Денсаулық сақтау жүйесінің негізгі міндеттерінің бірі – мүмкіндігі шектеулі балаларды медициналық және әлеуметтік оңалту.
Алматылық өнертапқыштар мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелерін шешті
1,175
оқылды

Соңғы жылдары біздің елімізде балалар мүгедектігінің өсу үрдісі байқалады. Барлық балалар мүгедектігінің шамамен бестен бір бөлігі жүйке жүйесінің ауруларымен қалыптасады. Оның 50%-дан астамы балалардың церебральды сал ауруы – балалар неврологиясының ең өзекті мәселелерінің бірі.

Церебральды сал ауруы (ДЦП) – балалар арасындағы ең ауыр сырқаттың бірі. Бұл дерт қозғалысты түзетудің тұрақты оңалту әдістерін, психологиялық-педагогикалық және әлеуметтік көмекті қажет етеді. Тұрақты оңалту шаралары  науқас баланың отбасы үшін үлкен ауыртпалық болып табылады.

Еліміздің дарынды жастары бұл мәселеге өз үлесін қосты. Алматылық Junior Lab робототехника мектебінің негізін қалаушылары Ибраһһим Тлектес пен Вадим Гайфуллиннің айтуынша, олардың басты мақсаты – Қазақстанның техникалық білімін дамыту және сол арқылы бірқатар мәселелерді шешу.

– Біз балаларға робототехниканың барлық қыр-сырын оқытамыз. Осы салаға байланысты жарыстарға қатысамыз. Оларға оқушыларымыз да, оқытушыларымыз да мектеп құрылтайшыларымен бірге қатысады. Сондықтан біз мүгедек адамдардың өмірін жеңілдету үшін 72 сағат ішінде өнертабыстар жасалатын алаң Makeathon Almaty 2023 жобасына тіркеліп, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесе алдық, – дейді Ибраһһим Тлектес.

Junior Lab мектебінің сәтті жобасының бірі – жеке өлшеммен жасалған модернизацияланған арба.

– Бұл – арбаны тиімді көлік құралына айналдыратын жоба.  Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған өнертабыстың негізі – жайлылық, қауіпсіздік, ыңғайлылық. Бұл құрылғыны жасау барысында біраз қиындықтар болды. Арбаны жеке өлшемдерге дәл келетіндей етіп жасау керек. Себебі өлшемнен қателік кетсе, арбаның аударылып қалу қаупі бар. Сондықтан барлық бөліктерін мықтап бекіту қажет, – деп атап өтті робототехника мектебінің негізін қалаушы Ибраһһим Тлектес.

Бір қызығы – отандық нарықтағы ерекше жандарға арналған арбалардың құны 200 000 теңгеден басталса, Junior Lab мектебінің өнертапқыштары жасаған арбаның өзіндік құны 50 000 теңгеден аспайды. Ал жеке өлшеммен дайындалатын арбаның жасалуына 72 сағат кеткен екен.

Ибраһһим Тлектестің айтуынша, олар демеуші іздеуді бастамаған. Ал алғашқы модернизацияланған арба өз иесін тапқан.

– Біз бұл арбаны церебральды сал ауруы диагнозы қойылған 5 жасар қыздың анасының өтініші бойынша жасадық. Бүгінде демеуші іздеуге кіріскен жоқпыз, өйткені қазір балаларды оқытуды көздеп отырмыз.

Junior Lab мектебінің өнертабыстары мұнымен аяқталған жоқ. Жас таланттар мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған артқы жағы автоматты түрде көтерілетін кереует  те ойлап тапты.

– Құрылғының өзі өте қарапайым. Кереуеттің ішінде көтеру механизмі бар металл жақтау орнатылған. Көтеру процесі сызықтық жетек (линейный привод) пен бірнеше топсаның көмегімен жүзеге асырылады. Кереуеттің сыртында сәндік ағаш тақталары бар. Сондай-ақ 2 бөліктен тұратын кокос жоңқаларынан (стружка) арнайы матрац жасадық. Бұл оның оңай бүгілуіне мүмкіндік береді, – деп Вадим Гайфуллин өнертабыстың механизмін түсіндірді.

Отандық өнімнің ерекшелігі – оның бағасында. Вадим Гайфуллиннің айтуынша, мұндай құрылғының нарықтағы бағасы 5-8 млн теңге болса, бұл өнертабыстың өзіндік құны – 150 000 теңге.

– Неге мұндай баға десеңіз, біз әр бөлшекке жеке-жеке тапсырыс бердік: қозғалтқыш, бөлшектер тақтасы, жақтау және матрацты да біз тапсырыс бойынша жасадық. Мұның бәрі өте тиімді. Бөлшектерді көбірек сатып алып, жұмыстың көп бөлігін өзіміз істесек, құрылғының құнын одан да төмендетуге болады. Яғни, біз өзіміз неғұрлым көп жасасақ, баға соғұрлым төмен болады. Біз шетелде жасайтын кейбір құрылғыларды алып, осында өзіміз істейміз. Бұл тақырыпты насихаттауға тырысамыз. Өйткені біз отандық технологияның болашағына  сенеміз.

Өнертапқыштар аталмыш құрылғыны да жасауға 72 сағат кеткенін айтты.

– Біз мұндай кереуетті бірінші рет жасадық. Егер осындай құрылғыны тағы жасау керек болса, жарты күнде жасап бітірер едік деп ойлаймын, – деді Вадим Гайфуллин.

Жас таланттар демеуші іздемегенімен, алдағы уақытта осы жобаларды нарыққа шығаруды көздеп отыр.

Асемай МАКУОВА