Кенесары Қасымұлы – бар қазаққа ортақ ірі тарихи тұлға.
Кенесары есімі қай қалаға да лайықты – Жамбыл Артықбаев
838
оқылды

Өңірдегі ең ірі  кент Кеңес дәуірінде тіпті картада да болмаған. Өйткені онда 30 жыл бойы Ресейдің ракеталық дивизиясы орналасып, құпия сақталған. Тәуелсіздік алғаннан бері жергілікті халықтың тілегі  қалаға  қазақтың соңғы ханы  Кенесарының атын беру болатын. Күні кеше Ақмола облысының шалғай аймақтарының бірі – Жарқайың ауданының орталығы Державинск қаласын Кенесары ханның есіміне өзгерту ұсынылды. Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен жиынға жалпы саны 325 адам қатысқан. Жиын қорытындысында қаланың Кенесары аталуына 192 адам қолдап дауыс берсе, 125 адам қарсы дауыс берген. Қалың қазақтың соңғы ханы – Кененің есімі дәл осы қалаға бұйыруының да нақты себептері бар болып шықты. Осыған орай біз топонимик, профессор Жамбыл Артықбаевқа сауал тастаған едік.
– Кенесары ханның есімі Жарқайың ауданының орталығына ұсынылды. Жар­қайыңның тарихы қандай?
– Кенесары Қасымұлы – бар қазаққа ортақ ірі тарихи тұлға. Оның есімін елі­міздің қай өлкесіне қойса да жарасады. Бірақ бұл бақ жарқайыңдықтарға бұйыр­ды. Тұрғындар, осыншама қиын­дықпен келген жеңісті ешқашан ұмыт­пағаны жөн.  Қазақ хандығының соңғы ханының ұлттың азаттығы жолындағы 1837-1847 жыл­дарда­ғы күрескерлік та­рихында дәл осы Жар­қайың өлкесінің ерекше орны бар. Жердің шалғайлығына, Торғай мен Ақмола об­лыстары арасындағы тағдырына байла­нысты бұл өлкенің тарихы әлі зерттелген жоқ. Қазақ хал­қының ауыз әдебиетінде және тарихи шежіресінде бұл жерді «Жар­қайың ағаш» деп те атайды. Бұл жерде көне заманның қорғандары мен жұмбақ құ­рылыстары, ортағасырлық қалалар мен қоныстары мол. Оның көне тарихын Барын (Бараң) көл маңындағы «Алып» аталатын ес­керткіштерден де сезуге бо­лады. Бұл – бірнеше жүз метрге созылған то­пырақтан үйілген жал. Жалпы сипаты қола дәуі­рінде пайда болған «Торғай геоглиф­­теріне» келеді. Жар­қайың ор­тағасырлық тарихи жазбаларда, соның ішінде Әмір Темірдің Алтын Ордаға жорықтарын баяндайтын «Зафар наме» сияқты кітап­тарда аталады.

–  Ортағасырлық әрі Қазақ хандығы тұсындағы тарихи атауларға бай Жарқайың ауданының орталығына Державинск атауы қалай берілді?
–Тарихи тұрғыдан Жарқайың тағды­рына соңғы араша түскен адам ретінде Кенесары ханды атауға болады. Даңқты хан өзінің Ресей патшасына жазған хатында Жарқайыңды «атам Абылай хан­нан қалған құт мекенім» дейді. Кенесары патша үкіметіне жазған хаттарында Жарқайыңды қазақ жеріндегі ең танымал, шаруашылығына ең қажет аймақтармен қатар атайды. Сол кездегі мұжықтарға берілген жер өлшемдері тір­келген құжат­тардағы орыс деревнясы ор­ныққан учас­кенің бұл аты «Чалак-Талдык-Кенский» түрінде кездеседі (Справочные сведения о переселенческих селениях и участках Акмолинского переселенческого района. Омск. 1911. С.502). Кейін келе село­лық сходта «Державинское» атауын таңдаған. Бұл өңірде тың игеру науқаны кезінде 1955 жылы оңтүстік батысында Қостанай об­лысымен, солтүстігінде Есіл, шығы­сында Жақсы, Атбасар аудандарымен шектесетін Жарқайың әкімшілік ауданы ұйым­дастырылып, ауданның орталығына билік әуелде «Шолақ талды Кен» атымен белгілі Державинск ауылын таңдаған. Міне, Есіл бойындағы елді мекеннің бұл шағын ғана анықтамасы.

– Жарқайың өлкесінде тарихи атау­лардың арналы Есіл өзенімен қандай бай­ланысы бар?
– Жарқайың ауданының терри­ториясын араласаңыз, Есілдің Шолақ талды Кен немесе Кен, Сандық су сияқты бірнеше саласын кездестіресіз. Ортаға­сырлық қалалар мен бекіністер Есілдің ұзына бойында орналасқан. Кейін келіп олардың үстінен Ресейдің әскери бекініс­тері мен қоныстары түсті. Ресейлік қоныс аударушылар 1908 жылы келіп, Кең өзенінің Есілге құяр тұсындағы құнарлы өңірге келіп қоныстана бастаған. Есіл қазақ жерінен өз бастауын алып Ертіс арқылы Солтүстік мұзды мұхитқа тартады. Сарыарқаны бір көрген адам оның қасиеті осы Есілмен қадірлі екенін біледі. Оның ұзындығы екі мың шақырымнан астам. Ерте кезде Есілдің суы арнасынан асып-тасып жатқанын, жағасы тоғай, көк шал­ғын болғанын қазақтың ауыз әдебиетінен білеміз. Кенесары ханның жанында болған Досқожа жырау көтерілісшілер Сарыар­қадан Жетісуға қарай ауғанда:
– Бұл қоныстан кеткен соң,
Көреміз бе, дүние-ай,
Мына жатқан Есілдің,
Көк орай тартқан өзенін ?! – деп жылап қоштасатын өзені де дәл осы Есіл. Осындай себептерге байланысты Есілдің ұзын-
ыр­ғасындағы әрбір жары мен саласы, тоғайы мен шілігі, ежелден қазақтың қоныс сал­ған қыстаулары мен өткелдері халықтың жадында жақсы сақталған.

– Кенесары ханның есімі басқа қалаға емес, дәл осы Жарқайың ауданының орталығы  Державинскіге ұсынылуына не себеп болды?
– Есілге Сандық су құятын тұста, қа­зіргі аудан орталығына жақын Ор (Ор­көшегі) атанған қалашық болғаны белгілі. 1830 жылдары Кенесарыға қарсы салынған Жарқайың қорғаны бұрынғы Ор қала­сының үстіне салынған. Кенесарымен соғыс кезінде Ресей үкіметіне қыр өңіріне бақылау жасауға ыңғайлы және өзіне де қорғанысқа қолайлы жерде бекініс керек болды. Бұл бекініс Н.Красовскийдің «Область Сибирских киргизов» атты үш томдық еңбегінде және Л.Мейердің «Киргизская степь Оренбургского ве­домства» атты жазбасының соңындағы картада «Джаргаинь» деп көрсетілген. Кейбір ресейлік карталарда қазақи ретпен «Жарғайын ағаш» деп көрсетіледі. Бұл көне қалашық Шолақсандық ауылынан 3-4 шақырым жерде. Жарқайың маңын­дағы «Солдат түбегі» аталатын жер атауы­ның тарихын жергілікті қариялар Кене­сарымен байланыстырады. Ол әңгімелерде бірде Наурызбай төре, бірде Ағыбай ба­тырдың аты аталады. Ресей құжаттарының ішінде «Кенесары погнался за отрядом Горского и настиг его близ урочища Жер­гаина, где и окружил. Горский едва не попался в плен. Но к своему счастью, он получил помощь, и Кенесары был отражен. Преследуя подполковника Горского Кенесары убил 4 казаков, 4 человека были взяты в плен и отбил 800 лошадей обратно» деген дерек бар. Бұдан шығатын қоры­тынды Горский отряды қазақ ауылдарына жазалау экспедициясын жасап, жылқысын айдап келе жатқанда Кенесары қуғынына ұшыраған. Бұл – 1840 жылы болған оқиға. Хан Кенені бұл жерден ығыстыру үшін Ресей Ор қаласының үстінен, Сандық судың Есілге құяр сағасынан әскери бе­кініс сала бастады. Бұл бекініс қазақ шаруашылығы үшін ауыр соққы болды. Қазақ жері қан­шалықты ұлан-ғайыр болғанымен, оның қыс қыстауға қолайлы жерлері онша көп емес. Кез келген мал өсірген адам өзінің шаруашылығы үшін қыстың суық желінен қорғау болатын, шөбі шүйгін, суы мол жерді іздейді. Сол себепті де әуел бастан бұл өлкені қысқы қоныс ретінде пайдаланған Кенесары ханның еліне Жарқайың үшін күрес ауыр жүрді. Ермұхан Бекмахановтың «Казахстан в 20-40-х годах ХІХ в.» кіта­бында Кенесары ханның азаттық күресіне қатысты Жар­қайың өңірі бірнеше рет аталады. Мысалы «Есіл жағасындағы Көкалажар қамалын Кене­сары әскері қоршауға алғанда гар­ни­зондағылар кө­терілісшілерді жақын­датпай ұзақ атысады. Сонда Иман батыр кішігірім тобымен байқатпай барып, қамалдың сыртынан соққы беріп, оған басып кіреді» деп си­паттаған оқиғасы осы Жарқайыңға бай­ланысты. Бұл жер Шола­қсандықтың маңындағы Қоғалы жар Е.Бекмахановтың кітабында «Көкала жар» деген атпен жүр. Қазақ жерінде Көкала жар деген де топоним бар, Ол Есіл емес, Сарысудың орта ағысында. Әли Шарафаддиннің 1391 жылы жазып қал­дырған жорық күнделі­гінде: «Ұлытаудан шығып, Есілге құлап, Жарқайың бекінісіне келдік» делінеді. Осы сияқты ақпараттардан шығатын қоры­тынды біреу: Жарқайың оңтүстік пен сол­түстік арасындағы Ұлы меридиан жолының бойында орналасқан құт мекен, яғни Жарқайың елі Ұлытау арқылы Сыр бойы­мен, Түркістан өңірімен байланысып жатыр. Екіншіден, күнгейден шыққан керуендер Жарқайың арқылы Еділ-Жайық бойына, одан да әрі аймақтарға өтеді. Міне, Жарқайыңның Кенесары хан жаз­ғандай қазақ жеріндегі ең айтулы қоныстың бірі болуы осы себепті. Міне, дәл осы тарихи деректерді негізге алсақ, Жарқайың ауданы орталығына Кенесары хан атауы өзінен өзі сұранып тұр. Осы атауды таң­даған азаматтарға жақсы тілектер айттық. Жол мәселесі, яғни логистика қашанда есте болғаны жөн. Экономикасы дамыған елдің руханияты да көштен қалмауы керек. Енді аудан Кенесары хан атына лайық еке­нін дәлелдеу керек, бұл аудан орталығының атын өзгертуден гөрі қиынырақ.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы

фото: qazaqtimes.com