Жалпы Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жиынның палата бюросы ұсынған бес мәселе қаралды.
Жылу энергетикасы саласында кілтипан көп
620
оқылды

Мәжілістің кешегі өткен жалпы отырысында ең көп талқыланған мәселе Жоғары аудиторлық палата төрайымының жылумен жабдықтау саласына жасалған мемлекеттік аудит туралы есебі болды. Елімізде шатқаяқтап тұрған бұл сала сын көтермейтіні рас.

Олар – процестік заңнаманы жетілдіру, адво­каттық қызмет және заң көмегін көрсету, дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі шешу, жайылымдарды пайдалану, Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы және т.б. Ал Наталья Годунованың есебін талқыға салу барысында депутаттар осы тақырып бойынша шақыртылған 19 адамға сын айтып, сұрақтарын қойды. Олардың арасында Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарма төрағасы, Ұлттық экономика, Энергетика, Ішкі істер, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінің, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің, «Байтерек» Ұлттық басқарушы холдингінің», «Қазақстан Тұрғын үй компания­сының», Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облысы және Астана қаласы әкімдіктерінің өкілдері бар. Жоғары аудиторлық палата Мемлекет басшысының тапсырмасына орай 47 мемлекеттік мекемеде және 44 табиғи монополия субъектісінде аудит жүргізген екен. 140 млрд теңгеден астам бюджет қаражатының және 480 млрд теңге активтердің пайдаланылу тиімділігін тексер­ген. Нәтижесінде, 23 млрд теңгеге қаржылық заң­бұзу­шы­лықтар, 37 млрд теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау, 117 млрд теңгеге эко­номикалық шығындар және қолдан сусыған пайда анықталған.

«Жалпы, 2020-2022 жылдар аралығында жылумен жабдықтау объектілерін салуға, реконс­трукциялауға және жөндеуге 250 млрд теңге, соның ішінде республикалық бюджеттен 84 млрд теңге бөлінген. Алайда бүгінде бұл ресурстардың аз болуы жылу-энергетикалық жүйенің қажетті «берік қорын» және апатсыз жұмыс істеуін қамтамасыз ете алмайтыны бәріне түсінікті. Бұған жылу электр орталықтарының негізгі жабдықтарының орта есеппен еліміз бойынша 66%-ының әбден тозуы және жылу желілерінің орта есеппен 54%-ының тозуы дәлел бола алады. Жылу электр орталық­тарының жалпы санының 76%-ы – 50 жылдан астам, 24%-ы – 30 жылдан астам пайдаланылып ке­леді. Жылу электр орталықтарының орташа қызмет ету мерзімі – 61 жыл. Апатсыз тоқтаулардың саны да жыл сайын артып келеді. Тек 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда олардың саны 22%-ға өскен. Шығарындылар мен жылу ысырабының деңгейі жоғары екені байқалады. Ол жылуды тасымалдау және тарату кезеңінде 18-42%-ды құрайды. Мемлекеттік комиссия тапсырмасы бойынша Энергетика министрлігі барлық объектіге техникалық аудит жүргізді», – дейді Жоғары аудиторлық палата төрайымы Наталья Годунова.

Бас аудитор осы саладағы жүйелі проблемалар туралы тоқталып өтті. Оның бірі – Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың іс-қимыл жоспарларының өзара үйлеспеуі және жылу энергетикасын дамытуда жүйелі тәсілдің болмауы. Саланы мемлекеттік реттеуді бірнеше мемлекеттік органдар – Энергетика, Ұлттық экономика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері және әкімдіктер жүзеге асырады. Жылу энергетикасын және жылумен жабдықтау саласындағы қатынастардың барлық жиынтығын реттеу үшін қазірге дейін толыққанды құқықтық негіз жоқ. Осы ретте Жоғары аудиторлық палата енді қабылданатын жаңа заң жобасына үміт артып отыр. Тексерушілер саланың автоматтан­дырылмағанын және цифрландырылмағанын сынға алып: «ол жылумен жабдықтау жүйелерінің техни­калық жай-күйі туралы толық көріністі анықтауға мүмкіндік берер еді», – дейді. Мұндағы мәселенің шешімі ретінде олар «жылу энергетикасын реттеу саласындағы функцияларды бір мемлекеттік орган­да орталықтандыру» жолын ұсынып отыр. Сондай-ақ энергетикалық бақылаудың тиісті жүйесінің жоқтығы, тарифтік реттеудің, соның ішінде инвестициялық бағдарламаларды іске асырудың нашарлығы, табиғи монополиялардың жеке субъек­тілері жүзеге асыратын сатып алулардың ашық болмауы, инвестициялық жобаларды сапасыз жобалау және іске асыру, білікті кадрлардың аралас салаларға күрт ауысып кетуі жайы жан-жақты баян­далды.

Сондай-ақ бұл жолғы жалпы отырыстың да тегеуірінді тұсы – депутаттық сауалдар болды. «AMANAT» фракциясының мүшелері көтерген мәселелердің басым дені әлеуметтік сипатта болды. Мәселен, депутат Ә.Жұбанов Бас Прокурорға жолдаған сауалында ұзындығы 277 шақырым болатын «Атырау –Астрахан» тасжолының құры­лысын көтерді. 2019 жылы басталып, жоспар бо­йынша 2021 жылы бітуі тиіс жолдың құрылысы өте жәй жүруде. Депутат Д.Мұқаев балалар демалыс лагері жайына назар аудартты.

«Бүгінде пайда табудың негізге көзіне айналған лагерьлердің ұйымдастырушылары кім, лагерьдің идеясы қандай, қандай бағдарламаны қамтитыны ешкімді қызықтыра бермейді. Себебі қазір лагерь ашу үшін тек Төтенше жағдайлар департаменті мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқар­масынана рұқсат алу ғана жеткілікті. Сонымен қатар лагерь жұмысын бірыңғай реттейтін заң нор­масы және стандарттар енгізілмеген. Мемле­кеттік мекеме тарапынан нақты бақылау болма­ғандықтан, кей ата-аналар балаларына лагерь іздеп шетел асыру жағдайлары да кездесіп жатыр. Ел болашағын ойлайтын отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеу үшін оларға барынша жағдай жасау – біздің басты міндетіміз», – дейді ол.

Одан бөлек, Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға жолдаған екі депутаттық сауалда аманаттықтар, бірі – Ұлытау облысының медицина саласындағы түйткілге толы проб­лемаларды, екіншісі – еліміздегі туберкулез ауруына қатысты кейбір жайттарды қозғады. Ал Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов жалпы отырыстағы мәселелерді аралық қорытындылау кезінде ведомстволардың жауапкершілігі мәселесіне назар аудартты. Мәселен, мемлекеттік реттеуді бірнеше орган жүзеге асыратындықтан, күрделі жағдай туындағанда нақты жауапты инстанция болмай түрлі қиындықтар тудырады. Палата Спикері осы мәселені күн тәртібіне шығарып, заңнамамен бекіту мәселесін көтеруге шақырды.

Нұрлан ҚОСАЙ