершілікпен қарауы тиіс.

Баян Жанұзақова