Түркістан облысында Наурыз мейрамы 12 күн тойланбақ
Түркістан облысында Наурыз мейрамы 12 күн тойланбақ
© inform.kz
525
оқылды
Түркістанда Ұлыстың Ұлы күніне арналған мерекелік іс-шаралар 14 наурыз күні басталады. Киелі мекенде «Этноауыл» бой көтеріп, Наурыз мейрамын 12 күн бойы тойлау жоспарлануда. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалық етуімен апталық лездеме отырысында талқыланды, - деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі. Шаһарда дәстүрлі ұлттық ойындар (көкпар, аударыспақ, күрес, қыз қуу, алтыбақан, тең көтеру, т.б.) өтеді. Түркістан төрінде азулы ақындар аламан айтыста бас қосады. Елімізге танымал жұлдыздардың концерттік бағдарламалары, сан алуан байқаулар мен фестиваль, сайыстар ұйымдастырылады. Жиында баяндама жасаған Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың мәлімдеуінше, биыл өңірде 825,4 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Пленка астында егу технологиясын қолдана отырып жылына 2-3 рет өнім алу әдісі енгізілген Түркістан өңірінде шаруалар қыстың ортасында егін егіп, ерте көктемде өнім алады. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті 37 мың тонна арзандатылған жанармай бөлініп, жер айдау жұмыстары 96% орындалған. Облыстағы егістік алқаптарын цифрландыру бойынша электрондық картасы әзірленуде. Жиында бұл істің кей аудандарда ақсап тұрғаны сынға алынды. Сондай-ақ, басқарма басшысы ветеринариялық бақылаудың облыстық атқарушы органның құзыретіне өтуіне байланысты жүзеге асып жатқан бірқатар оң өзгерістер жайлы баяндады. Отырыста жыл сайын жүзеге асырылатын зиянкестерден келетін қауіптің алдын алу бойынша жұмыстар талқыланды. Биыл облыстағы 170 мыңнан астам гектар жерге химиялық өңдеу жоспарланған. Фито санитар мамандар аса қауіпті саналатын Марокко шегірткесінің қауіпті ошақтары анықтап, қанаттылармен күреске дайын отыр. Апталық лездеме отырысында Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов шаһардың даму бағыттарын баяндады. Бүгінде қалада Әкімшілік-іскерлік орталық аумағында 7 қабатты 14 тұрғын үйдің, 12 қабатты 40 тұрғын үйдің, ал «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тасжолының бойында7 қабатты 10 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Құрылыс алаңына 627 жұмысшы тартылған. Бұған қоса, Әкімшілік-іскерлік орталық аумағынан жеке құрылыс компаниясы өз қаражаты есебінен 12 қабатты 32 тұрғын үйдің құрылысын жүрізуде. Кей құрылыс аумағында істің кенжелеп қалғанын қатаң сынға алған Өмірзақ Естайұлы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.